• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Мамыр, 2020

Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік (Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсенов туралы тың деректер)

1213 рет
көрсетілді

ІІ дүниежүзілік соғыстағы ерлігінің арқасында 100-ден астам қазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері атанса, 500-ге жуығы Кеңес Одағының Батыры атанды, оның төртеуі Түркістан қаласынан аттанғандар еді. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсенов.

Күні бүгінге дейінгі жазылып жүрген деректерге қарағанда, Абдулла Үсенов 1924 жылы 18 шілде күні Түркістан об­лы­сына қарасты Түркістан қаласында дү­­ниеге келіп, 4 сыныптық теміржол мек­тебін бітірген. Соғысқа дейін Түркіс­тан вагон жөндеу депосының цех ме­ханигі болып жұмыс істеген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, І Украин майданындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы, 159-шы саперлер батальоны құрамына сапер болып алынады. Әскери шені – қатардағы жауынгер. Ұрысқа алғаш 1943 жылдың ақпан айында қатысып, осы жылғы 7 желтоқан күні Украинаның Житомир облысы, Коростень ауданына қарасты Нивки селосы түбінде болған ұрыста фашистің «Жолбарыс» танкісін жою кезінде өзін танкінің астында жарып қаза табады. Осы ерлігі үшін 1944 жылы 25 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Бүгінге дейін Абдулла туралы жоғары­дағыдай сараң да, өте қысқа деректерден басқа дерек жоқ. Сондықтан мақсатымыз – қасиетті Түркістан топырағының батыр перзенті туралы толығырақ мәлі­мет жинау болғандықтан, Ресей Қорғаныс министр­лігінің Орталық мұражайы мен Үсеновтің қызмет еткен І Украин майданы құрамындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы, 159-шы саперлер батальоны, ондағы әскери бөлімнің командирлері туралы деректер іздеп, Қорғаныс министр­лігінің Орталық мұра­жайы мен Ресейдің Подольск әскери мұра­жайы­на (РФ МО ПВА) сұрау салдырдық, біршама адамдар­мен байланыс жасадық. Нәтижесінде, мынадай мәліметтер жиналды:

Бірінші – Ленинградтық әскери-ауыстыру орнының №00440493 санды тіркеу карточкасы. Мұндағы деректерге қарағанда, Абдулла әскери антты 173-атқыштар полкінде 1943 жылы қабылдап, ұрыста І дәрежелі жарақат алған. Ленинград маңындағы госпитальда емделген. Емделген соң «4-ші Денсаулығы түзелген арнайы батальон құрамына тіркеліп, 2-ші ротаға 134-ші болып әскери есепке алынған. Одан соң 47 қосалқы артиллерия полкі 3/1380 команда құрамына жіберілген.

Екінші – Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық мұражайының әскери-ауыстыру орны туралы №12343728 хабарлама құжаты. Хабарлама құжат жоғарыдағы Ленин­градтық әскери-ауыстыру орны­ның тіркеу карточкасы негізінде жазыл­ған, №530762 санымен тіркеуге алынып, №43264 санды іс-қағазына тігілген. Дегенмен, құжатта 47 қосалқы артиллерия полкі 3/1380 командасы Ленин­град облысы, Всеволожский ауданы, Ток­сово поселкасында орналасқаны, ол ара­дан Абдулланың І Украин майданы құра­мындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы 159-шы арнайы жасақталған саперлер батальонына сапер болып ауысқаны нақтылана түседі.

