Статистика комитетінің дерегі бойынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылардың жалпы саны 1 млн 687 мың адам болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ға көп.
Алайда наурыз-сәуір айларында жолаушылар саны 70%-ға қысқарды. 1 сәуірден бастап Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасын орындау шеңберінде қазірге дейін 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 рейс немесе барлық халықаралық ұшулардың 99%-ы қысқартылған болатын. 1 мамырдан бастап қана ел ішіндегі рейстер ішінара ашыла бастады.
Азаматтық авиация саласы сарапшыларының хабарлауынша, әуе рейстерінің тоқтап қалғанының салдарынан отандық әуе компанияларының табысы күрт азайып кетті. Бұл көрсеткіш олардың жылдық табысына да кері әсер ететіні сөзсіз. «Самұрық-Қазына» АҚ Көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қанат Алпысбаев айтқандай, «Эйр Астананың» кірісі шамамен 139,5 млрд теңгеге немесе 33%-ға, «Qazaq Air» АҚ-ның кірісі 6,2 млрд теңгеге немесе 44%-ға төмендеуі мүмкін. Жыл соңына дейінгі шығын көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрайды деген болжам бар.
Азаматтық авиация саласында шамамен 20 мың адам жұмыс істейтінін айта кетейік. Төтенше жағдайға қарамастан, бұл салада қысқарту болған жоқ.