Ауылда тұратын суретшінің оң жамбасына келетін тақырып – Ұлы Жеңіс. Ол туған ауылындағы 64 ардагердің портретін салып шыққан.
Тоғызыншы сынып оқып жүрген кезінде ауылға аты аңызға айналған батыр ағасы Рақымжан Қошқарбаев келген. Қызылсая ауылының еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін Рейхстагтың төбесіне қызыл ту қадаған хас батырмен кездесуге жиналған. Рақымжан аға барынша қарапайым, сыпайы екен. Кеудесін соғып, мен сөйткенмін деп мақтанған да жоқ. Жанға жағымды, самал желдей ескен, тыңдаған жанның жанын еріксіз баурайтын қоңыр үнімен майдан туралы баяндаған. Өзінен гөрі өзгені көп айтты. Қаруластарының ерлігіне сүйсінді.
Міне, сол сәттен бастап болашақ суретшінің майдан тақырыбындағы суреттері салына бастады десе де болғандай. Алғашқы суреті «Рейхстаг» деп аталды. Құзғындардың ұясының қаусай қираған сәті. Төрткүл дүние тағатсыздана тосқан Жеңістің атойлаған көрінісі. Содан бастап бір әдемі қиял алға қарай жетеледі де отырды. Тұла бойларынан парасат лебі, өрлік пен батырлықтың сорабы айқын аңғарылып тұратын жампоз жауынгерлердің мәңгі өлмес асыл бейнесі кейінгі ұрпақты дәл сондай биік мұраттарға жетелесе, ғанибет емес пе?!
Арқалық қаласындағы педагогикалық институттың көркемсурет факультетін бітіріп, жоғары оқу орны басшыларының талабы мен талантынан үміт күтіп, институтта оқытушы болып қалдырған кезінде де баяғы шоқ жұлдыздай шағын ауылда көкірегінде тұтанған мақсат-мұраттың маздаған оты қоламтаның шоғындай қыздырып, шабыттың шырайын шалқыта түскен. Сөйтіп, Қызылсая ауылынан қан майданға аттанып, ел қорғаған ерлердің бейнесін бірінен соң бірін сала бастады.
– Ол кезде ауылда ардагерлер көп еді. Бәлкім жүзге жуық болар. Соғыс зардабын тартқандар да аз емес. Сыңар аяқ, молақ қол. Бірақ, бәрінің мәні Жеңіс деген жалғыз ауыз сөзге сыйып тұр, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ибрагим Исенов, – алпысқа жуығын салдым. Туған ауылымыздағы мектептегі мұражайға тарту еттім. Қазір көпшілігін ағайын-туыстары ат-түйедей қалап алып кетіпті.
Міне, кенептегі суретте Молдаш Тілегенов ақсақалдың бейнесі. Екінші дүниежүзілік соғыста қайтпас қайсар ерлік көрсеткен майдангер. Кейінгі ұрпаққа жадырай қараған жүзінен адамгершілік пен парасаттылықтың табы есіп тұр.
Ибрагим салған суреттер көрермен көңілінен шыққаны анық. Әсіресе майдан тақырыбындағы суреттері арқылы ауылдас майдангерлердің тұтас галереясын жасап шықты. Мына бір сурет Малкен Айтпаевтікі. «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері атанған майдангер соғыстан оралған соң ұзақ жыл мұғалім болып жұмыс істеді. Ал, мынау жауынгер Қайыркен Сәдуақасов. Бұл кісі де «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері.
Қылқалам шебері мына бір суретті сала бастағанына жиырма жыл уақыт өткен. Кенеп бетінде бір жасар ұлының алақан таңбасы бейнеленген. Ал қасындағы екінші суретте баласының 20 жастағы қолтаңбасы. Осылайша бір картинада 20 жыл уақыт қамтылған. Бұл сурет бейбіт өмір хақында. Азат, егеменді елдің өсу-өркендеуі, кемелденуі мен қалыптасуы рет-ретімен өрілмек.
Қылқалам шеберінің қолынан 3 мыңнан астам туынды шығыпты. Негізінен портреттер мен натюрморттар. Барлығы майлы бояумен салынған. Өнер туындыларының географиясы Қазақстан, Марокко, Испания, Грекия, Германия, Мальта, Корея, АҚШ тәрізді елдерді қамтыған. Алда әлі көптеген жаңа ой бар. Жасампаз елдің жарқын болашағы, мәңгілік елдің мұраты төңірегіндегі қиялдан гөрі нақты өмірге жақын тақырыптар.