Үшінші – Абдулламен бір взводта болған, соңғы рет көрген және оны жерлеуге қатысқан қаруласының ес­те­лігі. Ол – ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» және «Даңқ» орденінің толық иегері, алғаш І Украин майданы, 60-шы армиясы, 112-ші Рыльск-Коро­стень атқыштар дивизиясының 159-шы саперлер батальонының сапері бол­ған, кейін арнайы жасақталған 159-шы са­пер­лер батальонының бөлімше ко­ман­дирі болған Андрей Тимофеевич Ор­ленко. Ол соғыстан кейін Украинаның Конотоп қаласындағы орта мектепте әскери дайындық және денешынықтыру пәндерінің мұғалімі болып еңбек етеді. Конотоп қаласы мен Коростень ауданы орталығында мұражай ашып, көптеген сурет пен ұрыс қимылы туралы тың деректер берген. Қайтыс болғанға дейін мұражаймен тығыз байланыста болған. Орленко – орыс жазушысы Борис Иванович Дубровтың «Солдат даңқы» кітабының негізгі кейіпкері. Б.И.Дубров А.Т.Орленконың айтуымен Абдулланың ерлігі туралы «Ешбір қателіксіз» («Без единой ошибки») атты көлемді очерк жазған. Очеркте 159-шы саперлер батальоны 2-ші саперлер взводының 1943 жылғы 7 желтоқсанда Коростень қала­сын қорғау кезіндегі бір күндік ерлігі баян­далады: Орленко, Байбулов, Лед­нев, Мякотный мен Үсеновтің ерлігі сурет­теледі. Автордың баяндауынша, Абдулла взводқа басқа бөлімнен ауысқан, саперлікті меңгере қоймаған жауынгер. Сондықтан сол күнгі ұрыста ентелеп келген жау әскерлеріне қарсы оқ атып, кәнігі маман сапер-қаруластарының танкіге қарсы 120 мина қоюына жағдай жасайды. Жас шыбықтай талдырмаш, бірақ аса қайсар мінезді, дегенмен аңғалдау келген қазақ жігітінің ерлігіне тәнті болған Орленко Абдулланың сол күнгі ерлігін тамсана отырып айтады. Екеуі сол күні Коростень қалашығынан 12 шақырымдай жерде болған ұрыста әскери бөлімнің Жауынгерлік туын жанып жатқан штаб ішінен алып шығып, немістермен бетпе-бет келеді, жаралы қаруласы Ледневті жау оғының астынан арқалап шығады. Ал шешуші сәтте минаны құшағына алған Абдулла өзін «Жолбарыс» танкісінің шынжыр табанының астына тастайды. 1943 жылдың 18 желтоқсаны күні 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар диви­зия­сының командирі полковник (03.06.1944 жылдан генерал-майор) Александр Васильевич Гладков А.Үсеновтің ерлігін жоғары бағалап, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады.

Төртінші – 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі полковник А.В.Гладковтың Абдулланы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы Ресей Федерациясы Подольск әс­кери мұражайынан алынған марапат­тау қағазының көшірмесі. Онда: «7 желтоқсан 1943 жылы немістің танкілері Сталин атындағы ұжымшарда орналасқан әскерді бұза-жарып, Кеңес әскері шоғыр­ланған құрамаға бағытталған сәтте Үсенов батальон қолбасшылығынан танктер жүретін жолды миналау туралы тапсырма алды. Үсенов межелі жерге жеткенімен мина орналастыратын орынды қазып үлгермеді: қарсы шыққан немістің танкісі оған 50 метрдей жақын келіп, пушка мен пулеметтен тікелей оқты қарша боратты. Жолдас Үсеновке жолдың сол жиегіне шығып, танк өтетін жолды жауып тастау туралы тапсырма берілген болатын. Ол ара жабылса, біз­дің әскерлер шоғырланған негізгі құ­рамаға өтетін танктің жолы жабылып, тосқауыл қойылады. Танкке қарсы екі минаны арқалаған ол жер бауырлай отырып жолдың қиылысына жылжыды. Оны жаудың танк жүргізушісі байқап қалды. Сегіз танкінің бірі Үсеновке қарай жүрді. Танктің келе жатқанын байқаған Үсенов минаны жаруға дайындай бастады. Танк бірнеше метр жақын қалғанда Үсенов минаны құшағына қысып, танктің шынжыр табаны астына өзін тастады. Жарылыс болып, танкті талқан етті. Үсенов жолдас өз өмірін құрбан ете отырып, асқан ерлік көр­сетті: ол жаудың танкісін қопарып тас­тады, қаруластарына ерлік үлгісін көр­сетті, оның бұл қаһармандығын қару­лас­тары жоғары бағалап, «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық деп ұсынды. Қызыл­әскер Үсеновтің денесі Нивки-Зло­­бичи мекені арасындағы төбеге қо­йыл­ды. 112-ші Рыльск-Коростень ат­қыш­тар дивизиясының командирі полковник А.В.Гладков» деп жазылып, қол қойылған.

