• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Мамыр, 2020

Кәсіпті ұйымдастыру – мемлекет ісі!

455 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstanda» күні кеше басылым басшысы Дархан Қыдырәлінің «Кәсіп пен нәсіп» атты ойсаларлық мақаласы жарық көріпті.

Өзі зерттеп жүрген арғы түріктің төл мекені – Өтүкеннен шығып, әлемдік саясатқа ықпал еткен Тоныкөк жабғу мен қазақ­ты қайтсем қайырлы жерге қо­ныс тепкіземін деп Жерұйық ізде­ген Асан қайғылардың жолы­мен ел қамын жеп, қайтсек еңсе көтереміз деп толғаныпты. Тү­гел түркінің қамын жеген Исма­ғұл бек Гаспыралының «...Қазақ арасында ғалым, саудагер, мұғалім, шәкірт болып жүрген бауырларымыз осы жазбаны ескерсе екен», – деген жанайқайы арқылы, Алланың пәрменімен тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгін­де мың құбылған ғаламның көшіне ілесіп келе жатқан қазақ жұртына ой саларлық аталы сөз арнапты. Көптен көкейімізде жүрген ой болғандықтан, біз де үн қосуды жөн деп таптық.

Осыдан біраз уақыт бұрын телеар­­на жаңалықтарында Шым­­кент шаһарын көрсетіп жатып, қазір карантин кезінде елі­міз­ге келіп жұмыс істейтін өзбек ағайындар жоқ, сол себеп­ті қалада құрылысшы, қара­уыл және көше сыпырушы деген сияқты жұмысшы күші же­тіс­пейді деп хабарлап жатыр. Бұл – бұрыннан келе жат­қан өзекті мәселе! Елімізде жұ­мыс­­сыз адам көп, сөйте тұра біз­де жұмыс күші жетіспейді! Неге? Міне, осы сұрақтың жауа­бын іздеу – мемлекеттік орган­дар­дың міндеті! Халықты ұйым­дас­тырып жұмыс істету, еңбекке үйрету – мемлекеттің ғана емес, көзі қарақты қазақ азаматта­ры­ның парызы! Еңбегін ембеген, ел болмас! Осы мәселені терең ойланғанымыз жөн деп білемін.

Бүкіл Қазақстанның халқына тең тұрғыны бар Мәскеуге архив іздеп екі бардық. Ол жерде де сауданы қыздырып жатқан, халыққа қызмет көрсету саласын жаулап алған – қырғыз, кавказдық және өзбек ағайындар. Статистикаға жүгінсек, 2 млн қырғыз Ресей жерінде жұмыс істеп, еліне қара­жат жіберіп отырады екен. Қара жұмысқа арланып жат­қан оларды көрмейсің. Ал біз­дің қазақ жігіттерінің бір­азы шал-кемпірдің зейнет­ақы­сына телміріп, ауылдан шық­­пайтын үй­күшік екені өтірік емес. Өкі­ніш­ке қарай, Абай ата­мыз­дың заманында бол­ған кер жал­қау­лық пен керенау­лық біздің қазаққа сор болып жабысқандай. Қайтсек кетіреміз?!

Менің жақсы бір танысым ауылда отар-отар қой ұстайды. Ылғи қойшы іздеп жүргені. Ауыл­дық жерде айына 120 мың теңгеге қой бағатын адам табылмайтынын айтып зар қағады. Д.Қыдырәлінің «Ауылда төрт түлік малды түлетіп отырып, сиыр саумай, күбі піспей, ірімшік жасамай, айран ұйытпай, маргарин майды талғажау ететіндерді талай көріп жүрміз. Мал бағатын, малдың жөнін білетін адам табу қиын дейді білетіндер», деп жаз­­ғаны ащы шындық! Оны да кезін­де талай көрдік. Үйдегі сиы­рын сауып, сүтін арзан бағаға кол­хоз­ға сатып, қара шәй мен қара нан­ды талғажау етіп отыратын от­басылар көп болатын. Сол дәстүр әлі де көп жерде бұзыла қой­ма­ған. Тіпті бұл күнде кері кетіп, ауыл­­дағылар сиыр саумайтын бол­­ған. Жаңағы Дәкең айтқан марга­­рин мен қара шәйға қарап отыр.

Қазақтың ұлан-ғайыр шұрай­лы даласы дәнді дақылдар егуге қолайлы. 1 гектар жерден 16-24 цент­нер астық алып үйрен­ген халықтың 30 жылда алға бас­қаны шамалы. Бұл күні шаруа­ның егін егуге күн санап құлқы кетіп барады. Аграрлық универ­ситетті бітірген жоғары білімді мамандардың басым бөлігі ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге жарамайды. Тіпті ауыл шаруашылық техникаларының тілін білетін механизаторлар қалмады. Біздің бала күнімізде колхозда ауыл шаруашылық техникаларын жөндейтін ұста дүкендері мен токарьлар болатын. Соқа, тырма, автоматты шал­ғылардың барлығын сол жер­дегі шеберлер жөндеп жата­тын. Сол кездегі адамның істе­ге­нін бұл күнгінің адамы істей алмай ма?! Әрине істей алады.

