Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Нұржан Мұсабеков University of Toronto (Канада) университетінің Lester B. Pearson Scholarship стипендиясы иегері атанды.
Шәкіртақы бағдарламасы академиялық жетістіктерімен және дарындылығымен ерекшеленетін және өз мектептерінде көшбасшы болып табылатын студенттерге беріледі. Айта кету керек, шәкіртақы үшінші жыл қатарынан Назарбаев Зияткерлік мектептер желісінің оқушыларына тағайындалып отыр. Бұдан бөлек, Нұржанға Bentley University Президенттік грантын, ал Carnegie Mellon University шығындарын толық қаржыландыруды ұсынып отыр. Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Нұржан 9-сыныптан бастап мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінің мүшесі. 11-сыныпта Мектеп президенті және UNESCO мектеп клубының төрағасы болған. 10-сыныпта достарымен «Nautica School» білім беру жобасының негізін қалап, оның аясында оқушыларға өздерінің икемді дағдыларының дамытуға, сондай-ақ кең ойлауды меңгеруге көмектескен.
Сондай-ақ, TEDxAbaySt ұйымының мүшесі болып, TEDxAbayStWomen және TEDdxYouthAbaySt конференцияларын ұйымдастыруға қатысқан. Stanford Honors Academies бағдарламасы бойынша оқып, онда бизнес пен көшбасшылық салаларын зерттеген. Стэнфорд курстары аясында mvp (minimum viable product) – Қазақстан халқының әлеуметтік осал топтары арасында қаржылық сауаттылықты жақсарту жобасы бойынша жұмыс істей бастады. Соңғы оқу жылы басталар алдында ол KPMG халықаралық компаниясында жазғы тағылымдамадан өтіп, онда бизнес мамандығы бойынша оқығысы келетініне көз жеткізді. Қазіргі уақытта «360mentors» мансаптық орталығында Нұржан менторлық қызмет атқарады.
«Мектептің барлық қызметкерлері мен оқушыларына білдірген сенімі, мектеп қабырғасында өткен ұмытылмас жылдарым және менің жеке басымның қалыптасуына қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Мектеп мені расында тәрбиелеп шығарды. 7 сыныпта мен қиын іріктеуден қалай өткеніне өзі таңқалған сенімсіз бала болып келсем, қазір мықты академиялық базасы бар көшбасшы болып кеткелі жатырмын. Назарбаев Зияткерлік мектебі менің өмірімді толығымен өзгертті. Мектепке және 360mentors-тағы достарыма көрсеткен көмегі мен білдірген қолдауы үшін ризамын», - деп, Нұржан алғысын білдірді. ⠀