• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Мамыр, 2020

Ауыл тұрғындары жайылымнан таршылық көріп отыр

605 рет
көрсетілді

Қостанай облысының солтүстік аудандарында жайылымнан таршылық тартып отырған елді мекендер баршылық. Мәселен, Алтынсарин ауданына қарасты Силантьев ауылының тұрғыны үйінің жанына мал баққаны үшін 27 780 теңге айыппұл төледі.

Себебі жергілікті ірі серіктестік елді мекеннің іргесіне дейінгі жерге көпжылдық шөп егіп тастаған. Ауыл шетіндегі 30 шақты үйдің малы 50 метрден әрі ұзаса, иесі жауапқа тартылады. Облыс орталығынан 50 шақы­рым қашық жатқан Силань­тев Обаған ауылдық округі­не қарайды. Елді мекен тұрмыс­қа қолайлы: әр үйге табиғи газ және су құбыры кіріп тұр. Еш­кім қыстай от жағып, күл шыға­рып әуреге түспейді. Ауыз су да жылы үйдің ішінде. Бірақ қол­дағы бірді-екілі мал басын кө­бейту қиын. Негізгі күнкө­ріс көзі ауласындағы төрт түлік бол­ған­дықтан, бұл мәселе біраз жылдардан бері ауыл тұр­ғын­дарының бас ауруына айналған.

Зейнеткер Нағашыбай Ал­пы­сов Силантьевтегі шеткі үйлердің бірінде тұрады. Қария он шақты ұсақ мал, екі сиыр ұстайды екен. Жер көгерген соң, ауыл малын бағатын бақташы шыққанша, малды көзден таса қылмауға тырысамыз дейді ол. Өйткені дәл есіктің алдындағы ашық алқапты түгелдей алпауыт серіктестікке тиесілі шабындық алып жатыр.

– Халық мал ұстайын десе, жайылым жоқ. Дәл терезенің түбінде 390  гектардай жер жатыр. Мұнда бұрын егін еккен. Ұшақпен әуеден дәрі шаша бастаған соң халық шулап, ақыры көпжылдық шөп егіп тастады. Енді серіктестік осы шабындық жерге мал түсірмей отыр. Өткен айда ораза басталып, дәл ауыз бекіткен күні қолымыздағы азғантай малды сәл оттасын деп жібере қойып едік. Сағат кешкі 17.00 шамасында мал жайып жүрген баламды полиция ұстап алып, ескерту хаттамасын толтыртыпты. Сағат 21.30-де ауыз ашып жатыр едік, үйге полиция келіп, баламды алып кетті. Сөйтсе жайылымға түскен мал үшін бір күнде екінші рет хаттама толтырып, 50 мың теңге айыппұл салып, егер бір жетінің ішінде төлесең 50 пайызбен құтыласың деп ескертіпті, – деді ақсақал.

Бұған дейін Рашит Қой­шыбаевтың да малын алқапқа түсті деп жер иелері қамап қойыпты. Мұның аяғы әйтеуір айыппұл салуға жетпей тын­ған. Тұрғынның айтуынша, жайылым тапшылығынан биыл бұзаулаған сиырдың күй жинауы қиын, ыңыршағы шыққан жануар сүтті де аз беретін көрінеді.

– Біз ғана емес, көршілес жатқан Кіші Чураков, Оба­ған ауылдары да жайылым тапшылығының зардабын тартып отыр. Кезінде ауылдың дәл іргесінен 50-100 метр­ден әрі қарайғы жердің бәрін жергілікті серіктестік мен­шік­теп алған. Халықпен санас­қан жоқ. Сондықтан ол кез­дегі жер бөлінісін заңсыз деп санаймыз. «Жайылымдар туралы» заң бойынша егін елді мекеннен кемінде 5-7 ша­қырым қашық орналасу керек. Бізге әкімдік шалғай­дан жайылым ұсынып отыр. Чу­раков, Обаған, Силантьев ауыл­дары алты ай жаз мал баға­тын ол жердің көлемі аздық етеді. Ала жаздай жыл­қы, сиыр, қой-ешкінің бәрі сол алақандай жерде жүре­ді. Күзге салым ол жердің ша­ңы шығып, сауын сиырдан сүт те шықпай қалады. Ел­ба­­сы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл хал­қына қарап отырмай, мал бағып, одан өнім алып үйренуді үнемі қайталап келеді. Жергілікті билік осыны ескеріп, халықтың мұң-мұқ­тажына құлақ асуы тиіс. Жа­йы­лым – ауыл үшін өнім шы­ға­ратын зауыт секілді дү­ние. Сондықтан об­лыс бас­шы­­лы­­ғы кезінде жеке­нің мен­ші­гі­­не өтіп кеткен Селантьев пен Оба­­ған ауылдарының ір­ге­­сін­дегі жерді халық игілігі­не қай­­­та­рып беруге күш сал­ғаны дұрыс, – дейді Рашит Қойшыбаев.

Даулы жер алпауыт серік­тес­тік «Олжа-Агро­ның» «Олжа-Беляев» дейтін бөлім­шесі­не қарайды екен. Шаруа­шылық басшысы Мақ­сұт Жәлелұлы:

– «Әңгіме заң бойынша біздің меншігіміздегі №11 егіс алқабы туралы болып отыр. Ол жер біздің шөп шабатын шабындық. Енді бұл жердің серіктестік меншігіне қалай өткенінде шаруам жоқ. Өзім мұнда бір жылдан бері жұмыс істеп жатыр­мын. Серік­­тестіктің жері болған­дық­­тан, біз ол жерден шөп шаба­мыз. Бірақ ауылдың малы көк­­тем шыға таптап, шөпті жеп қойып жатыр. Талай рет ескерт­­тік, ел құлақ асар емес. Сон­дық­тан шабындықты бөгде мал­­дың тұяғынан қор­ғап қалу үшін полицияның көме­гі­не жүгінуге тура келді. Біз ол жерден әжептәуір, 300-400 то­н­надай шөп аламыз. Одан осы ауылда тұратын жұ­мыс­шы­ларымызға да үлес­тіріп береміз. Былтыр, мы­салы, әр жұ­мыс­шыға 4 тон­надан түсі­ріп бер­дік, – деді Мақсұт Жәлелұлы.

Силантьевті қосқанда бес елді мекен кіретін Обаған ауыл­дық округінде тұратын 3 мың­ның үстіндегі халық 500-ден астам сиыр, мыңға тарта ұсақ мал, 100-ге тарта жыл­қы ұстайды екен. Ал жа­йы­лым көлемі 3 мың гектар­дан асады. «Бұл бізге жеткілікті» дейді ауылдық округтің әкімі Бейбіт Сейілхан. Оның айтуынша, қазіргі кикілжің тұр­ғындардың малды қараусыз жіберуінен туындап отыр. Ал ауылдағы шеткі үйден небәрі елу метр қашықтағы жер жекенің меншігіне қалай өтіп кеткені беймәлім.

Тұрғындар жергілікті би­лік өкілдеріне ауылдан шал­ғай жатқан әкімдікке тие­сілі жерлерді алпауыт серік­тестік меншігіне өтіп кеткен ауыл іргесіндегі жайылымға ауыстырып беру туралы талап қойып отыр.

– Біздің қазір ол шаруа­шылыққа осыны пайда­ла­ныңдар деп бере қоятын егін­ге, шабындыққа қолайлы жері­міз жоқ. Сондықтан бұл тура­лы мәселе көтерілген жоқ. Ауыл арқылы өтетін кү­ре жол­дың арғы бетінде жер жете­­ді. Халықтың қолындағы 561 бас сиырға бізде 1683 гектар жайылым бар. Бұл мал ба­сы­на шаққанда 3 гектардан келеді, сондықтан жайы­лым жеткі­лікті, – деп кесіп айт­қан ауыл әкімі тұрғын­дар­ды алаң­дат­қан жайылым мәсе­лесін өзекті санамайтынын аңғартты.

Демек ауыл іргесіндегі жайы­­лымға қолайлы жер телі­­мін мемлекет менші­гіне қай­тару туралы тұрғын­­дар­дың талабы да қарасты­рыл­майды деген ойға қалдық.

 

Қостанай облысы