Халықаралық спорттық құзға өрмелеу федерациясы (IFSC) Токио Олимпиадасына лицензия үлестірілетін екі құрлықтық біріншіліктің өтетін орнын бекітті, деп хабарлайды Olympic.kz.
Океанияда өтетін FSC чемпионаты Сиднейде (Австралия), ал Азия біріншілігі Қытайдың Сямэнь қаласында өтеді деп жоспарланған. Осыған дейін Чунцинде жоспарланған құрлықтық дода коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылған болатын.
Азия чемпионаты 10-13 желтоқсан күндері өтсе, Океания бойынша үздіктер 19-20 желтоқсан күндері анықталады. Аталған додалар бұған дейін биыл наурыз айында өтуі тиіс еді. Алайда, Covid-19 індетінің әлемде өршіп кетуіне байланысты кейінге қалдырылды.
Екі чемпионатта да Токио Олимпиадасына екі жолдамадан үлестіріледі. Үздік атанған бір ер мен бір әйел спортшы төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысуға мүмкіндік алады.