• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Мамыр, 2020

Дағдарысқа қарсы шаралар белгіленді

345 рет
көрсетілді

Елімізде үш айға дейін созылған пандемия індеті республикалық және облыстық бюджеттердің кіріс бөлігінің әжептәуір кемуіне әкеліп соқтырғаны ешкімге де құпия емес. Атап айтқанда Ақтөбе облысында бюджеттің жетіспестігі мен орындалмау деңгейі 15 пайыздың көлемінде болып отыр. Әрине мұның бірнеше себептері бар.

Тұтастай алғанда өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметінде айта қаларлықтай кідіріс болмағанымен осы аралықта шағын және орташа бизнестің өрісі мүлдем тарылып кеткені мәлім. Бюджет тапшылығының басты бір себебін осы арадан іздегеніміз орынды секілді.

- Әрине бұл жағдай жақсы құбылыс емес. әйтсе де мұндай көрініс бұған дейін алынған бюджеттік міндеттемеге көлеңкесін түсіре алмайды. Қазіргі күні қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралар шоғыры уақытша қалыптасқан жағдайды оң жаққақарай бұруға септігін тигізуге тиіс деп санаймын деді бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облысы әкімінің экономика және қаржы мәселелері жөнінде орынбасары Руслан Қамбаров.

Бүгінгі күні облыста пандемия салдарынан өңірдегі бизнес субъектілерін кезең-кезеңмен қызметтеріне қайта кірістіру жөніндегі жұмыстар мәреге таяп келеді. Айталық аймақта карантин режимін жеңілдету туралы Президент тапсырмасына сәйкес оның бірінші және екінші кезеңдерінде 10 мыңға жуық кәсіпорын өз жұмысын бастап, жалпы саны отыз мыңнан астам адам жұмысқа қосылды. Бұған қоса тізімге енгізілген субъектілерден бөлек жобалау компаниялары, сондай-ақ жылжымайтын мүлік операцияларымен айналыстаын мекемелер де өз қызметтеріне кірісті. Ал қазіргі күні басталып отырған үшінші кезеңде шағын және орташа бизнес субъектілері қызметке толықтай кірісіде деген жоспар бар.

Бұл ретте жоғарыда көрсетілген санаттардағы қызмет түрлеріне деген сұраныстың жоғары екендігі ескерілді. Өңірде құрылыс жұмыстарының кідіріссіз жүргізілуі, мемлекеттік бағдарлама бойынша жылжымайтын мүлікке қатысты қарастырылған қаражатты несиелеу ісі осындай оңтайлы шешім қабылдауға негіз қалады дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Осы орайда өңірде дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасының басты қазығы – жаңа жұмыс орындарын ашуға арқа сүйейтінін айтқанымыз жөн. Бұл ретте облыстық бюджеттен 46 миллиард теңге бөлінген. Аталған қомақты қаражат жыл аяғына дейін 12 мың жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

Ақтөбе облысы