• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Мамыр, 2020

Волонтерлер ұстанымы берік

754 рет
көрсетілді

Өткен жылы облыс орталығында ашылған «Волонтерлер үйінде» қазір 9 волонтерлер ұйымы құрылып, жұмыс жасауда. Өңірде 10 мыңнан астам волонтер жастар бар. «Шала туған сәбилерге көмек клубы», «Vita» іздестіру тобы, «Әлеуметтік-волонтерлік орталығы», «Мейірімділер клубы», «Павлодарлық волонтерлер клубы» белсенді істерімен танылуда.

– ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месінде біздің облыстан 200-ге жуық волонтер қатысқанын мақтан етеміз. Арамызда Фархат Мақышев, Жанна Тасыбаева, Яна Ивлева сияқты «Үздік волонтерлер» де бар. Бізде «Волонтер кодексі» бар. Кодексте волонтерлерге қойылатын талаптар мен олардың жеке басының құқығын қорғау мәселелері қарастырылған. Волонтердің ең бірінші ережесі – еркін түрде қолұшын беру. Жоғары оқу орындарында, колледждерде 20-дан астам волонтерлер ұйымы бар. Оның үшеуі «Қазақстан алюминий зауыты» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Кастинг» ЖШС кәсіпорындарында құрылған. Біз әрбір ісіне немқұрайлы қарамай, жауапкершілікті сезінетін жастарды қатарымызға қосылуға шақырамыз, – дейді «Волонтерлерді даярлау ұйы­мының» көшбасшысы, «Үздік волонтер» атағын алған Аяжан Құрманова.

Аяжан айтқандай, әрбір ісіне нем­құрайлы қарамайтын, жауапкер­шілікті сезінетін жастар елдегі төтенше жағдай кезінде де белсенділік көрсетуде. Өңірде құрылған волонтерлер ұйымдары карантинге жабылған үйлер мен блок-бекеттерде, ауруханалар мен зертханалар қызметкерлеріне көмекке бірінші болып жетті. Күн сайын ыстық тамақ жеткізуде. Волонтер жастар бірлесіп аз қамтамасыз етілген, жалғызбасты, жетім балалар, карантин кезінде жұмысынан айырылған тұр­ғындарға азық-түлік себеттерін үлестірген.

– Қазір 21 миллион 691 мың теңгенің азық-түлігін таратып үлгердік. Бұл қайырымдылық ісіне қарапайым халық пен кәсіпкерлер көмекке келді, – дейді облыс орталығындағы «Волонтерлер» клубының басшысы Асхат Құсдәулетов.

Ал «Клуб добряков»  –  «Мейірімділер» клубының мүшелері «Мейірім себеті» атты уақытша қайырымдылық шарасын бастады. Бұл шара төтенше жағдай салдарынан жұмыссыз қалған, көп балалы отбасыларға арналған. Волонтерлер @club_dobryakov_pavlodar ұн, қарақұмық, қант, шай, макарон, картоп, сәбіз, пияз сияқты қажетті жиынтық дайындап, 370 азық-түлік себеті үлес­тірілген.

Волонтер Ержан Құниязовтың ай­туын­ша, карантинге жабылған көп­қабатты үйлердің тұрғындарына дә­рілер, гигиена заттары, бетперделер, қолғаптар, дезинфекция заттары жет­кізілген. Сонымен бірге «Молком-Пав­лодар» ЖШС-нің қолдауымен карантинге жабылған 76 отбасына түрлі сүт тағамдарын жеткізсе, «Мир хлеба» наубайханасы болса, күн сайын көмекке мұқтаж, карантинге жабылған үйлердегі әр пәтерге тегін нан үлестіруде.

Ақтоғайлық кәсіпкер Талғат Әбдірах­манов жерлестерін қолдау мақсатында 500 мың теңге қаржылай көмектессе, Small супермаркеті де қажетінше қолдау көрсетуде. Тіпті «Клуб добряковтың» мейірімді волонтерлері орталығының 100 мүшесі мен төтенше жағдай кезінде өз еркімен бұл топқа қосылған 200 жас қазір тынымсыз қызмет көрсетіп жүр.

