• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2020

Мұрат Әйтенов ірі ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысты

221 рет
көрсетілді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қаланың ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып жатқан бірқатар ірі нысанның жұмысымен танысты. 

Шаhар басшысы бұл нысандарды қаланың ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары М.Исахов және Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбековпен бірге аралады. 

Атап өтсек, бірінші нысан Қаратау ауданы, Сайрам елді мекені, Ибрагим ата көшесінде орналасқан мал бордақылау және тауарлы сүт өнімін өндірумен айналысатын «Бәйтерек Агро» АӨК-і болды. Аталған кешеннің негізгі өндіріс саласы – ірі қара мал бордақылау, тауарлы сүт фермасы, сүт қабылдау мен қайта өңдеу және мал сою орны. Мұнда 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы мен 200 бас тауарлы сауынды сиыр бар. Тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт қабылдап, сәйкесінше осы уақыт ішінде 4 тоннаға дейін сүт өңделеді. Бұдан басқа тәулігіне 50 бас ірі қара малды союға мүмкіндіктері толықтай жеткілікті.

Қазіргі таңда бұл кешенде 60 адам тұрақты, ал ауысым кезінде 200 адам жұмыс істейді. Өндіріс орны жайлы ерекше атап өтерлігі, ауыл шаруашылығы кооперативінде өндірілген өнімдерді тікелей делдалдарсыз қолжетімді бағада ұсыну мақсатында қаланың тұрғындары тығыз шоғырланған жерлерінде 5 дүкенде сатылуда. Бұл өнімдер дер кезінде сатылып, қала халқын сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде.

Бұдан әрі ірі кешендердің тынысымен танысу жұмысы қаланың Жібек Жолы көшесі бойында орналасқан «Рахат-Шымкент» ЖШС кондитер өнімдерін өндіретін нысанмен жалғасты.

Бұл кондитерлік фабрикада 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар жылына 3,5 мың тонна мармелад өнімін шығарады. Ал өнімдерін қаламыз бен еліміздің өзге өңірлерінен басқа Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Әзербайжан және Қытай мемлекеттеріне жөнелтеді.

М.Дүйсенбекұлының өндіріс орындарын аралауы Абай ауданы, Қызылжар елді мекенінде орналасқан «Шымкент құс» ЖШС тауарлы жұмыртқа және бройлер етін өндіру бағытындағы құс фермасымен аяқталды. Кешеннің орналасқан жалпы аумағы 57,7 га құрайды. Мұнда 320 адам тұрақты жұмыс істейді. 

Бұл фабрикада 602,7 мың бас құс өсірілуде. Олар – жұмыртқалағыш мекиен тауық (286 мың бас), жас балапан (154 мың бас) және бройлер (123мың бас). Ал жұмыртқаларды жинау мен сорттау процестері жайлы айтсақ, ол автоматтандырылған жүйе түрінде жұмыс істейді. Яғни, құс фермасының жылына 105 млн. дана  жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс етін өндіруге қауқары бар.

 

Шымкент