• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Мамыр, 2020

Шаттығы шалқыған шаңырақ

404 рет
көрсетілді

Отбасы деген шағын мемлекетте әкенің қайраты мен айбаты, ананың мейірімі мен махаббаты қатар төгіліп, екі сезім егіз бұрымдай өрілгенде ғана іргесінен ізгілік шуағы шашырамақ. Бұндайда қазақ «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деп жатады.

Отағасы Серік Төлеубаев Павлодар облысы, Екібастұз қаласындағы «Богатырь» көмір кенішінде жол жөндеуші болып жұмыс істейді. Ал отанасы Нұрсұлу Еркебайқызы мәдениет саласының қызметкері. Отбасында бір қыз, екі ұл өмірге келіп, олардан 7 немере сүйіп отыр. Серік Айтқұлұлы ұжымда беделді. Көп жылдан бері еңбегін адал атқарғаны үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Бос уақытында немерелерін ауылға апарып, төрт түлік малмен, ауыл өмірімен таныстырады. Отағасы үшін отбасының әрбір мүшесінің жеті атасын білгені өте маңызды. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөзді арқау етіп, немерелеріне ата тарихы туралы айтып, олардың қандай жан болғанын, елі-жұрты үшін еткен ерлігі, өнегелі істері жайында әңгімелеп отырады. Осылайша, бала ата дәстүрін жалғастырса екен дейді. Ал жары Нұрсұлу Еркебайқызы жоғары білімді, Екібастұз қаласы әкімдігі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Атамұра» мәдениет орталығында 20 жылдан бері қызмет істеп келеді. Екібастұз қаласы әкімінің жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының белсенді мүшесі. 2018 жылдан қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, Екібастұздағы іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі.

«Шүкір, балаларымыздың барлығы өмірден өз орындарын тауып үлгерді, ұлы­мыз­ды ұяға, қызымызды қияға қондырдық. Бүгінде олардан немере сүйіп отырмыз. Үл­кен ұлым әке жолын қуып кенші болды. Ал кенже ұлымыз болса, мәдениет саласына мойын бұрды. Бүгінде Қорғаныс министрлігі орталық әскери оркестрінің солисі. Келіндерім де шығармашылыққа жақын жандар. Қай ата-ана болмасын баласына түзу тәрбие беруге тырысады ғой. Біз де солай, балаларымызға үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді, адал болуды, адам болуды үйреттік. Ата-ана жақсы ісімен де үлгі болуы керек. Келіндеріміз біздің отағасы екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасқа таңғалып, қызығып жатады. Біздің шаңырақ көтергенімізге 34 жыл болса да, бір-бірімізге үнемі қамқорлық танытып, балаларымызға үлгі болуға тырысамыз. Балаларыма үнемі айтып отырамын: «Мені отбасының киесіне айналдырған әкелерің», деп. Отбасында әкенің рөлін көтеру арқылы баланы дұрыс тәрбиелей аласың», дейді Н.Еркебайқызы.

Айтпақшы, Төлеубаевтар отбасы өткен жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқа­уы­ның республикалық кезеңіне жолдама алып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының арнайы сыйлығының иегері атанған.

«Отанасы Нұрсұлу Еркебайқызы отба­сы­ның ғана емес, қаламыздың мәдени, қоғамдық шараларына белсене қатысады. Ал Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орта­лық ансамблінің концертмейстер ұлда­ры Дәурен жақында Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі Жар­лы­ғымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл да зор қуаныш болды», дейді Павлодар облысы, Екібастұз қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Хамзақызы.