Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға әрбір ардагердің қосқан үлесі орасан. Айтулы мереке қарсаңында қарт майдангерлерді қалай құрметтесек те жарасады. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев соғыс ардагері Мұсахан Бердібаевтың шаңырағына барып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау Хатын жеткізді.
Бердібек Сапарбаев құрметті ардагерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, майдангерге зор денсаулық және амандық тіледі. Әкім қарияға гүл шоқтарымен қатар, жеміс-жидек себеттері мен бір миллион теңгелік сертификатын тапсырды. Мұсахан Бердібаев бұл күнде 99 жасқа жетіп отырған абыз қария. Ол тарихтағы ауыр әрі сұрапыл Сталинград және Курск шайқастарына қатысқан ардагер. Әңгіме барысында Мұсахан ата майдандағы сол бір қиын-қыстау күндерді еске алып, енді соғыс болмауын тіледі. Ол майдан даласында жау оғынан аман қалғанымен, 1945 жылдың басында ауыр жараланады. Бес ай ауруханада емделіп, мүгедектік алады. Жылдар өткен сайын Мұсахан ата соғыс зардабын тартып келеді екен. Тіпті жақында ақсақалдың көзінің көру қабілеті нашарлапты. Бірнеше өлеңдер және баталар жинағының авторы атанған Мұсахан Бердібаев бұл күнде немере-шөберелерінің ортасында тірі тарих және даналық көзі болып өмір сүріп отырған ардақты ақсақал.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Антонина Беляеваның шаңырағына да арнайы барып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Бүгінде 93 жастағы ардагер ауыр болса да өткен күндерден естелік айтты. 1944 жылы жедел жәрдем пойызына отырып, бүкіл Еуропаны аралап, Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсы алғанын қызықты етіп баяндады. Ол 1946 жылы майданнан оралған соң бүкіл өмірін Жамбыл қаласындағы кәсіпорнында жұмыс істеуге арнаған екен. Бердібек Сапарбаев Антонина Беляеваға да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы мен бір миллион теңгелік сертификат табыстады. «Біз бәріміз сіз сияқты тұлғаларды құрмет тұтуымыз керек. Ел үшін ең қиын жылдары сіз өз жеріңізді жаудан қалай қорғау керектігін дәлелдедіңіз. Сол үшін сіздерге бас иеміз», деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы