Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы өтті. Онда жауапты мемлекеттік органдардың «Халық тарих толқынында» бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ, жұмыс тобының бірінші және екінші отырыстарында қойылған міндеттерді іске асыру барысы қаралды.
Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы өтті. Онда жауапты мемлекеттік органдардың «Халық тарих толқынында» бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ, жұмыс тобының бірінші және екінші отырыстарында қойылған міндеттерді іске асыру барысы қаралды.
«Президент тапсырмасына орай, біздің осы бағытта жұмыс бастағанымызға 100 күннен астам уақыт өтті. Аз уақыт аралығында еліміздің барша тарихи қауымдастығы осы мемлекеттік маңызды жобаға жан-жақты атсалысып жатқанын көріп-біліп отырмыз. Ведомствоаралық жұмыс тобының алғашқы отырысынан бергі үш айдан астам уақыт ішінде біз бәріміз бірлесе ұлттық тарих ғылымын дамыту ісіне елеулі қозғау салдық деп ойлаймын», деді Мемлекеттік хатшы жиынды ашып. Марат Мұханбетқазыұлы қазірдің өзінде бірқатар нақты, көзге көрінетін, қолға ұстайтын нәтижелерге қол жеткізілгенін, айтарлықтай ғылыми және білім беру инфрақұрылымы қалыптасып жатқанын баяндай келе, барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары ашылғанын, жаңа зерттеу құрылымдары қалыптасқанын, сондай-ақ, Жас тарихшылар қауымдастығы құрылғанын атап айтты. «Жоғары оқу орындарында білімді кадрларды, сондай-ақ, «Тарих» мамандығы бойынша PhD докторларын даярлауға қажетті мемлекеттік тапсырыс көлемі едәуір артты. Ұлттық тарихтың өзекті мәселелеріне арналған «Mangi еl» атты жаңа ғылыми-көпшілік журналдың алғашқы нөмірі дайындалды. Атауы арғы замандардағы ата-бабаларымыздың тасқа қашап жазған сырлы сөзді нұрлы мақсатынан бастау алатын, аты қай тілде де ықшам, әуезді естілетін бұл журнал ғылыми қауымдастық пен қоғам арасын өзара байланыстыратын ақпараттық көпірге айналатын болады. Шетел мұрағаттарын зерделеу жөніндегі қажырлы жұмыс жалғасын табуда. Ғалымдардың алғашқы тобы Ресей, Қытай, Иран, Ұлыбритания, Египет және Түркия елдерінде болып келді. Аталған зерттеулердің қорытындысы ХVІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша едәуір мұрағат құжаттары жиналғанын көрсетеді», деген Мемлекеттік хатшы осылайша алға қойған мақсаттың оң нәтиже бере бастағанын, бірақ атқарылған іске көңіл толтырып, жұмыс қарқынын төмендетіп алуға болмайтынын да басын ашып айтты.
Отырыстың күн тәртібі өте ауқымды болды. Алғашқы отырыс өткеннен бергі уақыттағы атқарылған істердің қорытындысын жариялаған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің баяндамаларына қоса, уәкілетті мекемелер өкілдерінің төрт хабарламасы тыңдалды.
Ұлттық тарихты зерделеу отандық БАҚ-та жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Осы жылдың 1 маусымынан 13 қыркүйекке дейінгі аралықта баспа БАҚ-тарында тарих тақырыбы бойынша барлығы 656 материал жарияланса, телеарналар эфирлерінде 489 сюжет шыққан. Сондай-ақ, ақпарат агенттіктерінің таспаларында 802 жаңалық хабарламалар орналастырылып, 50 баспасөз басылымы мен Интернет-ресурстарында қазақ тарихына арналған тақырыптық айдарлар қолданылған. Оған «Жалын», «Жұлдыз», «Нива-Простор» сияқты әдеби журналдар да тартылған, тіпті балаларға арналған «Балдырған» журналында да балалардың ой-өрісіне лайықталған айдар ашылған. Бұл мәліметтерді келтірген Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед тарих мәселелері арнайы бағдарламалар, циклдік хабарлар шеңберінде жиі талқыланатынын, тіпті интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде іске асырылып жатқан шаралардың кеңінен талқылануы Қазақстан азаматтарының мемлекетіміздің өткенін зерделеуге, оның жалпы дүниежүзілік тарихи үдерістегі орнын түсінуге, өзінің тарихи түп-тамырын ұғынуға, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға қызығушылығын арттыратынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ, соңғы бес жыл көлемінде тарих тақырыбына арналып, мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан кітаптардың барлығы да жуырда ашылған тарихи порталға табыс етілгенін хабарлад ы.
«Ұлттық тарихты зерделеу жұмыстарына елімізде 60-тан астам жоғары оқу орындары мен гуманитарлық бағыттағы көптеген университеттер тартылды. Ал, бұл жұмыспен 300-ден астам ғалымдар айналысып жатыр. Осы бағдарлама өмірге келген уақыттан бастап 6 өңірде жиындар өткізілді. Оған 700 мыңнан аса адам қатысты», деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз баяндамасында. Бағдарлама шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың да белсенді жұмыс атқарғанын, білім беру мәселелері бойынша көптеген семинарлар, тренингтер, жиындар өткізген олардың мемлекеттік тапсырыс аясында 16 жоба дайындағанын атап айтты. Министр сондай-ақ, Қазақстан тарихын зерттеп жүрген шетелдік ғалымдардың базасы дайындалғанын, олардың әлемнің 14 мемлекетінде екенін, ұзын саны 28 екенін де баяндады. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында отандық мамандарды ең алдымен шет елдерде оқыту ісіне қатты көңіл бөлініп жатқанын да баса айтты. Министрдің баяндамасына мемлекеттік жоғары оқу орындарында 19 дербес Қазақстан тарихы кафедралары қалпына келтірілгені және құрылғаны да арқау болды. «Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстан тарихы кафедралары 59 жоғары оқу орнында, соның ішінде 9 ұлттық, 31 мемлекеттік, 1 халықаралық, 9 акционерлік және 9 жеке жоғары оқу орындарында бар. Бұл кафедралардың қызметі тарих пен оқиғаларды жүйелі ұғынуға, тарих теориясы мен әдістемесі проблемалары бойынша жалпы және арнайы курстар дайындауға, қазақстандық жастарда тарихи сананы, патриотизмді, өз өлкесінің тарихына құрметпен қарауды қалыптастыруға және тарихи білімді насихаттауға, оларды жанды, тартымды тілмен жазылған іргелі оқулықтар дайындау жолымен танымал етуге бағытталған», деді министр. Ол Астана қаласында осы жылдың маусым айында «Республикалық жас ғалымдар қауымдастығы» құрылғанын, оның құрылтайшылары 10 жас тарихшы екенін атап өтті.
Отырыста Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітова қазақстандық ғалымдардың шетелдік мұрағат орталықтарындағы жұмысының алдын-ала нәтижелері туралы сөз сөйледі. «Жалпы, қазақстандық ғалымдардың он елдің шетелдік қорларына ғылыми іссапарлары ұйымдастырылды. Олар – Иран, Үндістан, Қытай, Египет, Түркия, Моңғолия, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан және Ресей. Бүгінгі таңда 20 ғалым ғылыми іссапарларын аяқтады», деді Меруерт Әбусейітова.
Экспедицияларға қатысушылар тарихи жадыны қалпына келтіру, Түрік қағанатының қалыптасуы мен дамуы тарихы бойынша түркі тасжазулары мен қолжазба дерек көздерін саралау, суретке түсіру және көшіру жөнінде ауқымды жұмыс атқарып, Шыңғысхан дәуірі кезеңіне дейінгі түркі тайпаларының сабақтастығы мен бірыңғай этнографиялық байланыстары болғаны туралы мәліметтерді айқындаған.
Египетке, Иранға, Түркияға, Өзбекстанға, Қытайға, Үндістанға, Ресейге, Ұлыбританияға іссапарлар барысында түркі хорезмшахтары тарихы, моңғолдар, ұйғырлар, барлық мұсылман билеушілері тарихы, Шыңғысхан, Әмір Темір тарихы бойынша құнды мұрағат материалдары, сондай-ақ, Бодлиан және Британ кітапханаларында, Қытайдың Тұңғыш тарихи мұрағатында, Үндістанның Рампур қаласындағы Әмір Раз кітапханасында, Хайдарабад қаласындағы Саларнджаг мұражайында сақталған шығыс қолжазбалары айқындалып, көшірмелер әкелінген.
Меруерт Әбусейітова қоғамдық өмірді дүр сілкіндірген жаңалықтың бірі – Қытайдың Тұңғыш тарихи мұрағатынан әкелінген Цинь империясының мұрағат құжаттарының көшірмелері туралы да баяндады. Бұл – 1730 жылдың соңынан 1911 жылдың ортасына дейінгі кезеңді қамтитын және қазақ-қытай саяси, сыртқы саяси және экономикалық өзара қарым-қатынастар тарихын ашып көрсететін жиыны 72 812 құжат. Олардың арасында қазақ хандарының тектері мен қазақтың үш жүзінің генеалогиясына қатысты мәліметтер бар. Қазақ билеушілерінің көрші мемлекеттер билеушілеріне жазған хаттарының ішінде Абылай ханның, Болат ханның, Әбілпейіз және Уәли сұлтандардың, сондай-ақ басқа да қазақ хандары мен сұлтандарының жазысқан хаттары туралы айрықша мәліметтер де бұл деректердің құндылығын арттырады. Ғалымның айтуынша, қытайлар қазақтардың мал шаруашылығын жоғары бағалаған, олар қазақтармен мал шаруашылығы өнімдеріне өз заттарын айырбас жасап отырған.
«Қазіргі уақытта алынған материалдар өңделуде. Сириялық, түркілік (тасқа қашалған) және қытай дереккөздерінен тек Қазақстанның емес, Орталық Азия елдерінің де көшпелі халықтарының этностық құрамы мен географиялық қоныстануын зерттеуге болады. Табылған жаңа материалдар арқылы көне түркілердегі жоғары биліктің мұраге рлік жүйесін анықтауға мүмкіндік мол. Қазақстан тарих ғылымына бұрын беймәлім болған, Ұлы Жібек жолындағы сақталған түркілік құлпытас және несториандық ескерткіштерді зерделеудің маңызы зор. Қазақстан, Қырғызстан және Қытай аумағындағы несториандық ескерткіштердің мәтіндерін салыстырып талдау, қазақ халқы этногенезінің, діндер тарихының, түркі тілі мен жазуының қалыптасуы тарихының кейбір проблемаларын ашуға көмектеседі», деді ғалым.
Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов бағдарлама шеңберінде құрылған ғылыми-зерттеу құрылымдарымен таныстырды. Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығы, «Геоархеология» халықаралық зертханасы, «Дүние жүзі тарихын зерделеу» ғылыми-зерттеу орталығы, Популяциялық генетика зертханасы деп аталатын бұл құрылымдардың әрқайсысы тарих ғылымының тынысын кеңейтетін мекемелер. «Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық орталық Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арқауында құрылған. Оның негізгі мақсаты Қазақстан мен Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерінің ғылыми проблемаларын жаңа әдістемелік ұстанымдардың негізінде қайта бағалау тұрғысынан пысықтау болып табылады. Орталықтың құрамына Орталық Азияның дәстүрлі мәдениеттерінің тарихнамасы, көшпенділердің далалық империяларының тарихы, қазақ халқының этногенезі, Дешті-Қыпшақ көшпенділер қоғамының әлеуметтік және мәдени құрылымы секторлары кіреді. Онда 13 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 1 PhD философия докторы, АҚШ-тан, Жапониядан, Түркиядан және Қытайдан келген шетелдік ғалымдар бар», деген вице-министр қалған үш ғылыми-зерттеу құрылымдарының базасымен таныстырып өтті.
Отырыста «Mangi еl» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының сүйінші нөмірі таныстырылды. Оны Еуразия ұлттық университетінің ректоры әрі осы журналдың бас редакторы Е.Сыдықов таныстырды. «Ұлттық тарихты зерделеуге қатысты Мемлекеттік хатшы өткізген алғашқы жиында тың пішінді, халықаралық дәрежедегі журнал шығару мәселесі көтерілген болатын. Бұл журнал сол бастаманың заңды жалғасы. Елімізде бұған дейін де тарихи журналдар болды. Бірақ, заман ағымымен бірге өзгеретін қоғам бір орнында тұрмайды. Қазір тәуелсіздік идеясымен сусындаған жастар өсіп келеді. Оған қоса біздің мемлекетіміз туралы жан-жақты білгісі келетін көзіқарақты оқырмандар да бар. Сол үшін журнал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылып, 3000 дана таралыммен елімізге және таяу және алыс шетелдердегі түркітілдес мемлекеттерге тарайтын болады», деді Е.Сыдықов. Мемлекеттік хатшы М.Тәжин бұл орайда осы жұмысты университет ректоры өз ұсынысымен бастағанын, қаржыландыру мәселесін де қазірше өзі шешіп отырғанын разылықпен айтып өтті.
Еліміздің тарихында тұңғыш рет «Қазақстан тарихы» (e-history.kz) веб-порталы әзірленіп, іске қосылғанын Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Ержан Бабақұмаров баяндады. «Бұл портал жаңа технологиялар мен эксклюзивті ақпараттардың бірегей үйлесімі болып табылады. Әрбір тарихи кезең үшін порталда жеке беттер мен тұтастай айдарлар қатар ашылған. Қазақстан тарихының қалай басталғаны қызықтыратын әрбір адам сирек кездесетін жарияланымдарды оқи алады. Бір ресурстың өзінен сіздер әртүрлі пішіндегі – қарапайым мәтін, PDF, инфографика, интерактивті ойындар, фото, бейне және аудио форматындағы ақпараттардың барлық түрлерін ала аласыздар, оған қоса интерактивті талқылауға қатыса аласыздар», деді Е.Бабақұмаров.
Тарихты тереңнен оқитындар үшін порталда мынадай арнайы жобалар қызықты болмақ: «Ауызша тарих» – көп жасап, көпті көрген адамдар жадында сақталған ерекше және елеулі оқиғалар, кездесулер, көкейге түйген дүниелер, алған әсерлер тағдырлар мен эпизодтар жылнамасы; «Өлкетану» – тарихи өлкетану материалдары; «Қазақ ою-өрнектерінің сырлары» – ою-өрнектер құру туралы материалдар, аңыз әңгімелер; «Шежіре» – қазақ руларының шығуы мен ерте дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы. «Порталдан қазақ, орыс, ағылшын тілінде ақпарат алуға болады. Қазірдің өзінде мұнда 6200-ден аса жазба бар. Бұл жұмыстың басы ғана. Портал сіздердің қолыңыздағы заманауи сандық құрал. Оның жұмысының тиімді болуы баршамызға байланысты. Сол үшін тарихшылар қоғамын, жас тарихшылардың қауымдастығын, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттерді порталды қолдануға шақырамын. Оны әрі қарай дамыту үшін кез келген уақытта бірлесіп жұмыс істейміз деген ойдамыз», деді Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызм