• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2020

БҚО: Лауазымды қызметкер заңсыз сыйлық алғандықтан жауапқа тартылды

322 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының лауазымды қызметкері жеке тұлғадан заңсыз сыйлық алғаны анықталды.

Жақында Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Рустам Ақмырзаев Бөрлі аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының лауазымды тұлғасына қатысты қылмыстық іс бойынша енгізілген ұсынысты қарады. Ол қызметкер жаңа жыл қарсаңында жеке тұлғадан кәмпит, торт түрінде тәтті сыйлық және ішінде не бары белгісіз конверт алған. «Қызметкер сыйақыдан бас тартпаған, осылайша жеке тұлға тарапынан заңсыз әрекет жасауға жағдай тудырған», - дейді антикор мамандары.

Қылмыстық істі тергеу барысында әлгі қызметкердің бизнес өкілімен қызметтен тыс байланысы да байқалған. Яғни қызметкер мен кәсіпкер кездесіп, өзара қағазға жазып сөйлесіпті. «Бұл кәсіпкердің бизнес қызметін жандандыру үшін мүддесін қорғайтындай әрекет болуы мүмкін», - дейді тергеушілер.

Әрине, нақты дәлелдер болмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Алайда лауазымды тұлғаның іс-әрекетінде өзінің қызметтік жағдайын пайдалану белгілері байқалып тұр.

- Мекеме басшылығы тарапынан бағынысты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті деңгейде бақылаудың жоқтығы, әкімшілік ғимаратында келушілер мен қызметкерлердің еркін кездесуі, байланыса алуы, сондай-ақ келушілердің күмәнді заттармен өткізбеуге жауапты тұлғаның өз қызметін орындамауы жоғарыда көрсетілген фактілерді жасауға жол берген, - дейді Рустам Ақмырзаев.

Осылайша Бөрлі аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жеткіліксіз деп танылды. Келеңсіз жағдайда көзге түсіп, мемлекеттік қызметке кір келтірген қызметкерді жұмыстан босату, ал оның басшысын тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.

 

Батыс Қазақстан