Өткен жылы заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығын кең көлемде атап өткен Маңғыстау жұртшылығы биыл тағы айтулы іс-шаралар қарсаңында тұр. Оның бірі және халықтың ерекше ықыласына ие шара – Пір Бекет ата Мырзағұлұлының 270 жылдығы.
Әбішше айтсақ, «...ол тірісінде – елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы Саясы бола білген Азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы. Озбырлықтан Обал мен Сауапты арашалаған Пірәдар. Елі мен жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адам. ...Әлсізге Медет, Күштіге Айбат, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі».
Ғасырлар бойы жұртының жадынан жоғалмаған, жүрегінен жойылмаған Бекет ата есімі – тентекті тезге салар тәрбие мен тағылым мектебі. Өздерінен бұрынғы бабалар жолын жалғастырған бүгінгі ұрпақ Пір ата рухына құрмет пен сүйіспеншілікті жоғалтқан жоқ. Бекет атаның мерейтойы қарсаңында он жыл бұрын салынып халық игілігіне ұсынылған «Ата жолы» жаңғыртылып-жаңартылып қолданысқа қайта қосылды.
Бүгінде Оғыланды тауындағы Бекет ата жерленген жер – халық жиі зиярат етіп баратын орын. Әсіресе туристік саланы дамытуға басымдық берген елімізде Маңғыстаудың көрікті-көрнекті жерлеріне туристерді көптеп тарту бағытында табиғи сұлу орындармен бірге тарихи-мәдени нысандардың, тарихи ескерткіштердің алар орны зор. Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде он үш мыңнан астам тарихи-мәдени нысандар зерттеліп, құжатталды. Төрт жүз қырықтан астам ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынды, олардың жиырма бірі республикалық маңызға ие. Екі жүз қырық тоғыз археологиялық ескерткіші толықтай зерттелген десек, оларға тас дәуірі соңындағы тұрғын кешендер, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі діни-жерлеу нысандары, ортағасырлық ескі қалалар, бекіністер, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан керуен сарайлары, археология, сәулеттің үлкен және шағын формалары кіретін жүз қырық кешендік ансамбльдер, сонымен қатар сәулет пен құрылыс мәдениетін танытатын алпыс ескерткіш жатады. Маңғыстаудағы жерасты мешіттері, қауым-қойылымдардағы құлпытастар мен тамдар ерекшеліктері туристерге зор әсер сыйлайтыны анық. Бұл мүмкіндік Маңғыстау өңірін Қазақстандағы он үздік туристік аймақтың бірі ретінде ерекшелейді. Жыл өткен сайын Каспий теңізінің жағасы туристер демалатын орынға айналып, келушілердің саны арта түсуде. Ал Қазақстанның жеті кереметінің бірі саналатын Бекет ата жерасты мешіті және басқа да қасиетті орындар әрі зиярат етушілерге, әрі туристерге мол әсер, рухани серпіліс сыйлай алады.
Биылғы мерейлі мерекеге орай Бекет ата мешіті мен жол бойында орналасқан Шопан ата мешіттерінің аумағы абаттандырылып, көне жәдігерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 12 шақырым қашықта жер астынан шығатын табиғи суға құбыр тартылып, мешітке әкелінді. 2017 жылы басталған «Ата жолы» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары жобасы екі кезеңмен жүргізілді. Алғашқы бөлігінде 5 млрд 460 млн теңгеге 51 шақырым жол жөнделсе, екінші кезеңінде 4 млрд 554 млн теңгеге 46 шақырым жолға реконструкция жасалып, асфальт төселді. Ендігі кезекте аймақ басшылығының тапсырмасымен Бекет ата мешітіне газ желісін тарту мәселесі қолға алынды. Демеушілердің көмегімен алдағы уақытта бұл жоба да іске асады деп күтілуде.
– Әріптестермен, ел ағаларымен, «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамымен бірге Бекет атаның басында тағы қандай жұмыстар ұйымдастыруға болатындығын ақылдастық. Қазіргі кездегі өзекті мәселе – газ әкелу және келген суды тұшытып, халық игілігіне жарату. Оны да ақылдастық. Демеушілердің көмегімен алдағы уақытта ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Шопан атаның басына да су тарту, көгалдандыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.
Бекет ата есімі мен рухы ұрпақтарымен бірге жасай бермек.
Маңғыстау облысы