Елімізде ауылшаруашылық саласы еңбеккерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Осы қамқорлықты сезінген һәм өмір сүру деңгейін жақсарту, табысты өсіру жолындағы қолдауды барынша пайдаланған Бәйдібек ауданының еңбекшілері өткен жылды толағай табысымен аяқтады.
Былтыр ауданда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша міндет 5 миллиард теңге болса, бұл меже 15 миллиард 843200 теңгеге асыра орындалды. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша «Облыс көлемінде үздік инвестиция тартушы аудан» атанып, арнайы дипломмен марапатталды.
Жоспар бар жерде тиянақты тірлік бар. Осыны жақсы түсінген бәйдібектіктер міндеттемелерін әрдайым артығымен орындап келеді және мұны жақсы үрдіске айналдыра білген. Бұл орайда аудан әкімі Бақыт Танакөзовтің ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігі мен біліктілігін айтып өткіміз келеді. Былтыр ауданда 91,8 мың гектар егістік жерді игеру жоспарланса, бұл көрсеткіш 93,4 мың гектарға (102 пайыз) жетті. 200 гектар суармалы жердің шығымын жақсартып, айналымға қосу жоспары 220 гектарды (110 пайыз) құрады. Тамшылатып суару технологиясын енгізу бойынша жылдық тапсырма да 100 пайызға орындалды. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту жоспары да межелі биіктен көріне білді.
Осынша ауқымды жұмыс техника күшінсіз атқарылмайтыны белгілі. Осы ретте бәйдібектіктер ауылшаруашылық техникаларын жаңалау бойынша тапсырманы 105 пайызға көтерген.
«Даму» бағдарламасы аясында былтыр ауылшаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 21 миллиард 947 миллион теңге болып, облыс бойынша бірінші орынды иемденді. Соның ішінде мал шаруашылығында 10 миллиард 715 миллион 500 мың теңгенің өнімі өндірілді.
Мал басын өз төлі есебінен көбейтіп отыру үлкен мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда ауданда мал басын көбейту артығымен орындалып отыр. Атап айтқанда, жылқы жоспардағы 17780-нен 20696-ға, түйе 239-дан 257-ге, ірі қара 52748-ден 53809-ға, қой-ешкі 489825-тен 500366-ға жетті. Шаруалардың жемісті еңбегі нәтижесінде былтыр бәйдібектіктер 92692 тонна ет, 288739 тонна сүт өндірді.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша ауданға 3310 тұсақ сатып алынуы тиіс еді. Меже толығымен игерілді. «Құлан» бағдарламасы бойынша 371 бас жылқының орнына 480 жылқы сатылып алынды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5490 ірі қара алынды.
Былтыр ауданда 14 отбасылық сүт фермасы ашылуы керек еді. Қазір осынша сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ бір балық шаруашылығы іске қосылды.
Елбасы Н.Назарбаев Х Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында «Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы ауданы 90 миллион гектар жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына айнала алады» деген болатын. Табиғаты қатал, адуынды Арыстанды-Қарабас желінің өтіндегі ауданда азық-түлік тапшылығынан құтылу мақсатында осындай жемісті жұмыстар атқарылып жатыр. Иә, ел экономикасын дамыту жолында еңбек ырғағын сақтай отырып, шалғай ауданның еңбекқор халқы осылай ұйымшылдықтың ерен үлгісін танытып келеді. Табыс жолындағы бәсекеде бәйдібектіктердің бәсі басым.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Түркістан облысы