Облыс орталығындағы қалалық сот ғимаратында «Неке және отбасы» арнайы бөлімше ашылған. Павлодар қаласы ажырасу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Былтыр Азаматтық істер жөніндегі соттың қарауына алынған 2196 істің 880-і неке бұзуға байланысты түсіпті. Сот саласының қызметкерлері ажырасуға келген отбасылармен әңгімелесіп, қайта табыстыру мақсатында жаңашылдық үлгіде қызмет етуде.
Қалалық соттың судьясы Гүлмира Қайырбекованың айтуынша, қазір қалалық сотта неке беріктігін, отбасын сақтау мақсатында арнайы қанатқақты жоба жүзеге асырылуда. Жоба барысында медиаторлар бөлмесі, құрамында ақсақалдар бар Билер кеңесі жұмыс істейді. Барлығы да ажырасуға келген ерлі-зайыптылармен сөйлесіп, отбасын сақтау жайын бірге талқылайды. Отбасы бөлмесінде әрбір жұпқа 10 күн кеңес беріледі.
– Жалпы, сотта қаралатын істердің арасында көп жылдар бойы тұрып келе жатқан отбасылардың да, жас отбасылардың да арыздары бар. Отбасының ажырасуы әртүрлі жағдайда, тұрмыстық мәселелер, екі жақтың тіл табыса алмауы да себеп. Ажырасуға шешім қабылдаған екі тарапқа ойлануға 2 ай уақыт беріледі. Егер осы уақыт ішінде ортақ шешімге келмесе, сот заң аясында оларды ажырастыруға міндетті, – дейді судья.
Ал, Билер кеңесін заңгерлік білімі бар Амангелді Хамзин басқарады. Кеңес құрамындағы 22 ақсақалдың арнайы төлқұжаттары, төсбелгілері бар. Билер қалалық сотта күн сайын кестеге сәйкес келушілерді қабылдайды. Билердің қарауына түскен 405 азаматтық істің 311-і татуластырумен сәтті аяқталған. Нәтижесінде, неке бұзу бойынша 137, алимент өндіру бойынша 36, мүлікті бөлу бойынша 9, қарызды өндіру бойынша 93 іс екі жақты татуластыру жолымен шешіліпті.
Бірақ сот мамандарының айтуынша, ажырасуға келген ерлі-зайыптыларды отбасылық арнайы бөлмеге әкеліп, психологтың кеңесін алуға жіберу де оңай емес екен. Бізде бұрыннан бері психолог көмегіне жүгіну, психологқа бару деген ұғым қалыптаспаған соң ба, екінің бірі бара бермейтіні рас.
– Байқағанымыздай, психолог мамандарға барудан қорқатын секілді. Жұртшылық арасында санаға сіңген психологқа жүйке жүйесі ауыратындар ғана барады деген пікір қалыптасқаны да белгілі, – дейді Гүлмира Қайырбекова.
Ал ерлі-зайыптылардың арасындағы әңгімелерден қорытынды шығарған психолог Зәру Күлшәріпова құмар ойындардың салдарынан ажырасатын отбасылардың да саны артып бара жатқанын айтады. Зәру Қасымқызының айтуынша, жалпы елімізде Сот-психологиялық сараптама туралы заң жоқ. Сондықтан жергілікті сот мамандары арнайы құжат та әзірлеген. Осы мәселе жайында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттарына айтып, қолдау көрсетулерін сұрапты.
– Бұл мәселенің қажеттігі – кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар сот-психиатриялық сараптамаға бармайды. Психиатрия деген сөз қорқыныш тудырады. Ал егер заң жүзінде психологтың көмегін алуға міндеттейтін болса, бәріміз үшін де маңызды болар еді, – дейді Зәру Күлшәріпова.
Сонымен бірге облыс орталығында «Бастау» отбасылық тәрбиелеу орталығы жұмыс жасауда. Бұл орталыққа 29 жасқа толмаған жұптар барады. Орталықтағы арнайы бөлмелерде психолог, медиатор, әйелдер мен балаларды қолдау дағдарыс орталығының мамандары қызмет көрсетеді. Мақсат бір-отбасын сақтау,ажырасуға келген ерлі-зайыптыларды татуластыру, әлеуметтік орта тұрақтылығының берекесін берік қалыптастыру қажет.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше өткен жылы сот қарауына тұрмыс мәселесіне қатысты 2518 іс түскен. Оның 1171-і татуластыру барысында арыздарын қайтарып алыпты. Бірақ өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс саны азаймай отыр. Орын алған қылмыстық істердің тең жарымын бұрын істі болған, жазасын өтемеген азаматтар жасаған. Олар пробация есебінде тұр. Өткен жылы өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 469 қылмыс тіркелсе, оның 196-сын шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар, бұрын істі болғандар, соттылығы жойылмағандар жасаған екен. Полиция қызметкерлері «егер отбасында жанжал шығарғандардың ісін айыппұлмен, татуластыру шарасымен шешпей, бірден жазаласа, қылмыс саны азая түседі», деген пікірде.
– Елімізде істерді татуластыру шарасы қолға алынуда. Ерлі-зайыптыларды татуластыруда сот та, судьялар да отбасын сақтап қалу үшін жұмыс жасайды. Тұрмыстық мәселе барысында түсінісе алмаған адамдардың барлығын жазаға тарта берсек, қоғам не болады? Керісінше, елімізде қоғамды ізгілендіру мақсатында медиация енгізілді, – дейді судья Мұрат Мұсабаев.
Елімізде 2009 жылға дейін отбасындағы жағдай әркімнің жеке мәселесі ретінде қаралып келді. Кейін «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заң қабылданды. Бұл құжат зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды және отбасылық жанжал шығарушыларға қатысты қылмыстық-процессуалдық мәжбүрлеу шараларын кеңейтті.
Жуырда облыс орталығындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығында «2018-2020 жылдар аралығында жас отбасылардың арасында ажырасу көрсеткішін төмендетуге бағытталған бағдарламаны әзірлеу» тақырыбында арнайы жиын өтті.
– Соңғы жылдардағы ажырасу мәліметін естігенде таң қаласыз. Қоғам ба, біз бе, кім кінәлі деп еріксіз өзіңнен сұрайсың. Ағаң екеуіміз 50 жыл өмірдің ыстығы мен суығын бірге көрдік. Бәрінен де өттік, ғұмырлы «Алтын той» өз несібесімен келді. Бұл жастарға не болған? Бірі енесімен тіл табыса алмаса, енді бірі отбасының өзіндік тәртібіне көндіккісі жоқ. Жұбайлар арасындағы опасыздық. Бала сүйе алмау. Екі жастың ата-анасының ортаға жиі араласуы. Келіннің қарашаңырақта тұруға қарсылығы секілді көптеген себептер естисің, – дейді «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Жастар ажырасу себептерінің біріне әлеуметтік желілерден тарайтын хабарлар, теледидардан беріліп жатқан түрлі бағдарламаларды қосады.
Қалалық Азаматтық хал актілері жазбалары (АХАЖ) бөлімі берген мәліметте ажырасатындардың арасында жасы келгендер мен жаңа қосылған жас жұбайлар да бар. Бұл – тек заңды түрде некеге тұрғандар мен ажырасқандардың нақты саны. Бұған азаматтық некеге тұрғандарды қосыңыз.
Облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Медиация орталығының жетекшісі Ольга Николашинаның айтуынша, отбасылардың алдымен әлеуметтік ортада қалыптасып, өз жолдарын таба білгендері өте маңызды. Жоғары оқу орындары мен мектептерде, балабақшаларда психология мен қарым-қатынас, этика және адамгершілік сияқты пәндерді енгізу дұрыс.
Психолог Айнұр Рахымжанова жалпы отбасында 1, 3, 5, 12, 20 жылдық аралықтарында дағдарыстар бар екенін айтады. Бірінші жылы жұптар бір-бірінің мінез-құлқы, әдетіне, тіпті бір-бірінің туыстарына үйреніседі дегендей. Қоғамдағы ерлі-зайыптылардың арасында ажырасудың көбейіп бара жатқанына әйелдердің өзін-өзі материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете аламын деген менмендігі себеп болуда.
Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Айгүл Сәрсембинованың айтуынша, үйдегі жанжалдан соң бірден ажырасуға шешім қабылдайтындар да бар. Бірақ ажырасуға бармас бұрын әр әйел қолдау қызметіне хабарласып, көмек сұрай алады.
Облыс орталығындағы Қамзин көшесі, 20/1 мекенжайында «Ана үйі» дағдарыс орталығы орналасқан. Бұл мекеме зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балалардың панасына айналған. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына күніне 25 қоңырау түседі екен.
Қазір облыстық прокуратурада арнайы жоба іске қосуда. Бұл ретте жұмыссыз борышкерлерге баса мән беріледі. Жұмыссыз алимент төлеушілерді қызметке орналастыру үшін облыстық прокуратура бірқатар істі қолға алды. Нәтижесінде, «Умикум» ЖШС-на қарасты тегін хабарландырулар газетінде, «Навигатор Павлодар» және «Knopka.kz» сайттарында 2 мыңға жуық бос орын жарияланып, прокуратура өкілдерінің тікелей араласуымен 289, жоба басталғалы 1137 алимент төлей алмай жүрген адам қызметке орналасты.
Ұзақ уақыт бойы алимент төлемеген 50 азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 50-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, баласына қаражат беруден жалтарған тағы 370 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал алименттен қашқан 409 адамға іздеу жарияланды.
Өңірде «Әлеуметтік қамқорлық» жобасы аясында, сондай-ақ полиция және әділет органдарының бірлескен рейдтерінің көмегімен, ата-аналармен жұмыс жасаудың жаңа тетіктері іске қосылуда.
Бір сот орындаушысына айталық, 3-4 мың іс түссе, жүктемесі, әрине өте ауыр. Әрине сот орындаушысы мен медиатордың қызметі екеуі әртүрлі. Екі тарап медиаторға бір тоқтамға келгенде ғана барады. Бірақ жұртшылық арасында әлі күнге медиаторлар қызметінің барын білмейтіндер де, сенбейтіндер де кездеседі.
Биыл облыс орталығында тұратын отбасылардан ажырасуға байланысты 1287 талап-арыз түсіпті. Талап-арыздардың 1254-і бойынша азаматтық іс қозғалған. Судьяның шешіміне сәйкес, 933 отбасы тіпті, сот барысында ажырасқан. Қалған 300-ден аса отбасы татуласып, арыздарын қайтарып алған.
Еліміздің Жоғарғы сот төрағасының өкімімен қолға алынған пилоттық жоба бойынша Талап-арыз сотқа келіп түскен кезде судья тараптарға хабарлама жіберіп, дауды медиация тәртібімен аяқтау құқығын түсіндіреді. Тараптар келісім берсе, азаматтық іс 10 жұмыс күнінің ішінде тоқтатылады.
Өңірдегі сот орындаушыларының өндірісінде алимент бойынша қазіргі кезде 12 мың іс бар. Сот орындаушыларының айтуынша, 600 адамның 200 миллион қарызын өндіру ісі жалғасуда. Алимент өндіріп алу ісі ұзаққа созылатыны белгілі. Өйткені олардың көпшілігі өздерінің нақты табысын жасыруға тырысады, ал кейде қолда бар мүліктен тез құтылуға асығады.
– Алимент төлеуден жалтарған жағдайда жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынады, – дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Айнабеков. – Қазір 79 автокөлікті айып тұрағына қою жұмыстары жүргізілуде. Осындай айыптар өндіру барысында 14 іс бойынша 11 миллион теңге қарыз өтелді.
Қазір 223 борышкер ізделуде, ал 162 адамға қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылды, оның ішінде 23 адамға айыппұл салынды, 104 адам қамауға алынды.
Бірақ статистика мәліметтері көрсеткендей, елімізде ажырасу саны артып келеді. Неке – мемлекеттің деңгейіндегі мәселе болса, отбасындағы бұл мәселеге-жеке адамгершілік мораль тұрғысынан басқа, баспана, жұмыссыздық секілді елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да әсер етуі де мүмкін деген сөз.
Павлодар облысы