Сондықтан осындай мәсе­лелерге назар аударуымыз керек деп есептеймін. Мемле­кет экономиканы нақты жоспар­лау саясатын қолға алып, шаруа­шылықтар мен кәсіпкерліктің қажетті басым бағыттарын тез арада дамыту бағдарламасын жасауы тиіс; Қазақстан Республикасы жоғары сапалы әрі экологиялық таза азық-түлік өндіретін елге ай­налуы тиіс; Қазақстаннан ас­тық пен ет, басқа да ауыл шаруа­­шылық өнімдерін шикізат күйін­де экспорттауды кезең-кезеңімен аз уақытта тоқтатып, оларды толық өңдеп, жартылай фабрикаттар мен фабрикаттар түрінде экспорттайтын жүйе қалыптастыру қажет; Қазақстан Республикасының жекеге өтіп кеткен ауыл шаруашылық санатындағы жерлерді қайта қарап, егістік, шабындық және жайылымдық жерлерді мал басына сәйкес қайта бөліп, ха­лық­тың мал шаруашылығымен жаппай айналысуына жағдай жасау қажет; мал шаруашылығын дамытуда сырттан әкелінетін «асыл тұқымды» аталған түлік түр­леріне емес, бұрыннан осы жердің жер жағдайы мен таби­ғатына бейімделген қазақтың жыл­қысын, сүті аз болса да құ­нар­лы әрі майлылығы жоғары, суық­қа төзімді әрі етті қазақ сиы­­рын, шұбаты мың ауруға ем бола­тын түйесін, қотыр болмайтын қазақы қой-ешкіні өсіруді жолға қою қажет деп ойлаймыз; жылдам өсіп-өнетін үй құстарын (күркетауық, қаз, үйрек, тауық, бөдене) өсіретін фабрикалар жүйесін дамыту қажет; Түркі­стан облысының жылы аймақ­тарындағы жерлерде жылыжай­лар жүйесін мемлекеттік дең­гейде ұйымдастыру қажет.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ да­ла­сы жоғары сапалы әрі эколо­гия­лық таза азық-түлік өнім­дерін то­лық өңдеп барып экс­порт­тай­тын экономи­ка­лық алаң­ға айна­луы керек! Егер ауыл шаруа­шы­лық саласы ға­лымдарын дұ­рыс ұйымдас­тырып, ғылыми не­гіз­де жоспарласа, халықты ұйым­дастыруға және жұмысқа үйре­ту­ге толық болады деп ойлаймыз.

Бүгінгі таңда осы бағытта тереңдете жұмыс істеп жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саясатына ерекше қолдау білдіремін! Екіншіден, тентекті тезге салар­лық темірдей тәртіп пен жа­тыпішер жалқауды еңбек етуге мәжбүрлейтін механизм­дер (жазалау түрінде емес, ын­та­ландыру түрінде) қалыптас­тырылуы қажет. Үшіншіден, барлық аймақтар мен ауылдарда қара халық өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін сапа­сы мен сұрыпына қарай ортақ бағамен сатып алатын «Мемлекеттік қоймалар жүйе­сін» жасақтау қажет. Кеңес зама­нын­­дағы­дай төрт түлік шикі­за­тын қабылдау пункттерін ұйым­дастырып, тері-терсек, былғары, түбіт, жүн, мүйіз және т.б. қабылдау стандарттары мен мемлекеттік бағасын бекіту арқылы шаруаларға мемлекет алғашқы кезде қолғабыс көрсетуі қажет деп ойлаймыз.

Көрші өзбек еліне барғаны­мызда, ортағасырлық архитектурасымен дамытылып жатқан Бұхара қаласын көріп, мем­лекеттік саясатқа тәнті болдық. Ұлттық туризмнің өзіндік көзін тапқап өзбек ағайындарға риза болдық. Шіркін-ай, бізде де қазақ­тың ортағасырлық этно-қала­лары жүйесін жасап, сол жерлерде қазақ туризмін да­мыт­сақ қой деп ойладық...

Оңтүстік Кореяға барған сапарымызда, тау біткенді текшелеп, барлық жерге күріш егіп, бақша салған корейлердің еңбекқорлығына ауыз ашып, көз жұмдық. Жер емген халықтың қалпын көріп, өзіне тиесілі 10-25 сотық жеріне бақшалық дақыл салмайтын ауылдастарымыз бен замандастарымыз еске түсіп, неге біз сондаймыз деп ойладық?

Түркияға барғанда байқа­ғаным, әр адам өз кәсібін ынты-шынтысымен, сүйіспеншілік­пен істейтінін байқадық. Тіпті көшедегі аяқ киім тазалаушы балаға дейін өз ісіне ерекше құрметпен қарайды. Әр қимыл-қозғалысына мән-мағына беріп істейді. Шәй құюшы мен нан сатушы, дөнер пісіруші, барлығы да сондай. Өз кәсібін сүйеді. Соны көргенде, мына жұмыс уақытша, бастық болғанша немесе басқа жақсы жұмыс тапқанша дейтін, жұмысына шүкіршілік етпейтін, өзі істеп жүрген кәсіпті сүймейтін, қанағатсыз қазақтарымды ойлап шерменде боламын. Адам жаны сүймеген жұмыста береке бар ма?!.

Мақала авторының осындай өзекті мәселеге тоқталып, халықтың кәсібі мен нәсібі туралы ой қозғағаны бекер емес. Күні кеше Исмағұл бек Әли­хан мен Ахметтей қазақ оқыған­дарына қарата мақала жазса, Дархан Қыдырәлі мырза елім деген көзі қарақты қазаққа арнап ұран тастағандай! «Атакәсібі – ҰРПАҚ НӘСІБІ!» дейтін заман­ға жетейік, ағайын!

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