• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 21 Мамыр, 2020

Сенаторлар саяси партияларды құру үшін тіркеуді жеңілдететін заң қабылдады (видео)

274 рет
көрсетілді

Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Ең алдымен, сенаторлар Президенттің ұсынуы негізінде және Конституцияға, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Бауыржан Тұрсынұлы Жұмағұлов пен Асқар Спартакұлы Смайыловты басқа қызметке тағайындалуына байланысты Жоғарғы Соттың судьясы қызметтерінен босатты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын және «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Сенат Төрағасы қабылданған заңдардың Қазақстанның қоғамдық-саяси жүйесін демократияландыру мен нығайту тұрғысынан маңыздылығын атап өтті.

«Президентіміздің ұсынысымен бүгін қабылданып отырған заңдар елдің саяси өмірінде ерекше маңызға ие. Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едәуір жеңілдетіліп отыр. Партияларды тіркеудің талаптық шегі төмендетілді. Қабылданған заңдар көп партиялық жүйені одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ, партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота белгіленді. Бұл әйел адамдардың және жастарға еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысу үшін қосымша мүмкіндік береді. Мұндай өзгертулерді демократиялық даму жолындағы нақты қадам деп қарастыруымыз керек. Олар саяси жүйемізді әрі қарай дамытуға үлес қосады деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волковтың айтуынша, бұл құжаттардың негізгі міндеті – саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету. Сондай-ақ, бір саяси партиядан Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу үшін тізімге енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызы көлемінде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастар үшін квота белгілеуді көздейді.

Сонымен қатар отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген заң жобасы Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар арсеналдарының, базалары мен қоймаларының жұмыс істеуінің қауіпсіздігін, оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдай туындауы мүмкін болғанда халықты қорғауды қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасымен еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне түзетулер енгізіледі. Соған сәйкес Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдарының, базалары мен қоймаларының аумағы жерді ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына жатқызылады. Қазақстан Республикасының Үкіметіне тыйым салынған аймақтар мен аудандардың тізбесін, сондай-ақ, оларды белгілеу ережесін бекіту құқығы, ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктеріне олардың шекаралары мен орналасқан жерін тиісті мемлекеттік органдармен келісу құқығы беріледі. Арсеналдарды, базалар мен қоймаларды тікелей пайдалануға беруге байланысты емес ғимараттар мен құрылыстарды салуға, шаруашылық және өзге де қызметті жүргізуге, тыйым салынған аймақ аумағында бақылау, фотосуретке түсіруге, аудио-және бейнежазбаға арналған құралдарды, жүйелерді қолдануға тыйым салынады.

«Қарастырылып отырған құжатты дайындауға бастамашы болған Парламент депутаттары жұмыс барысында оқ-дәрілерді сақтау арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды, аудандарды белгілеу мәселелерінде бірқатар кемшіліктер мен проблемалар бар екеніне көз жеткізді. Ондай олқылықтар, әсіресе, былтыр Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде анық байқалды», – деді Нұржан Нұрсипатов.

Сенатор арсеналдарға, базалар мен қоймаларға іргелес жатқан аумақтардағы тұрғындардың, ғимараттар мен құрылыс жайлардың қауіпсіздігінің толық шешілмеген мәселелеріне, оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестірудің төмен деңгейіне назар аударды. Сонымен қатар, оқ-дәрілерді сақтау қоймаларына жақын аймақтарда ғимараттар мен құрылыстарды заңсыз салу фактілері де бар екені айтылды.

Бұдан басқа, Палата депутаттары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялады. Құжат кедендік және салықтық төлемдерді төлеуден жалтарудың әртүрлі кестелерін пайдалануға жол бермеуге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттің аумағына тауарлар айналымының заңдылығын растауға, сондай-ақ тауарлар айналымына байланысты операцияларды бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған.