Өзге елдерде нан даярлаудың өзіндік түрлі ұлттық дәстүрі, рецепті, атаулары болатыны белгілі. Сол сияқты өз еліміздегі нан түрлеріне де қазақша атаулар керек-ақ.
Қазақтар да нан пісірген. Атаулары да әртүрлі. Бөлке, күлше, тоқаш, қалаш, бәтер, таба нан, көмеш нан, қоламта нан болып кете береді.
Қазір біздің өңірдегі дүкендерге, супермаркеттерге барсаңыз да нанның неше түрі толып тұр. Таңдау сізде. Бірақ қазақша аталатын нан жоқ.
Ал енді атауларына қарасаңыз: Бородинский черный хлеб, руский хлеб, Семиречинский, Пахомовский, Иртышанка, Грузинский, Ярославская, Новоукраинская, багета, фигурная, саячный, железнодорожный, южный, на сыворотке, столичный, президентский, батон, хала, лепешка, азербайжандық лаваш, ромашка, рулетка, домашний, белый хлеб, тройка, пекарский, сайка, мраморный және басқа тілдегі атауы бар.
Дәл бір Ресейде жүргендейсің. Енді татарский нан деген пайда болыпты.
– Бұл нанның екінші аты – казанский, татарлардың рецептімен жасалған өте дәмді. Ал казахша названиемен әзірге нан жоқ, – дейді сатушы күліп.
Аппақ ұнды қаппен арқалап Қазаннан, Бородино, Ярославль, Грузиядан тасып әкелетіндей сөйлейді.
Мысалы, архив беттерінде Семиречинский нан атауы казактардың кезінен қалғаны жазылады. Пахомовский наны 1918 жылы Павлодар уездік совдепінің басшысы болған Н.Пахомовтың атымен аталғаны ма сонда? Наубайхана да осы көше бойында орналасқан.
Өзге тілдегі көше, ауыл, қала атауларын елдік мақсат-мүддеге сай жаңғыртудамыз. Нан атаулары да сондай құрметке лайық. Өсіп келе жатқан өрендеріміз қазақ тіліндегі нан атауларын біліп өссін.
Жергілікті әкімдік, тіл басқармасы наубайханалардан шығатын түрлі нандарға ырыс, береке, дархан, дастарқан, ақ бидай, алтын дән, керемет, кәдімгідей қара нан, ақ нан, дәмді нан деген секілді атауларға сай ұсыныс енгізгендері жөн болар еді.
Павлодар облысы