Қала тұрғындарының әлеуметтік желідегі шағымдары әкімдік пен арнайы қызмет ведомствосының назарын аударды.
Оңтүстік шаһарда 4 күн бойы өрттің сөндірілмегенін айтып шағымданған қала тұрғындарының жазбасында «Кеңсай-1 зиратының маңындағы қоқыс үйіндісі өртеніп жатыр. Бұл қоқысты зират жұмысшылары үйген. Төрт күн бойы түтін шығып жатыр. Сәрсенбаев көшесінде тұратын тұрғындарға тыныс алу өте қиын. Өртті сөндірмей-ақ, қоқысты шығармаса болмайды. Қаладағы өрте қарсы қызметке хабарластық. Бірақ, нәтиже жоқ» делінген.
Әлеуметтік желідегі сауалға қалалық ТЖД өкілдері жауап беріп, өрт басталған күннен бергі жұмыстарды хронологиялық тәртіп бойынша атап өтті.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 101 желісіне түскен қоңырауға міндетті түрде жауап беріледі. Департаментке келіп түскен барлық хабарлама бойынша әрекет етеді. 8 мамырда сағат 22:30-да 101 нөміріне хабарласқан тұрғындар «Кеңсай-1» мұсылман зиратының қасында өрт басталғанын айтты. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жетуі қиын болды. Өрт сөндірушілер келгенде ауданы 50 шаршы метр аумақ өртеніп жатқан. Өртті сөндіруге 10 адам, 2 автоцистерна жұмылдырылды. Өрт түнгі сағат 00:22 минутта сөндірілді», - делінген ТЖД баспасөз дерегінде.
Департамент өкілдері сонымен бірге 9 мамырда жауын жауғандықтан ол маңда түтін шықпағанын атап өтті. 11 мамырда 20:31 минутта сол ауданның тұрғыны 101 диспетчеріне «Кеңсай-1» мұсылман зиратында өрт басталғаны туралы деректерді назарға алды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жаяу жетуге мәжбүр болды. Белгілі болғандай, ол жерде де қоқыс өртенген. Ауданы 50 шаршы метр өрт түнгі сағат 21:17-де сөндірілді.
Бұл өртті сөндіруге 6 адам мен 1 көлік жұмылдырылды. Ал 12 мамырда сағат 11:53-те тағы мұсылман зиратында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барғанда өрт сөндірушілер өртенген жер шоқтанып бықсып жатқанын көрген. Түтіндеген 30 шаршы метр аумақ сағат 12:26-да сөндірілді. Төтенше жағдайдан ешкім жапа шекпеген.