Бір кездері түбек деп бір ауызды, бір бүйірлі қалта сынды есептелетін Маңғыстау бүгінде өткізгіштік қабілетке ие дәліз тәрізді. Жердің үстінде темір жолдар мен автомобиль жолдары тараптарға жол тартып, теңіз бетінде кемелер жүзіп, әуесін халықаралық бағыттарға қатынаған ұшақтар тілгілеген өңірдің жерінің асты да қан тамырлары сынды тынымсыз бүлкілдеген мұнай құбырларының жолы. Экономика үшін маңызды қатынастардың дәлізі болған даладағы автомобиль жолдарының бүгінгі жағдайы қалай?
Жолдар жатыр аяқталмай, басталмай...
Біразға дейін автомобиль жолдарының беті бері қарамай қойғандықтан, бас басылым бетінде «Қырықаяқ неге кешікті?» сынды көлемді мақаламызда сынға ұшыраған Маңғыстау жолдары бүгінде біраз қалыпқа түсті – бірнеше жолақты, сапасы мен құрылымына қарай үлкенді-кішілі деңгейлерге бөлінетін жолдар салынып, халық игілігіне ұсынылды. Маңғыстау облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2948 шақырымды құраса, оның ішінде республикалық маңыздағы – 1020 шақырым, ал 1928 шақырым жол – облыстық және жергілікті маңызға ие.
Өңір жолдарында өткен жылы 107,7 шақырым жолға асфальт жабындысы төселіп, 150 шақырымды құрайтын 4 жоба толығымен аяқталды. Ұзындығы 22 шақырымды құрайтын «Құрық – Порт Құрық» автожолын реконструкциялауға 8,2 млрд теңге жұмсалса, 54 шақырым «Шетпе – Ұштаған» жолына 946 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ 668 млн теңгеге 88-154 шақырым қашықтықтағы «Ақтау – Форт-Шевченко – Қаламқас кен орны», 138 млн теңгеге 8 шақырымдық «Онды ауылына кіреберіс» жолдарына орташа жөндеу жүргізілген. Одан өзге 275,4 шақырымды қамтитын 7 автомобиль жолдарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланды. Биыл 59,6 шақырымды қамтитын ХГМЗ жол қиылысынан №23, 24, 28 «А» шағын аудандарының қиылысына дейінгі №55 автожолын қайта құрылымдау, «Шетпе – Тиген» автомобиль жолын орташа жөндеу, МАЭК су жинау каналынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау, Маңғыстау облысындағы МАЭК су алғышынан бастап Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау, Ақтау қаласының Өмірзақ елді мекенінен Жылы жағажайға дейінгі автомобиль жолының құрылысы сынды 5 жобаның құрылысы жалғасады. Және «Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе», «Онды ауылындағы лагерьге кірме жол», «Ералиев стансасына кірме жол», «Шайыр ауылына кірме жол», «Жармыш ауылына кірме жол», «Сыңғырлау ауылына кірме жол», «Жаңаөзен – Құланды» автомобиль жолы», «Қызылөзен ауылына кірме жол», «Таушық ауылына кірме жол», «Маңғышлақ стансасы – Карьер-400», «Жаңаөзен қаласына кірме жол» мен «Жаңаөзен стансасына кірме жол» автомобиль жолдарының орташа жөндеу секілді 95,2 шақырымды қамтитын 12 жаңа жобаның жұмысы басталады. Аталған трассалардың барлығы кеңестік кезеңде салынған. Уақытында жөндеу көрмеген соң тозығы жетіп, көліктің жүруіне жарамсыз жағдайда болған жолдардың қалыпқа келтірілетіні қуантады.
– Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 2019 жылы елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы қабылданды. Жоба аясында Бейнеу, Шетпе және Маңғыстау ауылдарында 24,3 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, Маңғыстау ауылында 7,5 шақырым жаңа жол салынды. Осы жылы Бейнеу, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық ауылдарында 4 млрд теңгеге 46,1 шақырым жол салынады және 47,4 шақырым жол орташа жөндеуден өткізіледі, – дейді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережепов.
Демек, жол саласында біткен іс те бар, бітірер іс те аз емес.
Мердігер үнсіз
Әйтсе де республиканың барлық аймағында өзектілігін жоймаған автомобиль жолдарының құрылысы мен сапасы Маңғыстау өңірі үшін де маңызды мінберінен түскен жоқ. Жол ахуалын жақсарту үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын кемі 700 млрд теңге шамасында қаржы бөлінеді екен. Қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалып, нәтижелі игерілуін өкілетті органдар қатарында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны да қадағалап келеді. Аталған кәсіпорынның Маңғыстау облыстық филиалының мамандары өңір көлемінде жүріп жатқан көлік жолдарына қысы-жазы рейдтік тексерулер жүргізіп, сынамалар алады. Мамандардың айтуынша, тұрғындар тарапынан мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына келіп түскен өтініш-хаттар негізінде де кешенді жұмыс атқарылуда.
Жол демекші, Маңғыстауда «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала» жол учаскесі құрылысы тұрғындардың «бас ауруына» айналды. Қаржының 90 пайызы республикалық бюджеттен бөлінген, небәрі 29 шақырымдық жол құрылысы басталғалы үш жыл, алайда халық игілігіне ұсынылады деген құрылыс жұмыстарының «жыры» көп. Яғни құрылысты сапалы салуға және мерзімінде бітіруге міндетті мердігер мекеменің жұмысынан шыққан мін мәселеге айналып кетті. Жобаға жауапты «Алтынқұрық» мердігер мекемесіне жол сапасына қатысты бірнеше рет ескертулер берілгенімен әлі күнге орындалмай келеді. Нақты айтсақ, жергілікті ұлттық сапа орталығының зертханасында талданған сынамалар негізінде бастапқыда мердігер тарапқа жолдың асфальт-бетонды жабындысы шектен төмен екендігі туралы ескертулер берілген. Екі рет жолданған қызметтік хатқа қыңқ етпеген мердігер мекеменің үнсіздігін ешкім түсіне алар емес. Өзіне жолданған зертхана қорытындысымен келіспеген жағдайда талдау жасатып, өкілетті органдарға шағымдануға құқылы бола тұра мұндай әрекетке де бармаған мекеменің жұмысын мамандар «жұмысына жауапсыздықпен қарау» деп бағалап отыр.
Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Маңғыстау филиалы өзара келісімшартқа отыруы себепті екі жақ мамандар берген зертхана сараптамасына сай жол сапасына талап қоюға құқылы.
– Ендігі кезекте олқылық түзелмесе, ол жерді мердігер толық қырып тастап, қайтадан өз ақшасына салуы тиіс. Себебі жұмсалған ақша республикалық бюджеттен бөлінген қаржы, әр нәрсенің есебі бар. Ал жоба биыл толығымен аяқталуы тиіс, – дейді олар.
Қазір учаскеде жұмыстың тым баяу жүруі себепті аталған жермен өтетін көліктер мен жұмысшылар үшін «Жасыл дәліз» жасалған. Алдағы күндері жол сапасын бақылаушылар тағы бір мәрте тексеру жүргізеді. Бұл ретте де жол материалдары талапқа сай болмай шықса, трасса сапасыз салынған деп айтуға болады. Кемшіліктер түгел жойылмай, мердігер жауапкершіліктен босатылмайды.
Екпіні баяу әрі мардымсыз, сараптама қорытындысына сай жұмысы сапасыз деп танылса да тоң-торыс күйде жүрген мердігер мекеменің не ойлағаны барын ешкім білмейді. Халыққа қажеті біреудің ойы мен ойыны емес, жолдың жайлы болуы. Бірақ мердігер мекемеге қашан «тіл бітеді», жұрт арасында жылдар бойы жырға айналған жоба қашан өз мәресіне жетеді, белгісіз...
Апаттың айыбы, опаттың обалы оңай емес...
Сапалы жол – қауіпсіз өмір кепілі. Жол бойында орын алатын жол-көлік оқиғаларына өзге де себептермен бірге жол сапасының да әсер ететіні анық. Маңғыстау облысында 2019 жылы 9 ай қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасының саны 4,1%-ға, сондай-ақ оның салдарынан жарақаттанғандар 14,0%-ға өскен, ал қаза болғандар саны 13,7%-ға төмендеген. Өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі қуантарлық жағдай, болмаса тіпті жақсы. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланып, бөлінген қаражатты толық жұмсап және кәсіби шеберлікті заманауи технологиялармен ұштастыра қызмет етудің маңызы зор.
Алайда жұмысы қызып жатқан жолдар сапасында мін жоқ емес. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Маңғыстау филиалының қызметкерлері биылғы алғашқы үш айда өңірдегі республикалық және жергілікті маңыздағы трассаларға 84 рет тексеру жұмысын жүргізді. Жол құрылысы мен сапасын бақылаушылар аймақта салынып жатқан республикалық маңыздағы жолдарға 56 рет, жергілікті маңыздағы трассаларға 28 рет барып, сынамалар алған еді.
– Қажетті құрал-жабдықтардың көмегімен жол құрылысында қолданылған 160 материал алынды. Өкінішке қарай, біз күткен кемшіліктер тағы да анықталып отыр. Мәселен, республикалық маңызға ие автомобиль жолынан алынған бес сынаманың сапасы нормативтік құжаттар талабына сәйкес келмей шықты. Ал жергілікті жолдардан табылған олқылық бұдан он есе көп. Іріктеліп алынған 155 жол материалының 56-сы қолданысқа жарамсыз, – дейді филиал қызметкерлері.
Жалпы, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында облыс көлемінде жол салудың сапасын тексеру кезінде 103 ақау табылды және оның жүзге жуығы республикалық маңыздағы трассаларға қатысты. Тексеруші мекеменің құзыреті – анықталған кемшіліктерді тез арада түзету үшін жол салушы мердігер мекемелер мен оларға тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарға қызметтік хат жолдау. Жол активтері ұлттық сапа орталығы Маңғыстау филиалы бұл тұрғыда тиісті деген мердігерлер мен мемлекеттік тапсырыс беруші мекемелерге 46 рет қызметтік хат жолдаған.
Хатқа жауап бола ма, ең бастысы, айтылған сын мен табылған мінді қорытып, орын алған олқылықтар түзетіле ме? Бүгінде маңызды сауал осы болып тұр. Пайдалануға берілген соң көп ұзамай ойылып-тесіліп, сөгіліп-сетінеп, жолаушылардың мазасын, көліктердің сұрқын алуы, жолда жүру уақытына кері әсер етуі былай тұрсын, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай, керісінше апатты жағдайдың туындауына себепкер болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Екі дүниеде де апаттың айыбын, опат жанның обалын арқалау кім-кімге де оңай болмасы анық. Бұл жол салушы мекемелерге үлкен міндет жүктейді. Олар өзіне артылған сенім мен жауапкершілікті сезінгенін бөлінген қаржыны тиын-тебеніне дейін жұмсап, бір-екі жылдан соң қайыра жөндеуге сұранып тұрмайтын сапалы жолды халыққа ұсынып, соңынан сапалы іс, даңғайыр жол қалдыру арқылы дәлелдеуі тиіс.
Маңғыстау облысы