• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Мамыр, 2020

Орталықтан оларға орын жоқ па?!

209 рет
көрсетілді

Биыл облыс орталығындағы көше атауларын елдік мақсат-мүддеге сай өзгерту туралы қоғамдық тыңдаулар өткен-ді. Әдеттегідей қарсы болғандар да, «қызыл» атауларды қимайтындар да арамыздан табылды. Есіме осыдан он жылдай бұрын болған мына бір жай түсті.

Облыс орталығының Лесозауыт деп аталатын шеткі аймағына келіп, «Аймауытов, Бек­ма­ханов, Әуезов атындағы көшелерді көрсетіп жібер­мей­сіз­дер ме?» деп жолай кездескен тұрғындардан сұ­растыра бастадық.

 Біреулері естіп тұрғанымыз осы деді, біреулері қаланың шетінен іздеңіздер деді, біреулері бастарын шайқасты.

Лесозауыт – Павлодар – Астана автожолы бо­йын­дағы қаланың солтүстік өнеркәсіптік ауданы. Ертіс өзені жағалауындағы аудан қаптаған кот­тедждер тізбесімен көрікті болғанымен, мұнда тұ­ратын ауқатты адамдарға көше атаулары еш­қан­дай ой салмаған секілді.

 Содан не керек, саяжай телімдері арасынан Қазыбек би, Мәшһүр Жүсіп, Ермұхан Бекмаханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Сабыр Шәріповтің аттарына берілген көше деуге келмейтін жерлерге сүрініп-қабынып жүріп әзер жеттік.

 Ермаков, Потапов деген көше атауларының арасынан халық ақындары Қали Байжанов /1877-1966/, Темірболат Арғынбаев /1889-1940/, Байғабыл Жылқыбаевқа /1896-1977/ берілген көше атауларының жазуларын көзіміз шалды.

Ертеңіне Зеленстрой аталатын шеткі ауданға келдік. Бұл ауданда 22 көше бар екен. Өзіміздің жер­лестеріміз халық ақыны Құдайберген Әл­сейітов /1884-1933/, ақын-жазушылар Сәбит Дө­нентаев, Екібастұз көмірін тапқан Қосым Пі­шен­баев, жазушы Зейін Шашкинге берілген аты бар да заты жоқ көшелер қарсы алды.

«Әйтеуір, қаладағы 315 көшенің тізі­мінде тұр. Қазақтан бірінші болып Сұлтан Бей­барыстың басына барған жерлесіміз ақын Қаб­дыкәрім Ыдырысов атындағы көшенің не еке­ні белгісіз» деп сол кезде «Егеменге» жанайқай жаз­ған едік.

Қазір де Ермак, Павел, Люксембург, Теплов, Степан Разин, Чапаев, Кошевой, Минин, Рылеев, Луначарский, Урицкий, Сенная, Осипенко, Урицкий, Сормов, Павлов, Путейская, Ладожская, М.Горький, Маяковский, Матросов, Кунавин, Зас­лонов, Российская, Украинская, Ткачев, Некрасов, Пар­ковая, Набережная тағысын тағы осы сияқты атау­лар тізбесі аз емес.

Енді сүйінші делік. Биыл қала әкімдігінің шеші­мімен облыс орталығындағы көше атауларын өзгерту бойынша түскен ұсыныстар орындалды. Қазір С.Торайғыров атындағы университет ғалым­дарының ұсынысымен Димитров көшесіне – Жүсіпбек Аймауытов, 1 Майға – Мәшһүр Жүсіп, Карл Маркске – Әлихан Бөкейхан, Кировке – Ермахан Бекмаханов, Короленкоға – Бұқар жырау, Бестужевке – Шәкәрім Құдайбердіұлы есімдері берілді.

 Сондай-ақ Володарский – Желтоқсан, Боль­шая обьездная – Жібек жолы, Крупская – Едіге би, Чкалов – Сағадат Нұрмағамбетов, Пахо­мов – Қабдеш Нұркин деп аталады.

 – Идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атау­ларын ауыстыру мемлекетіміздің қалыптасуына үлесін қосқан тарихи тұлғаларымыздың есімін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Өзге ұлт өкілдері де таныса алады, – дейді қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Олай болса, ұлты­мыз­дың басқа біртуарларының да есімдерін ұлықтап төр­ге шығару қажет.

 

ПАВЛОДАР