Жуырда облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов пәтер беру арқылы 27 мың адамнан тұратын үй кезегін қысқарту үшін жаңа құрылыс стратегиясын жасау қажеттігін айтты. Алдағы уақытта қанша тұрғын үй салынады, баспана кімдерге беріледі, инфрақұрылым тарту жұмыстары қалай жүргізіледі?
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, былтыр қаржыландырудың барлық көздері есебінен 332,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Ал биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті белгілеген жоспарға сәйкес, өңірде 346 мың шаршы метр үй тұрғызылуға тиіс.
Аймақ әкімдігінің хабарлауынша, жоспарды жүзеге асыру үшін – 70 млн дана кірпіш, 60 мың текше метр бетон блок, жалпы ұзындығы 400 шақырымдық құбыр қажет екен. 2030 жылға қарай өңірдегі әр азаматқа шаққанда 30 шаршы метр пәтерге қол жеткізу үшін жыл сайынғы құрылыс көлемі 11 пайызға артып отыруы тиіс.
– Тұрғын үй бағасын арзандату үшін алдымен құрылыс индустриясына қажетті материалдар өндірісін жолға қою керек. Кәсіпорындар ашу қажет. Қазір материалдардың басым бөлігі шеттен әкелінеді, – дейді құрылыс саласының ардагері Байтемір Ілиясов.
Айталық Екібастұзда кірпіш шығарылғанымен, жергілікті құрылысшылар кірпішті Семейден жеткізуде. Өйткені Екібастұзда өндірілетін кірпішті Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларының құрылыс компаниялары сатып алады. Өңірде құрылысқа қажетті құм шығаратын, құбыр, бетон, плита шығаратын кәсіпорындар да бар. Бірақ құрылыс компаниялары жергілікті зауыттардың өнімі өлшем бойынша жобалық құжаттарға сәйкес келмейтіндіктен, сырттан әкелуге мәжбүр. Сантехникалық құрал-жабдықтар көбінесе Ресейден жеткізіледі. Құм болсын, құбыр болсын, сантехникалық құралдар болсын, соншалықты күрделі технологияларды қажет етпейтін дүниелер. Оның бәрін «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша елімізде жасауға болар еді ғой.
Nurly Ertis бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы отбасылар мен жас мамандарды өңірге көшіріп әкелуге тиімді екені байқалды. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын тауып, Екібастұз қаласында – 11, Ақсуда 4 үй салынып жатыр.
Құрылыс стратегиясының бір басым бағыты – коммуналдық секторды, жылумен және электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту. Бүгінде облыс орталығындағы және жалпы өңірдегі тұрғын үй қорының басым бөлігін өткен ғасырдың 70-жылдары салынған үйлер құрайды. Облыстағы тұрғын үй қорының 55 пайызы ескірген, облыс орталығының өзінде 1300-ден аса тұрғын үйді жөндеу қажет.
Қазір облыс орталығында қызыл кірпіштен салынған көп- қабатты тұрғын үйлер қаптап кетті. Қаланың әр жерінен бой көтеріп, бей-берекет салынуда. Тіпті Ертіс өзені жағалауындағы су қорғау аймақтарына дейін қызыл кірпіштен салынған көп- қабатты үйлер тұрғызылуда. Жалпы, Павлодар қаласы Кеңес өкіметі кезінде сол кездегі Ленинград қаласының архитектуралық жобасына лайықталып, ерекше сәулетпен салынғаны белгілі. Көшелерінің кеңдігі, айналма жолдардың тиімді салынғаны, Ертіс өзені жағалауының әсемдігі Нева жағалауындағы қалаға ұқсайтыны содан. Бертінге дейін қала құрылысында әкімдік осы үлгіні сақтап келген-ді. Сөйтіп жаңа аудандар қаланың шет жағынан салынды. Байдала, Кенжекөл ауылдарына қарай облыс орталығын кеңейту жоспары да болды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары облыс басшылығы әсем қаланың кеңістігін тарылтып, құрылыс компанияларына қызыл кірпіштен үй салуға рұқсат берді.
Қала құрылысы және жерді басқару басқармасының басшысы Азамат Неғматовтың айтуынша, құрылыс салуға орай жүргізілген тексерістер кезінде заң талаптары сақталмағаны үшін 183 құқық бұзушылық анықталып, 66,1 млн теңге айыппұл салынған, 3 жобалық ұйымның лицензиясы тоқтатылыпты.
Тағы бір даулы мәселе – облыс орталығындағы әуежай қалашығы шағын ауданының құрылысы. Шағын ауданда 37 жеке панельді үйдің ортақ сәулеттік стилі бар. Қалалық құрылыс бөлімінің маманы Дәулет Несіпқазиевтің айтуынша, бұл екі қабатты, 18 пәтерден тұратын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған, 1 шаршы метрі – 120 мың теңге. Жоба бойынша қатты отынмен жылытылады, су құбырлары, кәріз жүйесі, электр желісі тартылған. Өткен жылы бұл ауданда 72 жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері берілген. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Алайда шағын аудандағы тұрғын үйлерді әуежайдың ұшу жолағынан бір-ақ шақырым жерде салу жоспарланған.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің дерегіне сенсек, жобаны әзірлеу кезеңінде «Павлодар әуежайы» АҚ басқарма төрағасының келісімі, техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша экологиялық сараптаманың қорытындысы берілген. Яғни мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің құрылысы әуежайға жақын болса да, барлығы заң шеңберінде екені анықталды. Ұшу жолағына дейінгі қашықтықтан үй иелеріне қауіп жоқ дейді әкімдік мамандары.
ПАВЛОДАР