• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Мамыр, 2020

Ақмолада жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

739 рет
көрсетілді

Облыс орталығы немесе республикалық маңызы бар жолдар ғана емес, аудандарда да бұл бағыттағы жұмыстар қызу. Әсіресе «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында  ауылішілік жолдарға ерекше мән берілген.

Мәселен, Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының және Алтынды мен Капитоновка ауылдарының ішкі жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Макинск  қаласының тек жолаушылар өтетін бөлігі ғана емес, тұрғындардың шағымы мол түсетін, көптен жөндеу көрмеген көше жолдары да қалыпқа келтірілуде. Орташа жөндеу көретін жолдардың жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайды.

– Биылғы жылы облыстық бюджеттен Макинск қаласының  көшелерін орташа жөндеуден өткізу үшін 261 млн ақша бөлінген болатын. Қазіргі таңда конкурстық шаралар өтіп, келісім-шарт жасалды. Жұмыс басталып кетті. Шілденің орта шенінде аяқтаймыз, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Кенжегүл Пірімбетова.

Бір қуантарлығы, биыл ауданға қарасты елді мекендерде де «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Мәселен Алтынды ауылының кіреберісі мен ішкі жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен 120 миллион теңге бөлінген. Мердігер анықталып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар Капитоновка ауылының жолдарын жөндеуге 80 млн теңге қарастырылған. Биыл аудан орталығында сондай-ақ блокты-модульді бу қазандығын салу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 250 млн теңге бөлінген.