Бесінші – Акрам Агзамович Ша­рипов­тің «Черняховский» кітабы. Кеңес Одағының екі дүркін Батыры, 60-шы армияның қолбасшысы, генерал-полковник И.Д.Черняховскийдің өмі­ріне арналған еңбек. 1944 жылы 28 мау­­сым күні И.Д.Черняховский әске­ри бөлім­дерде ерлікпен қаза тапқан жауын­герлердің туыстарына хат жазған. Хаттар ішінде Абдулланың ерлігінің тарихи маңызын айта отырып, 112-ші атқыштар дивизиясының командирі, генерал-ма­йор Александр Васильевич Гладковпен бірігіп анасына жазған хат та бар. Онда: «Ардақты ана! Адамның есінен шықпас елеулі күндер болады. Сондай ұмытылмас күнді есімізде қалдырған Сіздің ұлыңыз. Оны Сізге жеткізуге асықтық. 1943 жылы 7 желтоқсанда Житомир облысы, Коростень қаласы маңында біз фашист танкілеріне қарсы кескілескен қатты ұрыстар жүргіздік. Осы ұрыста Сіздің сүйікті ұлыңыз қаза тапты. Бұл оқиға былай болды: бізге қарсы жаудың 8 танкісі келе жатты. Абдулла жауды өткізбеуге тырысты. Ол танк қирататын 2 мина алып, ажал машинасына ұмтылды. Фашистер оқты үсті-үстіне боратты, бірақ Абдулла аман-есен өтіп, бастап келе жатқан жау танкісіне жетіп, астына түсті, танк талқан болды. Сүйікті ана, Сіздің ұлыңыз, осылай ерлікпен қаза тапты, бірақ ол жау танкісін ілгері өткізбеді. Бөлім бұйрығы бойынша балаңыздың есімі «Мәңгі есте қалдыру» тізіміне жазылды. Отан батыр жауынгердің ерлігін жоғары бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығына сай «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Біз Абдулладай ұл тәрбиелеп өсірген Сіз сияқты қазақ халқының ардақты анасына шын жүректен алғыс айтамыз! 60-шы армияның қолбасшысы, генерал-полковник И.Д.Черняховский; 112-ші атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор А.В.Гладков» деп қол қойылған.

Алтыншы – Геннадий Кривохижин мен Дмитрий Романов құрастырған «Полесья­ның алтын жұлдыздары» атты кітап. Онда Житомир өңіріндегі ұрыста ерлік көрсеткен Үсенов, Кривохижин, Носов, Захаров сияқты батырлардың ерлігі жазылған. Абдулла туралы очерк Г.И.Кри­во­хижиннің айтуымен жазылған. Очерк «Қазақ даласының қайсар ұлы» деп аталады.

Жетінші – Әскери шенді бекіту және марапаттау туралы Басқарма бастығы генерал-майор Ловоданың қолымен 1944 жылдың 23 маусымы күні бекітілген екі құжат. Бірінші – І Украин майданында асқан ерлік көрсеткен әскери бөлімнің генералдары, офицерлері, сержанттары және қатардағы жауынгерлерін марапаттау туралы 23 маусым 1944 жылы жазылған тізім. Алғашқы тізімдегі «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған 21 жауынгердің тізімінде 21-ші болып Абдулла Үсеновтің есімі жа­зыл­ған. Екіншісі – І Украин майданы б­о­йынша КСРО ордендеріне 87 жауын­гер­дің ұсынылғаны туралы «24 маусым 1944 жылы» бекітілген екі беттік анықтама.

Сегізінші – Халық комиссарлары Кадр бас басқармасының бастығы, генерал-полковник Филипп Иванович Голиковтің КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Сталинге жазған Жарлық жобасы. Жарлық «1944 жыл 21 маусым» күні жазылып, №464064 санымен тіркеуге алынған. Онда І Украин майданында ерлік көрсеткен әскери бөлім, командирлері мен жауынгерлерді марапаттауға ұсыныс беріп, «26.06.1944» жылғы шешіммен бекітілген.

