Өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында бірқатар ақмолалық өздерінің іскерлік идеяларын жүзеге асырды.
Бағдарлама аясында Зеренді ауданының тұрғыны Райхан Сәрсенбаева да кәсіпкер тануға ниеттеніпті. Әуелі шағын кәсіп ашып, жолдасы екеуі қаз өсірумен айналыса бастаған. Бүгінде кәсібі отбасылық бюджетке тәп-тәуір қолдау болып отыр. Үйдегі ой оңынан іске асқан соң отбасы келесі жылы шағын кәсіпті кеңейтуді жоспарлап отыр.
Райхан Сәрсенбаева ауылда кәсіп ашып, оны табысты ету деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша гранттық қаржыландыруға ие болған. Бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отыр. Кейіпкеріміздің кәсібі заманауи үлгідегі бизнесвуменге мүлдем ұқсамайды. Десе де, ол өзі таңдаған кәсіптің хас шеберіне айналғандай.
– 250 мың теңге көлеміндегі грантқа 170 қаз сатып алдым. Алғашқы кәсіптің бастауы қараша және желтоқсан айларына дөп келді. Кейін тағы да 100 қаз сатып алдық. Алдағы уақытта құс санын көбейте түспекпіз. Қаз басын көбейту үшін аналық қаздарды алып қаламыз, – дейді кәсіпкер Райхан Сәрсенбаева.
Бір маусымда 100 қаздан 300 мың теңге таза пайда көреді екен. Жолдасы Мұрат қаз өсіру тиімді бизнес түрі екенін айтады. Ең бастысы ерінбей, күтіп-баптау.
– Алғашқы екі апта жем-суын беріп өсіріп аламыз. 100 балапанға 30 келі қорек керек. Содан кейін арпамен, ұсақталған бидай бере бастаймыз. Үйіміздің жанында кең жайылым болғаны жақсы болып тұр, – дейді кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев.
Қаз өсіріп, етін сату тиімді кәсіп түрі. Алғашқы балапандарды сатып алуға кеткен қаражат ақталады, - дейді кәсіпкерлер.