Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы айтты.
«Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіттеріміз таңғы сағат 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамын. Биылғы Рамазан айы карантин жағдайында өтіп жатқаны өздеріңізге белгілі. Карантин талаптарын орындауымыз тиіс. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Мұны түсіністікпен қабылдайсыздар деген үміттемін.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір кешінде Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар.
Осы ретте барша қауымды қасиетті Қадір түнінде Түркістан облысындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге дұға жасауға үндеймін.
Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жүздесуді нәсіп еткей. Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!», - деді Наурызбай Қажы Тағанұлы.