Тоғызыншы – генерал-полковник Ф.И.Голиковтің Сталинге жазған Жарлық жобасын КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен бекітілгені туралы құжат. Жарлық екі беттен тұрады. Онда «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген 21 жауынгердің тізімі, оны КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы М.Калинин мен КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының хатшысы А. Горкин 25.08.1944 жылы бекіткен.

Оныншы – Коростень аудан орта­лығы мұражайынан мына төмендегідей құжаттар мен фото-деректер көшірмесі алынды: Коростень ауданы орталығының мұражайынан алынған Абдулла қаза болған күнгі соғыс қимылдарының кар­та­сы; Коростень даласында қираған «Жолбарыс» танкісінің суреті. Коро­стень қалалық әскери комиссары Н.Вачь­кин мен Холосненск ауылдық Кесесі төр­ағасының Коростень ауданы, Нив­ки елді мекенінде орналасқан гра­нит­ті ескерткіштің Абдулла Үсенов пен Дми­трий Иванович Музыченкоға тұр­ғы­зылғаны, қабірлерінің де осы арада екендігі туралы КСРО Қор­ғаныс ми­нистр­лігіне куәландырып берген «№104-1 есеп карточкасы» мен есімдері жазыл­ған тізім. Онда: «№633 бауырластар зира­ты. 07.12.1943 жылы жерленген Кеңес Одағының Батыры А.Үсеновтің гра­нитті обелискі. Екі адам жерленген 3х2 м қабір. Биіктігі 3 м, 0,8х0,8 м. «Злобичи» сегізжылдық мектебінің қам­қор­лығында» деп жазылса, есімі жазыл­ған екінші құжатта «Қатардағы жауынгер Дмитрий Иванович Музыченко 1906 – 21.12.1943. Қызыләскер Абдулла Үсенов 07.12.1943», деп Абдулланың туған жылы жазылмаған; Абдулла Үсенов жерленген Нивки елді мекен іргесіндегі 50056′01″ солтүстік ендік пен 28046′55″ шығыс бойлықтағы төбенің көрінісі; Абдулла танкі астына кіріп қаза болған жыраның көрінісі; Нивки-Злобичи мекендері арасындағы саябақта орналасқан Бауырластар зиратының суреті. Жалпы Бауырластар зираты 1965 жылы ашылған. Онда соғыс жылдары Житомир өңірін азат етуде қаза тапқан 26 Кеңес Одағының Батырының есімі алтын әріптермен жазылған. Соның бірі – 19-шы реттік санда Үсеновтің есімі.

Он бірінші – Абдулланы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы Ресей Қорғаныс министр­лігі Орталық мұра­жайынан алынған №85 марапат құжа­тын куәландырған жазбаның көшір­месі. Онда: «Абдулла Үсенов Қазақ ССР, Шымкент облысы, Түркістан ауданы, Жүйнек ауылында туған. Марапатталған құжаттың күні: 06.04.1985. Жазбаның №1520109829» деген жазба мен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің суреті бар.

 * * *

Жоғарыдағы деректерді салыстыра отырып зерделесек, Абдулла Үсеновтің бейнесі бұрынғыдан да сомдала түседі. Түркістан аудандық әскери комиссариатынан әскерге 1942 жылы қазан айында шақырылған. Артиллеристер курсында үш ай оқып, 1943 жылы қаңтар айында Ленинград майданындағы артиллеристік бөлімнің 173-ші атқыштар полкінде әскер­и антты қабылдайды. Бұл кезде жау қор­шауындағы қаланың жағдайы қиын болатын...

1942 жылдың 18 қарашасында Ленин­град майданының қолбасшылығы Қызыл Армияның Жоғарғы қолбасшысына қала қоршауын бұзуға бағытталған жаңа операция жоспарын ұсынады: Ленинград пен Волхов майдандарының әскерлері­нен екпінді топ құрып, Шлиссельбург-Синя­вин қылтасында шабуыл бастап, Ленинградтың қоршауын бұзу көзде­леді. 2 желтоқсанда Жоғарғы Бас Қолбас­шылық Ставкасының №170696 бұйры­ғы бойынша бұл жоспар бекітіліп, ша­буыл операциясына «Ұшқын» деген атау береді. Үсеновтің үш айлық артиллерис­тер курсын бітіруі осы тарихи оқиғаға тұспа-тұс келіп, 1943 жылдың 12-30 қаңтар аралығындағы «Ұшқын» операциясына артиллерист болып қатысады. Ұрыста І дәрежелі жарақат алып, Ле­нинград іргесіндегі №95, №1170 дала­лық госпитальдың бірінде емделген. Емделген соң «4-ші Денсаулығы тү­зел­ген арнайы батальон құрамына тір­келіп, 134-ші болып 2-ші ротаға әскери есепке алынады. Кейін Ленинград облысы, Всеволожский ауданы, Токсово поселкасындағы 47-қосалқы артиллерия полкінің 3/1380 командасына, одан соң І Украин майданы құрамындағы 60-шы армия, 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының 159-шы арнайы жасақталған саперлер батальонына сапер болып ауысады. 159-шы саперлер батальоны 1943 жылдың 6-9 желтоқсанында Коростень ауданына қарасты Нивки мен Злобичи елді мекендері арасындағы орманды алқап пен егісті дала үшін болған ұрыста 25 танкке қарсы тұрып, жояды. Осы ұрыста Абдулла жау жолына тосқауыл жасау үшін ауыр салмақты минаны құшақтаған бойы танкінің шынжыр табанының астына өзін тастап, бұрын қайталанбаған ерлік үлгісін көрсетеді.

159-шы саперлер батальонының взвод командирі лейтенант Потокин мен 2-ші взвод командирі лейтенант Чуждан шашырап кеткен Абдулланың денесінің біршама кесек еттері мен қолының бір бөлігін жинатып алып, қарулас серіктеріне Нивки елді мекен іргесіндегі 50056′01″ солтүстік ендік пен 28046′55″ шығыс бойлықтағы орман жиегіндегі төбеге жерлетеді. Жерлеуге украин жігіттері Андрей Орленко мен Мякотный және башқұртстандық Байбулов қатысады. 1965 жылы Жеңістің 20 жылдық мерейтой қарсаңында А.Т.Орленко бастама көтеріп, Коростень ауданы үшін болған ұрыстарда Кеңес Одағының Батыры атағын алған 21 жауынгерге арнап Нивки-Злобичи елді мекендері арасындағы саябақтан бауырластар зиратын ашады.

Дегенмен, бізге дейінгі жеткен деректерде 112-ші атқыштар дивизиясының коман­дирі А.Кондратьевтің Абдулланың ана­сына жазған хаты мен «Қазақ даласы­ның қайсар ұлы» атты очерктің аудармасы және аталған кісілердің қызметі дұрыс берілмеген. Біріншіден, ол кезде 60-шы армияның қолбасшысы, генерал-полковник И.Д.Черняховский, штаб бастығы генерал-майор Г.А.Тер-Гаспарян, 112-ші атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор А.В.Гладков, батальон комиссары, капитан Мочалов, рота командирі аға лейтенант Г.И.Кривохижин, взвод командирлері лейтенант Чуждан мен лейтенант Потокин болған. Бұл кезде генерал Александр Кондратьев Ворошилов атындағы Жоғары әскери академияда аға оқытушы болып қызмет еткен. Үсеновтің анасына хатты армия қолбасшысы генерал-полковник И.Д.Черняховский жазған. Ол туралы А.А.Шариповтің «Черняховский» атты кітабында кеңінен жазылады. Ал Г.И.Кривохижин Үсеновтің досы емес, рота командирі. Тіпті, ол жуық арада ротасына келген Абдулланы танып үлгермеген де болатын.

Қорыта айтқанда, Түркістан перзенті, Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсенов­тің өмірі мен өскен ортасы туралы әлі де болса зерттеу жүргізуді қажет етеді. Өш­пес ерлік көрсетіп, өз ор­тасы мен кейінгі ұр­паққа үлгі болған Аб­дул­­ладай аға ұрпақтың ерлігін өз дәре­жесінде дәріптей алмау – кейінгі буынға сын әрі мін болары анық.

 

Қазыбек ТӘЖИЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты