Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне көрсетілетін көмек туралы мәлім етті.
Вице-министр алдымен соғыс кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылғанын, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылғанын айтты. Жауынгерлік ерліктері үшін мыңдаған қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталып, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте батыр атанып, 110 қазақстандық үш дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 1025 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және 123 217 ҰОС кезінде Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы азаматтар тұрады.
«Өз елінің өткенін білу және құрметтеу, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін Жеңісті жақындату жолында майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау – әрбір адамның парызы. 75 жылдықта ардагерлерге қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі», деді Ерлан Әукенов.
Мәселен, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын ұлғаюда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем мөлшері базалық зейнетақы бойынша 5%-ға, ынтымақты зейнетақы бойынша 7%-ға өскен. Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төлемдердің мөлшері тағы 5%-ға индекстеліп, нәтижесінде 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері ҰОС қатысушыларына – 164 542 теңгені, ҰОС мүгедектеріне – 169 762 теңгені, ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдарға – 156 000 теңгені, ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдарға – 109 427 теңгені, ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 107 577 теңгені құрады.
«Сонымен қатар ардагерлерге әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Жеңілдікпен тұрғын үй алады, салық салу бойынша жеңілдіктері бар, медициналық қызмет көрсету және санаторлық-курорттық емделуден тегін өтеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге өмірлік қиын жағдайда немесе мереке (атаулы) күндері материалдық көмек, тұрғын үйді жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерді төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру бойынша жеңілдіктер түрінде қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді», деп толықтырды вице-министр.
Жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңістің 75 жылдығына орай жергілікті бюджеттерде осы мақсатқа 7,6 млрд теңге қарастырылған.
Жалпы, азаматтардың келесі санаттарына жататын 124 242 адам үшін біржолғы төлемдер қарастырылған. Олар: ҰОС қатысушылары мен мүгедектері (1025 адам), Қоршаудағы Ленинград тұрғындары (87 адам), концлагерлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары (289 адам), қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) (4 866 адам), ҰОС кезінде қаза болғандардың жесірлері (15 адам), тыл еңбеккерлері (109 040 адам), ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа да адамдар (8 920 адам).
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС-дағы Жеңіске үлес қосқан азаматтардың барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілді шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне барлық өңірлерде 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және концлагерлердің жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 50 мың теңгеден кем емес қаржы беріледі. Қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдеріне, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек беріледі», деді Ерлан Әукенов.
Республиканың 7 өңірінде төлемдер аяқталды. Олар – Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында ардагерлерге «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы» мерейтойлық медальдары, сондай-ақ дәстүрлі азық-түлік себеттері беріледі.