• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2020

Ақтаулық мұғалім 77 жыл іздеген атасының қабірін тапты

374 рет
көрсетілді

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Светлана Озған Ұлы Жеңістің 75-жылдық мерейтойында майдангер атасы Озған Қосановтың жерленген жерін тауып алды. Күтпеген дерек білім ордасының ұжымдастарының арқасында ресейлік «Память народа» сайтынан анықталған, деп хабарлайды аталған білім ордасының баспасөз қызметі.

Светлана Озғанның сөзіне сүйенсек, соғыс ардагерін іздеуге себеп болған ұжымдастардың сайтқа сілтеме жіберуі.

-Бұл сайттың барын бұрыннан да білетінбіз. Бірнеше рет осыған дейін де қарап, атам туралы ақпарат таппаған едік. Өткен аптада әріптестерім сайтқа сілтеме жіберген соң тағы бір рет іздеп көрейін деп шештім. Осыған дейін Озған Қосанов деп іздеп келген едік. Ал осы жолы орыс тілінде аты-жөні басқаша жазылған болар деп әртүрлі іздеу түрлерін жасадым. Нәтижесінде сайттан «Осган Хасанов» деп шықты. Сайттағы мәліметтерге сүйенсек ол қазіргі Тверь облысындағы «Бобачевский бор» бауырластар қабірінде жерленіпті,   дейді ұстаз қуанышын жасыра алмай.

Отыз жылдан астам мұғалім болып еңбек етіп келе жатқан Светлана Озғанның атасы Озған Қосанов 1906 жылы туылған. Ұлы Отан Соғысы басталған сәтте сол кездегі Гурьев облысы Маңғыстау ауданы Онды елді мекенінен  жұбайы  Мақпал Қосанованы екі ұлы және әкесі Қосанмен бірге ауылда қалдырып соғысқа кеткен. Атамыз 1942 жылдың желтоқсанында қатты жарақаттар алып, 1943 жылдың 21 қаңтарында қайтыс болған. Ауылға қаралы қағаз келгенмен майдангер Калинин қаласының түбінде жерленді деген дерек қана белгілі болған.

-Атамыздың жатқан жерін іздестіріп, осы күнге дейін таба алмай келгенбіз. Әкем Тұраш Озғанов әкесінің басына топырақ салуды армандап кеткен.  Сөйтсек, аты-жөні қате жазылған екен. 77 жыл өткенде және Ұлы жеңіске 75 жыл қарсаңында «Память народа» сайтынан кездейсоқ тауып алдық. Атамыздың аты қате жазылған екен. Топырағы торқа болып, жаны жаннатта болсын, деді Светлана Тұрашқызы.

 Айта кету керек, 2007 жылы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Қызыл әскер мен Әскери-Теңіз флотының архив құжаттарын жариялау» туралы бұйрық шығарады. Ұстаздың атасы туралы дерек осы құжатта болған. Сонымен қатар, сайтта жауынгерлер туралы деректерден бөлек, бауырластар қабірі туралы деректер, жерленгендердің аты-жөні көрсетілген тақтатастардың фотосына дейін көрсетілген.

Енді педагог осы жазда атасының басына барып, әкесі армандап кеткен бір уыс топырақты салуды жоспарлап отыр.

 

 

Маңғыстау облысы