Өткен жексенбі күні «Сұңқар 351» автопатруліндегі жас офицерлер Бауыржан Жаров пен Азат Зейноловқа Есіл өзеніндегі көпірде өзін өзі өлтірмек болған адамды көлікпен өтіп бара жатқан азаматтың ұстап тұрғаны жайлы хабарлама түседі.
Көпірге шұғыл жеткен полицейлер бөгеттің сыртына шығып, өмір мен өлімнің арасында тұрған адамды бірден көреді. Оны жол-жөнекей өтіп бара жатқан «Toyota Camry» автокөлігінің жүргізушісі ұстап тұрғаны байқалады.
Ойланып тұруға уақыт болмайды. Офицерлер санаулы секундта құтқару операциясына кірісіп кетеді. Азат қоршаудың арғы бетіне түсіп, бір қолымен көпірдің жақтауынан ұстап, екінші қолымен секірмекші болған адамның аяғынан ұстайды, ал Бауыржан мен көмекке келген азамат суицид жасамақшы болғанды көпірдің үстіне күшпен тартып алады. «Көмектескен жігіттің атын сұрап қана үлгердім, ұмытпасам Александр деді. Сол қарбалас сәтте оның қолын алып, алғыс айтып та үлгермедік. Нағыз азамат екен. Ол секіруге жол бермеумен қатар, әңгімеге тартып, өлмек болғанның көңілін аулап, алдастырып, біз келгенше ұстап тұрған», - дейді Азат Зейнолов.
Патрульдік машинаға отырғызылған 52 жастағы ер адам өзінің қылығы жайлы полицейлерге ештеңе айтпаған. Бар мәселе ішімдіктің соңына түсуден туындаған сияқты. Ол құтқарылған кезде де мас күйінде болған.
Патрульдік полицейлер ер адамды тұрғылықты жері бойынша учаскелік полиция пунктіне жеткізді. «Адамдар күйзеліске бой алдырмай, бір-біріне қол ұшын созып, проблемаларымен бөлісіп тұруы қажет деп ойлаймын. Ересек адамдар жақындарына ауыр тиетін әрекет жасамауы керек. Біз кей кездері адамдармен байыпты сөйлесіп, жігерлендіріп, өз-өздеріне деген сенімділік ұялататын жағдайларға куә боламыз», - дейді Азат Зейнолов.
ПЕТРОПАВЛ