• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Коронавирус 21 Мамыр, 2020

Қазақстанда коронавирус өршіп тұр

961 рет
көрсетілді

Елімізде COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны кеше 6969 адамға жетті. Әйтседе «науқастардың саны жеті мыңға жетіп қалыпты-ау», деп осынау қауіпті инфекцияның қаупін сезініп, сақтанып жүрген адам аз. Бұл жағдай көңілді қайтадан алаңдата бастады.

Әрине аурудан жазылған­дардың саны да сәт сайын өзгеріп, ем қонған­дардың қатары күн санап кө­бейіп келе жатыр. Қазір осы індеттен айығып, ауруханадан шыққандардың саны 3734-ке жетті. Яғни жеті мыңнан 3734-ті ше­геріп тас­тасақ, еңсеміздің ептеп көте­ріліп қалатыны рас. Бі­рақ қа­зіргі жағдайда таразының тілі қай жағына ауатыны ел тұр­ғындарының тәртібіне байланысты болып тұр емес пе?

Иә, соңғы апталарда елімізде COVID-19 вирусын жұқтырған жандардың өсімі әжептәуір төмендеді деген ақпарат төтенше жағдайдан бойын енді тіктей бастаған жұртты бір қуантып тастағаны анық.

Шынында коронавирус тізгінделіп, жұқтырған адамдардың саны да азайып, осы індетке байланысты өтетін брифингтер де сиреп, жұрттың назары күнделікті тіршілікке ауа бастаған еді. Екі айдан бері үйінен ұзап шықпаған халық Төтенше жағдай режімі аяқтал­ғанымен карантиннің әлі де күшінде екенін түсіне алмай, блок бекеттерде біраз әуре-сарсаң болғаны рас. Дегенмен де бұл жағдайдың бәрі бірте-бірте қалыпқа түсіп, көп ұзамай-ақ ұмытыла бастады. Қазір блок-бекеттен ары-бері өте алатын адамдардың тізімі күн сайын кеңейтілуде.

Дегенмен де өткен аптада Шымкент қаласында бір күнде вирус жұқтырған 77 адам анықталуы адамды әрі-сәрі қылып қойғаны жасырын емес. Осыдан кейін онсыз да халық тығыз орналасқан оңтүстікте төтенше жағдай режімін аяқтап, миллион тұрғыны бар мегаполиске кіріп-шығуды жеңілдету қан­шалықты оң болды деген ойдың да келіп қалғаны рас. Шынында ежелден ең­бекқор оңтүстік халқы 11 мамырдан кейін қызу тіршілікке кірісіп, тәртіп пен тазалықты тіптен босаңсытып ал­ды ма екен? Бір қуаныштысы, топан су­дан зардап шеккен Түркістан об­лы­сының Мақтаарал, Жетісай, Төлеби, Қазығұрт аудандарындағы халық осындай қысылтаяң сәтте карантин тәртібін сақтауға шамалары келмей, топ-топ болып бір-біріне көмек қолын созып жатқанда бұл індет «жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» деп тіптен, құтырып шыға келмеді, әйтеуір. «Құдай қарасты» деген осы шығар, бәлкім.

Алматы мен елорданың да қауіп­ті індетке байланысты мәліметтері әлі де мәз емес. Содан болар Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова брифинг өткізіп, карантин шараларының жеңілдеуі вирустың кез келген уақытта қайта өршуіне әкеп соғатынын айтты. Бір қуаныштысы, науқастардың саны сағат сайын өсіп келе жатқанда қайбір күні екі облыста, атап айтсақ, Ақтөбе облысы мен Шығыс Қазақстан облысында осынау індетті жұқтырғандар мүлдем тіркелмеді.

Енді кейбір қалаларда сауда жүйелері, тамақ ішетін орындар жұмысын жалғастырып, қоғамдық көліктер жүре бастады. Дегенмен де әлеуметтік желі­лердегі жұрттың әңгімесінен байқағаны­мыз, көшеде, қоғамдық орындарда қауіп­сіздік ережелерін сақтаған жұрт аз. Көпшілік аста-төк дастарқан жайып, ырғын қонақ шақыруды қайта баста­ғандай... Тіпті автобусқа мінген жолау­шылар маска киюді міндет санамайды. Міне, осылайша «Мәссаған, індетті жұқ­тыр­ғандардың саны жеті мыңға жақын­дады, құдай өзі ақырын бере гөр» деп ішегін тартып, басын шайқайтын жан­дардың өзі карантиннің қарапайым ережелерін сақтамай, науқастардың саны­ның көбеюіне жағдай жасап жүр.

Қазір жағдай сәт сайын өзгеріп жатыр. Індеттің беталысын да болжау қиын болып тұр. Еліміздің Бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова сәуір айының со­ңында «Қазақстанда коронавирус жұқ­тыр­ғандардың саны мамырдың аяғына дейін 5 300-ге жетеді» деп айтқан болатын. Міне, мамырдың ортасынан енді ауған кезде науқастардың саны 7 мыңға жете­йін деп қалды. Әйтеуір көңіл алаң. Тіпті алаң деудің өзі аз сияқты. Жаның шошиды.

Яғни қауіпті індеттің ендігі тізгіні тұр­ғын­дардың өз қолында деген сөз. Төтенше жағдай режімі аяқталса да карантиндік шараларды сақтау, осыған дейінгі тәртіп пен талапты сол күйінде тас қып ұстау өте маңызды екенін ел түсіне ме?