21 мамыр күні таңда Батыс Қазақстан облысы аумағында коронавирус індетінің 352 оқиғасы 78 ошақта тіркелді. Ауырғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 53,6 адам болды. 20 мамырдаға індеттің өсім қарқыны - 3,8%-ды құрады.
Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтып берді.
Жалпы COVID-19 диагнозымен тіркелгендердің 261-і – Батыс Қазақстан облысының өз тұрғындары. 84 адам еліміздің басқа аймақтарынан, ал 7 адам шетелдік. Олардың көбі екарада анықталған. Яғни облыс бойынша сырқаттанғандардың 70,4%-ы, яғни 245 жағдай облыстың сыртынан әкелінген. Соның ішінде Ресей Федерациясынан – 176 адам, Атырау облысынан – 68 адам, Германиядан – 1 адам сырқаттанып келген. Атыраудан келгендердің дені, яғни 67 адам – ТШО компаниясының қызметкері.
- Ауырғандардың ішінде 105 адам індетті науқастармен қарым-қатынаста жұқтырып алған. Олардың 62-сі – медицина қызметкері, үшеуі – полиция қызметкері. Тағы 40 адам әуелі өз үйіне оқшаулануға жіберіліп, содан бақылауда болған 14 күн ішінде ауру белгісі анықталғандар. 78 ошақта – 999 қарым-қатынас анықталды, оның ішінде жақын байланыс – 528, әлеуетті байланыс – 471 адам болды. Олардың бәрі де дер кезінде оқшауланып, арнайы бақылауға алынды, - дейді Нұрлыбек Ермекұлы.
Күні бүгін облыста індеттен жазылғандар саны – 189 адамға жетті. Қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында – 163 адам ем алуда. Сондай-ақ карантиндік стационарда - 140, провизорлық стационарда - 7, үй оқшаулауында -1400 дәрігерлер бақылауында.
Бір алаңдатарлық жағдай, осы кезге дейін ауру ошағы – облыс орталығы және мемлекеттік шекара бекеті болатын. Соңғы күндері ауылдардан індет жұқтырған науқастар тіркеле бастағаны халықты алаңдатып отыр. Мәселен, жақында Сырым ауданының тұрғыны дене қызуының көтерілуіне байланысты аудандық ауруханаған екен. Дәрігерлер зертханалық сынама алған кезде COVID-19 диагнозы қойылып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген.
- Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Медициналық бақылауға алынған жандардың ішінен 2 адамнан ауру белгісі анықталды. Тексеру одан әрі жүргізілуде, - дейді Нұрлыбек Ермекұлы.
Батыс Қазақстан