• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 14 Мамыр, 2020

Шығынға ұшырадық деп дабыл қаққан құс фабрикасы мемлекеттен 5 млрд теңге субсидия алған

311 рет
көрсетілді

Алматы облысының Іле ауданындағы құс фабрикасының иелері БАҚ-қа банкрот салдарынан өндірістерінің тұралап тұрғандығын айтқан болатын. Анығында олар соңғы 5 жылда мемлекеттен 5 млрд теңге көмек алған. Бұл еліміздің бүкіл жұмыртқаға субсидия түрінде бөлінетін, құс саласына берілген мемлекеттік қолдаудың жылдық көлеміне тең. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде 37 құс фабрикасы жұмыртқа өндіреді. Жылдық өнім - 4,3 млрд. Жалпы, жеке шаруа қожалықтарын есепке алғанда, Қазақстанда жыл сайын 5,6 млрд-қа жуық жұмыртқа шығарылады. Өнімге деген ішкі сұранысты 100%-ға қамтып отыр. Экспортқа шығаруға да жақсы мүмкіндік бар, өткен жылы құс фабрикалары жарты млрд-тан астам жұмыртқа экспорттады.

Соңғы 10 жыл ішінде құс фабрикаларына 74,2 млрд субсидия бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмыртқа өндірісі 83%-ға өсті.

Қолдау тұрақты нәтиже бергендіктен, 2017 жылы құс шаруашылығын қолдауды арттыра отырып, 2020 жылдан бастап жұмыртқаға тауарлық субсидияны азайту туралы шешім қабылданды. Алайда биылғы  COVID-19 індетіне және соның салдарынан болған экономикалық өзгерістерге байланысты, азық жұмыртқасының өндіру құны азайып өсті. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік жұмыртқаларын өндіруді субсидиялауды бір жұмыртқа үшін  3 теңгеден 1,5 теңгеге дейін төмендету арқылы жалғастыруды шешті. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мақсатқа 5 млрд астам теңге бөлуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жыл басынан бастап өндірістің барлық көлемі субсидиялауға жатады.

Бұған қоса, Үкімет айналым қаражатын толықтыруға арналған құс фабрикаларын қаржыландыруды «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына енгізді. Осы қадамның арқасында жұмыртқа өндіретін барлық құс фабрикалары қазірден бастап жем сатып алуға жеңілдетілген несие ала алады.

Мемлекеттік қолдау шаралары мұнымен шектелмейді. Өндірістің тұрақты көлемін қамтамасыз ету үшін  Ауыл шаруашылығы министрлігі құс фабрикаларына 40 мың тонна астықты төмендетілген бағамен ұсынуда. Нарықтағы астық тоннасына 91-93 мың теңге болса, «Продкорпорация» АҚ құс өсірушілеріне тоннасына 87 мың теңгегеден беруде. Бүгінгі таңда құс өсірушілерге 7,5 мың тонна арзандатылған астық беріліп, 4 мың тоннаға қосымша келісімшарттар жасалды.

Жоғарыда айтылғандардан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі құс фабрикаларына асыл тұқымды құс сатып алуға субсидия береді және азық-түлік жұмыртқаларын экспорттауға көлік шығындарын өтейді. Ет құс фабрикаларына құс етінің құны субсидияланады - кәсіпорынның қуатына қарай килограмына 40 теңгеден 80 теңгеге дейін.

Осылайша, Қазақстандағы құс фабрикалары мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен  қолданады. Өздеріңіз білетіндей, жұмыртқа тамақ өнеркәсібінде, атап айтқанда нан өндіруде, сонымен қатар халық шаруашылығының басқа салаларында: медицина, косметика, полиграфия, тоқыма өнеркәсібінде және т.б. кеңінен қолданылады.

«Сарыбұлақ» ЖШС директоры Мұрат Увалиевтің БАҚ-тағы сөзіне тоқталатын болсақ: соңғы 5 жыл ішінде бұл компания өндірілген жұмыртқаға 1,8 млрд теңге және өндірілген құс етіне 3,2 млрд теңге субсидия алған. Осылайша, компания мемлекеттік қолдау шараларымен толық қамтылған.

Субсидиялаудың негізгі мақсаты өнімнің өзіндік құнын төмендету екенін ескерсек, алынған субсидиялар өндірісті одан әрі дамытуға және жем мен негізгі қорларды сатып алуға бағытталуы керек.

Алайда «Сарыбұлақ» ЖШС-де бірнеше жылдан бері жұмыртқа өндірісі көлемінің өскені байқалмай келеді. Осындай үлкен көлемдегі қолдау көрсетіліп отырған кезде кәсіпорынның жем сатып алуға қаражаты неліктен жетпейді – деген  сұрақ жауапсыз күйінде қалып отыр.