• RUB:
    5.01
  • USD:
    488.11
  • EUR:
    530.09
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Мамыр, 2020

Бір тәулікте 264 шақырымға шапқан айғыр

6749 рет
көрсетілді

Мына фотосуретте тұрған айғырдың аты  –  Палуан. Жай жылқы емес, Қазақ жылқысы. Пошымына қарап, көзден бұл-бұл ұшқан нағыз қазанат осындай болған шығар деп топшыладық. Өйткені, фотоның астына бұл айғыр  бір тәулікте 264 шақырымды шауып өткені жазылған. Ал сурет бірнеше ғалымның авторлығымен 1964 жылы Мәскеуде жарық көрген Жылқы шаруашылығы туралы кітаптың Қазақ жылқысы туралы бөлімінде беріліп отыр.

Сонда, шамамен 1948-1964 жылдар аралығында түсірілген сурет болуы мүмкін. Олай дейтініміз, кітаптың дәл осы бөлімінде 1948 жылы Адай жылқысын мінген бірнеше салтатты бір тәулікте 298 шақырымды жүріп өткені туралы да дерек келтіріліпті.

«Қазақ жылқысы мініске де, жүк артуға да қажымайтын айрықша төзімді болып келеді. Жайылымдық азықты ғана қорек ете жүріп, күніне 80-90 шақырым басып өтуге қауқарлы. Жақын қашықтыққа шапқанда аса жылдам болмағанымен, алысқа шапқанда керемет нәтиже көрсетеді. Мәселен, 1948 жылы  адай жылқысын мінген бірнеше салтатты бір тәулікте 298 шақырымды еңсерді. Қазақ жылқысы қосарлап және үшеулеп жеккенде де 4,5-5 сағатта 60-70 шақырымды артқа тастай алады. 1948 жылы қосарлап жеккен қазақ аттары бір тәулікте 292 шақырымды жүріп өтті. Аттар тағаланбаған еді, бұл да дала жылқысының тұяғы мықты екенін көрсетеді», деп тамсана жазады авторлар.