Клуб мүшелері үш жылда 300 түрлі шара өткізіп, облыс мектептерімен бірлесіп, 16 тонна пластмасса қақ­пақ жинап, ауырып жатқан бала­лардың еміне жәрдемдесті. Ал Vita атты волон­терлердің іздестіру тобы жоғалған 13 адамның табылып, үйіне оралуына ықпал етсе, 50 адам волонтерлердің тарат­қан ақпаратынан кейін үйлеріне оралған.

Облыс орталығындағы қала­лық Қор­­ғаныс істері жөніндегі басқар­масы­ның бастығы, подполковник Асхат Қанышбаевтың мәліметінше, төтенше жағдай кезіндегі шақыруға үн қосқан алғашқы 33 волонтер арнайы әскери жиындарға жазылды. Олар қоғамдық орындарды дезинфекциялаумен, нысандарды күзетумен айналысады.

Сонымен бірге жергілікті педаго­гикалық университет ректоры Алтынбек Нухұлының бастамасымен  Волонтер жылы аясында белсенді 30 студентке негізгі шәкіртақының 30 пайыздық көлемінде стипендия тағайындалды. Университетте құрамында 60 студент бар «Lotos» волонтерлер ұйымы бар. Барлық волонтерлер qazvolunteer.kz порталында тіркелген. Оқу орнында волонтерлер мектебін ашуды, кітаптар жинап, оларды сату арқылы түскен қаржыны емделіп жүрген балаларға ауда­ру жоспарланып отыр.

Қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, Волонтер жылы аясында биыл ақпан айында №24 жалпы орта білім беру мектебінде «Волонтерлер – туған еліне» форумы өткізілді. Мақсаты – белсенді азаматтық ұстанымды тәрбиелеу, оқушылардың көшбасшылық және адамгершілік-этикалық қасиеттерін, патриотизм сезім­дерін қалыптастыру, мектепте волонтерлер қозғалысын дамыту.

Форумда жас педагогтердің бас­тамасымен 30 волонтерлер клубы, 2 мектепте волонтерлер жасағының ашы­лу рәсімі өтті. Олардың жобалары «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Білім»  – ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағыл­шын тіліне және компьютерлік сауат­тылыққа оқыту бойынша көмек көрсету, «Үміт» – майдангерлер ерліктері туралы құжаттарды іздеу бағытына арналуда.

Ал  жалпы соңғы жылдары құрылған Волонтерлер ұйымының қатарында үкіметтік емес ұйымдардың бұрыннан бері жұмыс жасап келе жатқан «Әлеу­меттік волонтерлік орталығы» да бар.  Орталық мүшелерінің бірі, маман­дығы психолог Әлішер Бекжанның айтуынша, волонтер ретінде 2016 жылдан бастап облыс орталығындағы балаларды емдейтін «Самал» оңалту орталығында жұмыс істеген. ЭКСПО-2017 көрмесіне барып, волонтерлер қатарында болған екен.

– Қазір волонтер болу – өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды. Адамға жақсылық жасау, көмектесу парыз. Мүм­кіндігі шектеулі жандарға қолұшын беріп, балалар үйінің тәрбиеленушілерін ас әзірлеу, үй тұрмысындағы негізгі дағ­дыларға үйретеміз. Жүйке жүйесі ауыратын жандарға арналған «Альрами» клуб­тық үйіне барып, шығармашылық терапия, сурет салу арқылы көмек көр­сетеміз. Мүмкіндігі шектеулі немесе ақыл-есінде ауытқуы бар адамдармен жұ­мыс жасаймыз. Олар адамдардан тек қана мейірім, жан жылуын күтеді, – дейді Әлі­шер.

Былтыр өңірдегі үздік 30 волонтер тобына қосылған Әлішер қазір волонтерлер қозғалысын әлеуметтік желілер арқылы насихаттауды қолға алыпты.

 

Павлодар облысы