• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Мамыр, 2020

Ауыл шаруашылығы министрі іс-сапармен ШҚО-да болды

141 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Сапархан Омаров көктемгі дала жұмыстарының жайымен танысып, ірі тұқым өсіру шаруашылығында болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министріне өңірдегі әкімдік өкілдері егін науқанының жай-күйін толықтай таныстырды. Бүгінгі таңда жер жырту, ылғалды жабу және күздік дақылдар мен көпжылдық шөптерді егу жұмыстары толығымен аяқталды.

Жалпы, биыл Шығыс Қазақстан облысында 1,3 миллион гектар алқапқа егін егіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 мың гектарға көп. Көбіне облыста дәнді және бұршақты, сонымен бірге майлы дақылдар егіледі. 445 мың гектардан астам жерге негізінен майлы дақылдар салынады.

Сондай-ақ, 19 мың га жерге картоп, 16 мыңға көкөніс пен бақша салынады. Бұл Шығыс Қазақстан облысындағы жалпы егіс алқабының 2,5% құрайды.

Облыста көктемгі дала жұмыстарын 2,5 мыңнан астам шаруа қожалықтары жүргізеді. Оған 16,6 мың трактор, 5 мыңнан астам жүк көлігі, 93 егін егу кешені, 11 мыңнан астам сепкіш, соқалар мен қопсытқыштар тартылды.

Егіс алқабы үшін Павлодар МХЗ-нан 30 мың тонна дизель отыны берілді. Тұқым, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер мен пестицидтер сатып алуға субсидия түрінде облыстық бюджеттен 5,4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Көктемгі дала жұмыстарымен танысқаннан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Глубокое ауданы, Солнечное ауылындағы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС ұжымымен кездесті. Бұл 55 жылдық тарихы бар компания. Негізгі бағыты күнбағыс және дәнді дақылдардың жоғары репродукциясының тұқымдарын өндіреді, сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдерінің тауарлық өндірісі және сүт фермалары бар. Компанияда 350 адам жұмыс істейді.

Компания директоры М. Атаханов министрге қолданыстағы өндірістік база жайлы баяндады. Оның айтуынша, фермада 10 мың гектар алқап бар, онда күздік және жаздық бидай, арпа, бұршақ, соя, күнбағыс және көпжылдық өсімдіктердің тұқымдары өсіріледі. Майлы дақылдарға әсіресе күнбағысқа ерекше басымдық беріледі. 1965 жылдан бастап компания 20-дан астам жоғары сапалы май түрлерін шығарды.

Сапархан Омаров тәжірибелі шаруашылықта ғылымды дамытуға 100 миллионнан астам қаражат тарту бойынша жұмыстар ұйымдастырылғанын атап өтті. Инвесторлар қаражатына жаңадан селекциялық тұқым шаруашылығы және зертханалық құрылғылар алынған.