Жақсы ауданында осыдан екі жыл бұрын бастау алған «Өнерлі қол – бақытқа жол» деп аталатын қолданбалы-сәндік өнер туындыларын қамтыған шығармашылық жоба табысты өткізілуде.
«Ел іші – өнер кеніші» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Тек осы уақытқа дейін булығып жатыпты. Қайнар бұлақтың көзін ашқан, шалғайдағы шеберлерге дем берген, жалауын желбіреткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының серпіні. Сары сағымға оранған шалқар даланың төсіндегі замандастарымыздың көкірегіндегі қыздың жиған жүгіндей қатталып жатқан көркем дүниеде сәл-пәл ғана өсіріп айтқанда, шек жоқтай. Неше түрлі заттан жасалған әралуан бұйымдар. Хас шебердің қайталанбас ғажайып туындысы іспетті. Қарап тұрып шын шеберлер ауылда жатыр екен ғой дер едіңіз. Теріден, ағаштан, балшықтан жасалған қаншама бұйым. Бірінен-бірі өтеді, бірінен-бірі қызық. Қайсысы болсын көз тартып, көңіл арбап тұр.
Ең алғаш көпшілік назарына ұсынылған қолданбалы-сәндік туындаларының көрмесі Жақсы ауылындағы мәдениет үйіне қойылған 2018 жылғы көрмеден басталған. Ауданның әр елді мекенінде тұратын 33 шебердің 300-ден астам еңбегі көрерменді таң-тамаша қалдырған. Жақсының жалпақ даласында тап осыншалық көкірегі ояу, қолы шебер адамдар тұрады деп бұрын-соңды ойламаған да болар. Жасампаз жарқын өмірді бейнелейтін кескіннен тұла бойыңа беймәлім жылу тарайтындай. Көңіліңе қуаныш сазын дарытатындай.
Әр шебердің еңбегі жеке-жеке бағаланып, жетістігі айтылған. Осы жерде тәжірибелі шеберлердің шеберлік сыныптары да өткізілді. Талаптылар ғана емес, көрерменнің ішіндегі қолы епсектілері де қатысып, қыр-сырын ұғынған. Сөйтіп Жақсының жақсы ісі ат тұяғы жететін аумаққа тегіс тарады. Атбасар, Есіл, Жарқайың аудандарына көшпелі көрме ұйымдастырылып, өнегенің өрісі кеңейе түсті. Кейін «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылық облыстық көрмесіне қатысып, таланттылардың тәлімді ісі талайға белгілі болды. Облыс орталығының тұрғындары да шалғайдан келген шығармалардың шырайын жоғары бағалады.
Осы жоба шеңберінде деректі фильм түсірілді. Ел ішіндегі өнерлінің өз еңбегінен қанағат тауып, көкірегі мақтаныш сезімі кернейтін сәт туды. Олар да қанаттанып, марқайып қалды. Талай талант иесіне қуаныш сыйлаған жоба әлі де жалғаспақ. Жақсыдағы жақсы өнер өткен тарихтың өңін уақыт тозаңынан аршып алып, кейінгі жасқа өнеге етумен қатар, болашақтың бағдарын айнытпай сілтейтін темірқазық іспетті дүние. Өйткені шеберлердің ойын онға, санасын сегізге бөліп, бойындағы бар білім-білігін сарқа жұмсап жасаған дүниелерінің жалпы мазмұны замандастарымыздың бойындағы құндылықтарды бір арнада жинақтап, ортақ рухани байлықты еселей түседі.
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы