Қайырымдылық – қазақтың қанына сіңген, жанындағы жабырқау көңілді жан жылуының шуағымен нұрландыратын әдемі қасиет. Сандықтау ауданында қайырымды істер акциясының барысындағы ел азаматтарының пейілін, ниеті мен ықыласын көріп замандастарымыздың бойында осындай қасиеттердің бекемдігіне шынымен қуанасың.
Балкашин ауылындағы дүкен, дәмхана иелері, жекелеген кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, зейнеткерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларына көп-көрім көмек көрсетті. Тіпті, әл-ауқаты бар азаматтар бір-бірімен жарысқа түскендей. Қарап тұрсаң, жақсылық жасаудан жарысу – тілің жеткенше тамсана айта жүретін тамаша жарыс. Көпұлтты елді мекендегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері де қоңторғай сәтте іргесін алыс салып қарап қалған жоқ. Осы өңірдегі түгін тартса май шығатын құнарлы жердің игілігін көріп отырған соң ауылдастарының дастарқанына адал дәм бұйыртуды өз парыздары санаған олар қап-қап ұнды, жәшік-жәшік азық-түлікті үйіп тастады. Сөзімізді нақты дерекпен шегелеу үшін Каменка селолық округіндегі «Каменка және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Джейранов жүз отбасына бір-бір қап ұннан апарып бергендігін айтсақ та жеткілікті. «Уни» серіктестігінің директоры М.Мустафаев Богославка ауылындағы 17 отбасын қамқорлығына алып, бір-бір қап ұн жеткізіп берді. Оған қоса осы серіктестік Балкашин ауылдық округіндегі 50 отбасыға ұн таратса, округтегі дүкендер мен дәмханалардың иелері дәмге толы азық-түлік себеттерін жеткізді. Осы арада бір-бірімен қанаттаса жерлестерін қамқорлыққа алған М.Гусейнов, В.Дынько, М.Әбуев, Е.Съезбеков, И.Съезбеков, С.Джейранов тәрізді шаруашылық басшыларының есімдерін құрметпен атай кетуге болады.
Балкашиннің белді жігіттері мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, аудандағы іргелі істерге ұйытқы болуда. Қазақтың «бірлік бар жерде тірлік бар» дейтіні осындай жанашырлық лебі есіп тұратын іс-қимылдан көрінеді. Бірлігі бекем болған соң бұл өлкедегі кей шаруа ел жайын ойлаған азаматтардың ымыраласқан қолғабысымен-ақ шешіліп жатыр. Айталық, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты А.Белуха Сандықтау ауылдық округіндегі мәдениет үйінің шатырын жаңартып беруге қаражат бөлді. Веселое селолық округіндегі «Байдалы» серіктестігінің директоры Б.Оразалин ауылдастарына азық-түлікпен көмектесумен қатар көктемгі су тасқынының алдын алуға да бір адамдай еңбегін сіңірді. Биыл бұл өлкеде қар қалың түсті. Серіктестік басшысы зейнеткерлер мен жалғызілікті адамдардың аулаларын қардан тазалауға, көктемгі қызыл судың арнасын бұруға атсалысты.
Саралап қарасаңыз, елді ойлаған шаруадан бірде-бір кәсіпкер сырт қалмаған екен. Әрине, өз еріктерімен, өз пейілдерімен. Осының өзі-ақ қуантады. «US-AGRO» серіктестігінің директоры Уәлихан Әріпов Барақкөл ауылдық округіндегі 41 отбасына азық-түлік жеткізсе, Ж.Мұсқанов, Ш.Доқаев, Е.Усенко тәрізді Лесной селолық округінің шаруашылық басшылары да өз маңындағы ел-жұртты қамқорлықтарына алған.
Атам қазақта, «көрші хақысы тәңір ақысы» дейтұғын астарына атан түйеге жүк болар мазмұн ұялатқан аталы сөз бар. Төтенше жағдай кезінде жұрт бірлігі арта түсті. Сандықтаулық Елена және Виктор Карповтар орта мектептің оқушыларына компьютер сатып әперді.
Әп еткен бетте бетперденің де тапшы болғандығын елдің бәрі біледі. Міне, осы сәтте бойында күш-қуаты бар аға буын өкілдері де қарап қалған жоқ. Жастар қайырымдылық жасап жатқанда жайбарақат отырғанымыз ұят болар дегендей, Балкашин ауылының зейнеткерлері Роза Жубасова, Баян Ахметова, Людмила Костулина, Зинаида Тотакаевалар үш жүзден астам бетперде тігіп, жерлестеріне тегін таратты. Осы мысалдардан-ақ ел ішіндегі бірліктің бекем екендігіне көз жеткізуге болады. Ал бірлік бар жерде тірліктің бар екендігі әлмисақтан белгілі.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы