Біржан сал ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Аталмыш нысан таяуда ел игілігіне берілмек. Енді жас толқын спорттың бірнеше түрімен айналыса алады.
Аудан орталығында осындай спорт кешенінің жабық ғимараты алғаш рет бой көтеруде. Бұл кешенде үстел ойындарына арналған кабинет, бассейн залдары орналасады. Футбол, волейбол мен баскетбол ойындарына арналған әмбебап алаңдар да болады. Нысанның жалпы аумағы 2500 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарына облыстық қазынадан өткен жылы 120 млн теңге бөлінсе, биыл тағы да 330 млн теңге қарастырылған.
–Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталды. Кешен екі блоктан тұрады. Бірінші қабатта бассейн болса, екінші қабатта жаттығу және сауықтыру залдары орналастырылады, дейді аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің жетекшісі Бахтияр Мұстафин.
Спорттық кешенде спортшылардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Яғни, барлық заманауи қондырғылар қойылады. Бүгінде құрылыстың 70 проценті аяқталған. Жаңа кешеннің де өңір спортының өркендеуіне өзіндік үлесін тигізеріне сенім мол.
Ақмола облысы