Өткен аптада карантинге байланысты өз отандарына қайта алмаған Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің азаматтарына азық-түлік және гигиена құралдары тапсырылды. 82 Қырғызстан азаматына, 120 Тәжікстан азаматына және 10 Өзбекстан азаматына көмек көрстелді. Олардың ішінде еңбек мигранттары, студенттер және балалар да бар.
Іс-шараны «Qolda» шұғыл көмек жобасы аясында «Шеврон» компаниясымен серіктестікте «Родник» Қоғамдық қоры және Еуразия Орталық Азия Қоры ұйымдастырды.
Сонымен қатар, Алматыдағы Өзбекстан Республикасының бас консулдығы, Қырғызстан Республикасының бас консулдығы, «Сомониен» Тәжік мәдени-қоғамдық бірлестіктері қауымдастығы» және Алматыдағы «Замандаш» қауымдастығы да шараға жұмыла кірісті.
«Сомониен» ұйымының вице-президенті Валиев Иноятуллохон:«Бұл гуманитарлық көмек өзге елде жұмыссыз қалған біздің отандастарымызға сәл де болсын жәрдем болды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бұл ел басына түскен қиын кезде бізді біріктірді»,- деп ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Родник» Қоғамдық қорының директоры Нина Балабаева:«Жоба аясында барлық серіктестердің қосқан үлестері зор. Карантин басталғалы бері Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Бас консулдықтары, ұлттық-мәдени орталықтар мигранттармен байланысты үзген жоқ. Біз ең алдымен расымен де көмекке мұқтаж адамдардың тізімін жасадық. Жоба барысындағы діттеген міндетті орындадық, 100 мигрантқа көмек көрсетілді. Олар жылы пікірі мен алғысын айтып жатыр», деген пікірімен бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған акция Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен бірге карантиннің халыққа тигізетін кері әсерін төмендету, қоғамдық және еріктілер ұйымдарын қолдау, БАҚ арқылы халықты ақпараттандыру мақсатында өткізген «Qolda» жедел көмек көрсету жобасы аясында өтті.