Бүгін WhatsApp желісінде қостанайлықтарды дүрліктірген келеңсіз бейнежазба тарады. Онда Қостанайдағы «Арыстан» жеке күзет агенттігінің қызметкері қыз баланы көлікке шашынан сүйреген күйі күштеп кіргізеді.
Тұрғындардың наразылығын туғызған бейнежазбаның мән-жайын сәл кейінірек полиция департаментінің баспасөз қызметі баяндап берді. Олар берген ресми ақпарат бойынша, оқиға 13 мамыр күні сағат 16.50-де болған. Күзет қызметін Абай даңғылы мен Быковский көшесінің қилысында орналасқан жанармай бекетінің операторлары шақыртыпты. Оқиға орнына жеткен «Арыстан» жедел қимыл тобына куәгерлер қыздың жанармай құю бекетінің әйнегіне тас лақтырып, асфальт төсеп жатқан жұмысшыларға жұдырық ала жүгіргенін айтады.
Өзін ұстамақ болып ұмтылған екеуді көрген қыз бір күзетшінің бетін тырнап, екіншісінің құлағын жыртып тастайды. Күзетшілер тәртіп бұзушыны екеулеп жүріп көлікке басып, полицияның «Оңтүстік» бөліміне жеткізген. Полиция оның Нұр-Сұлтан қаласынан келгенін және қыз бала емес, 1988 жылы туған ер адам екенін анықтайды.
- Бейнежазбадағы адамды шаштан алып сүйрелеген күзетшіге қатысты ҚР ҚК 252-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал күдіктінің кінәсі бастапқы іс материалдары жинақталған соң белгілі болады, - деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.
Қостанай облысы