Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында тұратын Әзбек Мұхитов рамазан айында қайырымдылық жасап, өзінің азық-түлік дүкеніне қарыздар болып жүрген ауылдастарының қарызын кешті.
Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылының тұрғыны Әзбек Мұхитов «Барыс» дүкенін 2011 жылы ашқан екен. Әуелі ет сататын дүкен кейін кеңейіп, азық-түлік тауарларын сататын сауда орнына айналған. Әрине ауылдық жерде тұрғындар бірін бірі таниды, тауарды қарызға беру, «жаздырып алу» - үйреншікті жағдай.
Әзбек әлеуметтік желіден шешен кәсіпкерлерінің ораза айында осындай қайырымдылық жасап жатқан ісін көріп, табан астында шешім қабылдапты. Сөйтіп ауыл дүкеніндегі қарыз тұрғындар туралы жазылған дәптердің парақтарын жыртып алып, жойып жібереді. Өзінің осы әрекетін бейнежазбаға түсіріп, ауылдастарының whatsapp тобында жариялаған.
- Бұл бейнежазба жұртқа тарап кетеді деп ойламаппын. Мақтанғандай болып қалдым ба деп ұялып отырмын, - дейді ауыл кәсіпкері.
Бейнежазбадан Әзбек Мұхитов ауылдастарының жалпы көлемі 63 685 теңге қарызын кешіргенін көреміз. Бірақ кәсіпкер «қай тұрғын қанша қарыз еді, жалпы саны қанша адам?» деген сауалдарымызға жауап бере алмады. Бар ниеті қасиетті айда жақсылық жасау болған Әзбек ондай ұсақ-түйекке мән бермесе керек. Әйтеуір «қарыз дәптердегі» жазбалар сонау 2017 жылдан бастап қағазға түскен екен.
Әзбектің осы жеке дүкенінен бөлек, 2-3 жыл бұрын мемлекеттен несие алып, өсіріп отырған азын-аулақ мал шаруашылығы бар. Ауыл дүкеніне бұрын азық-түлікті іргедегі Ресей қалаларынан алатын болса, карантин басталып, шекара жабылғалы 600 шақырым жердегі Орал қаласынан тасиды. Яғни шаруасы шалқып отырған кәсіпкер деуге келмейді. Бірақ жомарттық адамның байлығына қарамайды ғой. Қасиетті айда қайырымдылық көрсеткен Әзбектің осы әрекетіне риза болып, арнайы іздеп келіп те, телефон арқылы да алғыс айтып жатқан ауылдастары аз емес екен.
Батыс Қазақстан