Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 1941-1945 жылдардың оқ пен отын кешкен 52 адам ғана қалыпты. Соғысқа қатысқандардың ең жасы 93-ке келген. Белуардан от пен су кешіп, жауып тұрған оқтың астынан аман оралған және одан кейін 75 жыл өмір сүріп отырған бұлар бақытты жандар. Мемлекет тарапынан оларды қолдап, бәріне бір миллион теңгеден жәрдемақы берілді.
Облыс аумағынан соғыстың төрт жылында 74 мың адам соғысқа алынып, оның 34 мыңы майдан даласында қалған екен. Жерлестеріміздің жүрген ізін қарасақ, олардың Еуропаны жаяу өткендерімен қатар Қиыр Шығыстың да таулы-тасты даласын белден кешкендері көп екен. Тіпті соғыстан кейінгі Украина, Балтық республикалары аумағындағы орман ішіне жасырынған бандалармен күрескендер көп болып шықты.
Жерлестеріміздің біразы 1941 жылы облыс аумағында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында соғысты. Кейін Кутузов орденін алып, «Кингисепп дивизиясы» деген құрметті атаққа ие болған ол Новгород облысында, Карел майданында, Ленинград облысындағы «Лодейное поледе» және т.б. жерлерде соғысқан. 1944 жылы Луга өзенін кешіп өтіп, Ленинград облысындағы Кингисепп қаласын азат етуде айрықша көзге түскен. Соғысты «Прага операциясына» қатысып, 1945 жылдың 11 мамырында аяқтаған.
Отан қорғаушы күнінде салтанатты сапқа тұрған полицияның Петропавл гарнизоны алдында жерлес майдангерлердің отансүйгіштігі мен ерлігі туралы айтылып, ішкі тәртіпті бақылау арқылы халық тыныштығын күзететін қызметкерлерге олардың үлгісінің өнеге болу керектігі атап өтілді. Осы сап түзеуде бірқатар офицерлер мен сержанттар полиция департаментінің наградаларымен марапатталды. Салтанатты сәтте алты полиция қызметкеріне кезекті атақпен погондар табыс етілді. СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев наградаларды табыстай отыра, өз қызметтік борышын атқаруға жауапкершілікпен қарау - халықтың қауіпсіздігінің кепілі екендігін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы