Елімізде 17 мыңға жуық бала церебралды сал ауруы диагнозымен тіркеуде тұр. Мемлекет жыл сайын 4 мыңға жуық балаға көмек беруге қауқарлы. Осы орайда біз 200-ге жуық баланың әлеуметтенуіне үлес қосқан «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Нұргүл ҰЛЖЕКОВАмен әңгімелескен едік.
– Сіздің қоғам өміріне белсене араласуыңызға, жоба бастауыңызға не түрткі болды?
– Мен, мамандығым бойынша сәулетшімін. Қоғамдық өмірге араласуыма отбасымдағы жағдай себеп болды. 2008 жылы егіз перзенттерім дүниеге келді. Ұлыма церебралды сал ауруы деген диагноз қойды. Содан бері өмірім түбегейлі өзгерді. Балама ерекше күтім қажет болған соң, жұмыстан шығуыма тура келді. Ол кезде Алматы қаласында тұратынбыз. Оңалту жолдарын, диагноз туралы ақпарат іздеу басталды. Әр- түрлі мүмкіндіктерді іздестіруге кірістік. Күрес әлі күнге дейін жалғасуда...
Қазіргі жұмысым ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен айналысуға мүмкіндік беру, ерекше балаларды дамытумен тікелей байланысты. Өйткені өз баламды спортқа баулу арқылы мұның қаншалықты пайдалы екеніне көзім жетті. Алғашында баламды дертінен жазып алуға болады деп үміттенетінмін. Алайда церебралды сал ауруы тек түзетуге ғана жататынын, түбегейлі емделмейтінін түсіндім. Бұл жағдайда ең бастысы – балаңды сол қалпында қабылдау.
Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген соң «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығына келіп, Айнұр Нұрхожаева деген керемет дәрігермен таныстық. Командасындағы білікті мамандармен кеңесуге мүмкіндік алдық. Солардың ішінде бұрын каратэмен айналысқан емдік дене- шынықтыру маманы болды. Кеңесе келе, оңалту еміне каратэны қосуды ұйғардық. Ол кезде балам 7 жаста еді. Ұлымның да әбден қажыған шағы. Баламды қинағым келмеді, алайда бұл қажеттілік еді. Қуанышымызға орай, жаттығулар жақсы нәтижесін берді. Ең бастысы, эмоционалды тұрғыда пайдалы болды. Ұлым жаттығулардан жалықпады, қайта спортқа деген қызығушылығы арта түсті. Мұны емдеу шаралары деп емес, спорт ретінде қабылдады. Реабилитация аяқталған соң баламыздың жаттығуын жалғастырғанын қалап, спорт үйірмелерін іздестіре бастадық. Дегенмен көбі баламды қабылдаудан бас тартты. Елімізде ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі жоқ болып шықты...
– Спорт үйірмелері баламды қабылдаудан бас тартты дедіңіз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Балаларымызды үйірмеге алмау себебі – маманның болмауынан. Мұның себебін іздеу барысында еліміздегі бірде-бір оқу орнында адаптивті спорт бойынша маман даярламайтынын білдік. Денешынықтыру мұғалімдері бұл пәннен бейхабар болып шықты. Осылайша, қолға алған жобамызға кешенді жұмыстар енді. Қазақстанда адаптивті денешынықтыруды дамыту мәселелерін шешу міндетін жобамызға қостық. Орыс, қазақ тілдерінде оқыту әдістемесін дайындап шығардық. Ақпаратты көбіне Ресей дереккөздерінен алдық. Шыны керек, көршілес елде 1996 жылдан бастап бұл жеке пән ретінде жеке кафедраларда оқытады екен.
Адаптивті денешынықтырудың басты шарты – балаға зақым келтірмеу. Сондықтан ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеген, емдік денешынықтырудан хабары бар маман қажет.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қайсар» спорт клубына барғанымда, жас ерекшелігі ескеріліп, ондағылар баланың бейіміне қарайтынын айтты. Біз үшін, ең алдымен, спорттың емдеу тәсілі ретінде қолданылғаны маңызды еді. Әлбетте, баламыздың келешекте үлкен спортқа барғанын қалаймыз. Дегенмен басында бізге жалпы денешынықтыру қажет болды. Содан балалары церебралды сал ауруымен туған ата-аналар бірігіп, 2016 жылы қоғамдық бірлестіктің негізін қаладық. «Тең мүмкіндіктер әлемі» деп аталатын бірлестіктің алғашқы миссиясы – адаптивті денешынықтыру мен спорт секцияларын ашу. Қаржылық мүмкіндігіміз шектеулі еді. Сондықтан жаттығу өткізетін орын іздестіруге кірістік. Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайымен келісіп, баламды каратэге баулыған алғашқы бапкерді жаттығу жүргізуге шақырттық.
– Алғашқы қадамдарыңыз қалай болды?
– 2016 жылы спорттық үйірмеміз жұмысын бастап, жаттықтырушыға жалақыны өзіміз төледік. Әрбір ата-ана айына 2500-3000 теңгеден берді. Одан кейін басқа ата-аналар қатарымызды толықтыра бастады. Әлеуметтік серіктестер іздестіруге көштік. «Space Fitness» орталығы көмекке дайын екенін айтып, жаттығу алаңын ұсынды. Аптасына 2 рет бассейнге келуге рұқсат берді. Бұл өте тиімді ұсыныс болды. Өйткені 1 жүзу сабағының өзі 3000 теңге тұратын. Ал біз солардың арқасында айына 3000 теңге төледік. Оның үстіне балаларға топпен жұмыс істеген қызығырақ еді. Осылайша, жұмысымыз басталды.
Содан, серіктестерге қоса демеушілер таптық. 2017 жылы «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын бастадық. Сол жылы таныстырылымын жасап, қалада басқа үйірмелер ашып, спорт түрлерін көбейткіміз келді. 100-ге жуық ата-анамен жұмыс істейтінбіз, бірте-бірте кезек пайда болды. Сондықтан демеушілер қажет болды. Әкімдіктерге, үлкен компанияларға барып, жобамыз туралы хабардар еттік. «Асыл бала» қорының басшысы бізді қолдауға келісімін берді. Nur Otan партиясы, «Астана Банкі» АҚ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірге «Астана рухы мықты адамдар қаласы» жобасы аясында Оқушылар сарайында тағы 2 үйірме ашылды. Сол кезде аула клубтары да көмекке келді. «Замандас» клубында инклюзивті хореография үйірмесі іске кірісті. Қазіргі таңда жобамыз «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауына ие.
Айта кетейін, «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен келісімдер ұзақ жүргізілді. Арнайы маман жоқ екенін дәлелдеуіміз қажет болды. Министрліктерден оны растайтын ақпарат жинадық. Әлбетте, министрліктер мұндай мәселелерді көрсетуге бірден келіспеді. Бұл да істі біраз тежеді. 2018 жылы ойымызды іске асыруға қол жеткіздік. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Денешынықтыру және спорт кафедрасымен жұмыс істей бастадық.
2019 жылы алғашқы оқулық жарық көрді. Оған қоса университет оқытушыларының теориялық білімі мен бапкерлердің тәжірибесіне сүйеніп, 6 адаптивті спорт түрінен денешынықтыру бағдарламаларын дайындадық. Бұл да еліміздегі мамандар даярлау саласындағы тарихи сәт десек болады. Өткен жылы алғашқы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып, осы салаға қатысы бар мамандар бас қосты. Республикамыздың түкпір-түкпірінен, шетелден мамандар шақыруға Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет және спорт министрліктері атсалысты. Біріккен жұмыстың нәтижесінде 300-ге жуық қатысушы жиналды. Халықаралық сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, қазақстандық жас мамандар өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл конференция үлкен тәжірибе алаңына айналды. Соның нәтижесінде еліміздегі бұл салада жақсы дамып келе жатқан, белсенді аймақтарды анықтап, серіктестерімізді нақтыладық.
– Бүгінде қанша баламен жұмыс жүргізілуде?
– Қазір Нұр-Сұлтан қаласында спорттың 7 түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді: адаптивті каратэ, жүзу, таэквондо, голбол (зағиптар футболы), бочча, инклюзивті хореография. Жақында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорттық бағдарлау үйірмесі ашылды. Үйірмелерге қатысушылар саны 200-ге жетті. Ал қолдаушыларымыздың қатарына «MYD Production» ЖШС қосылды. Олар 2017 жылы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға жол ашқан еді. Жұмыс жоспарымызбен танысқан соң, ресми серіктестерімізге айналды. Серіктестер мен қолдаушыларсыз бүгінгідей жетістіктерге жетпеген болар едік.
– Республикамыздың басқа аймақтарын адаптивті денешынықтырумен таныстыру жоспарыңызда бар ма?
– Әлбетте, жобамызды «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен басқа да аймақ-тарда ашқымыз келеді. Әзірге 4 қалаға негіздеп қанатқақты жобамызды дайындап қойдық. Қазір Павлодар қаласында адаптивті жүзу үйірмесі жұмыс істеп жатыр. Nur Otan партиясы мен Павлодар облысы әкімдігі көмекке келді. Мемлекет тарапынан қабылданған «Кедергісіз келешек» спорт бағдарламасы біздің «Саламатты болашақ» жобамызбен ұштасады. Екеуі де мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтенуі мен өмір сапасын жақсартуды басты мақсат санайды.
Павлодар облысындағы жұмысымыз басқа да облыстарда да жалғастыруға болатынын көрсетті. Өйткені басқа аймақтағылар да өз ойларын айтып, өтініштерін білдіріп хабарласуда. Енді күзде жұмысқа кіріссек деп отырмыз. 5 қалада 500-ге жуық баланы қолдау жоспарда бар. Біздің тәжірибеміз әкімдіктерге де үлгі болса деймін. Адаптивті денешынықтырудың мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтенуіне жол ашатынын көрсеткіміз келеді.
– Спорттың мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына тигізетін пайдасы туралы айтып кетсеңіз.
– Спортқа баулу арқылы балаларды тәртіпке, өзін өзі бақылауға бейімдейміз. Ол баланың өзін өзі бағалауын да жақсартады. Келешекте шешім қабылдайтын жауапты кезеңдер келеді. Біз соған дайын, жауапты, өзіне сенімді адамды даярлауымыз керек. Ал спортта жеткен жетістіктері балаларымызды ынталандырып, өздеріне деген сенімділігін арттырады. Спортпен айналысқалы олардың құрдастарымен қатынасы да өзгерді. Эмоционалды тұрғыда да пайдалы болды. «Саламатты болашақ» бағдарламасы біздің ғана балаларымыздың денсаулығымен шектелмей, халыққа мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамның толық бөлігі ретінде қарап, бөліп-жармауды үйретеді деп сенеміз.
– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуыңызға не себеп болды?
– «100 есім» жобасына қатысуым тосыннан болды. Құрбым менің атымнан өтініш білдіріпті. Мен, әлбетте, досымның маған сеніп, қолдағанына қуандым. Өйткені қоғамдық өмірдегі адамдар үшін достарың мен отбасыңның қолдауы өте маңызды. Бұл жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Көптеген адаммен танысып, әртүрлі саланың үздіктерімен ой бөлісуге мүмкіндік алдым. Жоба арқылы біздің жұмысымызды кеңінен дәріптеуге жол ашылды. Ерекше қажеттілігі бар балалар спортпен айналысқаннан ләззат алатынын жеткізгім келді. Бәлкім, аймақтағы жаттықтырушылар мұны естіп, іске кірісер, ал ата-аналардың бойында үміт пайда болар. Жергілікті басқару органдары мұны әлеуметтік қолдаудың бір бағыты ретінде қолданса деймін. Балаларға медициналық реабилитация емес, әлеуметтік адаптация мен абилитация да маңызды. Бұл отбасының да өмір сапасын арттырады.
Бізге келетін ата-аналармен мақтанатынымды айтып өткім келеді. Олар баласы үшін бәріне дайын. Олар карантин кезінде де балаларымен онлайн жұмыс істеп, бірге жаттығады. Барлығымыз үлкен отбасына айналдық. Сол себепті біздің асыл арманымыз үлкен асуларды еңсеруге күш береді деп сенемін.
Балаға топпен жұмыстың маңызды екенін де айтқым келеді. Әлбетте, бұл – тек менің ойым. Алайда мен осы жолды жүріп өттім. Балам 11-де. Қазір орта мектепке барады. Оның спортпен айналысуы өзіне сенімділігін арттырды. Бірінші сыныпта арнайы көмекші мұғалімнің қолдауын қажет етсе, үйірмеге қатысқан 1 жылдан кейін мектептегі көмекші мұғалімнен өзі бас тартты. Бұл оның өміріндегі алғашқы жеке шешімі болды. Сондықтан баланың денсаулығы мен эмоционалды жай-күйіне спорттың әсері көп. Мұны еліміздегі әр отбасы естіп, әр аймақ назарға алса дейміз.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»