«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің жаңа кезеңге аяқ басқандығын көрсеткен құжат болды. Енді оны әлі де болса халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндірудің маңызы жоғары. Осы ретте біз Парламент Сенатының депутаты Ерболат МҰҚАЕВТАН Жолдаудың маңызын аша отырып, елімізге қатысты өзге де сұрақтарға жауап беруін өтінген едік.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің жаңа кезеңге аяқ басқандығын көрсеткен құжат болды. Енді оны әлі де болса халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндірудің маңызы жоғары. Осы ретте біз Парламент Сенатының депутаты Ерболат МҰҚАЕВТАН Жолдаудың маңызын аша отырып, елімізге қатысты өзге де сұрақтарға жауап беруін өтінген едік.
– Ерболат Рахметұлы, «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызы неде деп білесіз?
– Әлемдік қаржы дағдарысы көрсетіп бергендей, қазір көптеген елдерде оны еңсеру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Ал еліміз сол дағдарысқа алдын ала дайындалғандықтан, оның қиындықтарын айналып өтті десек болады. Әрине, оның салқыны тигені анық. Бірақ көптеген елдерге қарағанда, дағдарыс бізде қатты сезілген жоқ. Елдегі тұрақтылық және де халықтың тұрмыстық жағдайының жыл санап жақсаруы соның жарқын айғағы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ мерзімді стратегияны жария ете отырып, дамуымыздың онжылдықтарға арналған бағыт-бағдарын айқындап берді. Президенттің көптеген бастамалары уақыт өте келе өзінің өміршеңдігін дәлелдеген жоқ па, мұны да соның заңды жалғасы деп қарастырған жөн.
– «Қазақстан-2030» Стратегиясының көптеген міндеттері мерзімінен бұрын орындалды. Осы ретте міне деп көрсететін жетістіктеріміз қайсы?
– 21 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жеттік. Тіпті кеңестік дәуірде осыншама әлеуметтік нысандар салынған жоқ. 70 жыл ішінде бой көтермеген нысандар тәуелсіздіктің 21 жылында екі-үш еседей көп салынды. Қазір қай ауылға барсаң да керемет балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет үйі кездеседі. Мұнымен қоса, көптеген елді мекендер таза ауызсумен, көгілдір отынмен қамтамасыз етілуде. Елбасының ерекше айтып отырғаны әлі де өркениетті елдер қатарына қосылу үшін білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлуіміз керек.
– Алда тұрған міндеттердің ішінен сіз мынаны алдыңғы кезекте жүзеге асыру керек деп бөле-жарып айта аласыз ба?
– Адам баласы тұтынатын зат немесе киім бірнеше жылға жарайды, ал азық-түлік күнделікті сұраныста. Азық-түлікпен ең алдымен, қазақстандықтарды толық қамтамасыз ету жағын ойластырғанымыз жөн. Бала тууды арттыруымыз үшін мемлекет тарапынан көп қаржы бөліп, көпбалалы отбасыларды қолдауымыз қажет. Сонымен қоса, балаларымызды білікті мамандар етіп оқытып, тәрбиелеп шығару жағы жетіспей жатыр. Бір кездері кәсіптік-техникалық арнайы оқу орындарында екі-үш жыл оқыған балалар арнайы мамандық алып шығатын. Оларға арнайы стипендия төленетін. Ас-сумен, жатақханамен қамтамасыз етілетін. Солардың ішінен керемет жұмысшы кадрлар шықты. Қазіргі кезде екі қолға бір жұмыс тауып жүрген де негізінен солар.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында салынып жатқан көптеген өндіріс орындарына жұмысшы кадрлар жетіспейді. Осы мәселеге қатысты болашақта нендей зауыт, фабрикалар салынады, ең алдымен, осы жағын бағамдап алған жөн. Соған сәйкес мамандар даярлау қажет. Көптеген жоғары оқу орындарын ашқанымызбен жұмысшылар даярлау жағын ұмыт қалдырдық. Енді мәселенің осы жағын ойластыруымыз керек. Білім және ғылым министрлігі бірқатар шараларды жүзеге асырып жатыр, алайда бұл мәселеге жүйелі түрде кіріскен жөн.
– Өзіңіз де бір кездері еңбек жолын ұстаздық етуден бастаған ек енсіз. Қазіргі бала оқыту жағы қандай деңгейде дер едіңіз?
– Мен физика пәнінің мұғалімімін. Иә, өмір жолымды мұғалімдіктен бастадым. 1984 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, мектепке келгенмін. Қазір қарап отырсақ, мұғалімдердің 80 пайызы әйел адамдар. Ер адамдар неге мектептерге бармайды, өйткені, жалақысы аз. Мектептерде жас ер мұғалімдерді бір жарым немесе екі ставкамен қамтамасыз ету жағы ескеріле бермейді. Жас мұғалім түске дейін үш сағат, түстен кейін тағы осыншама уақыт сабақ беруге шамасы жетеді. Сонда оның жалақысы 100 мың теңгедей болар еді. Міне, осындай амалдармен ер мұғалімдерді мектептерде ұстап қалуға болар еді. Жуырда электрик болып жүрген бір жігіттен мамандығын сұрадым. Сөйтсем, ол жоғары оқу орнын бітірген мұғалім, мамандығы физик екен. Бұрын мұғалім болған ол қазір жеке компанияда электрик екен, жалақыны мұғалімнен екі есе көп алатын көрінеді. Олай болса, бізге де мұғалім беделі мен жалақысын көтеру жағын ойластыруымыз қажет.
– Еліміз Ресей және Беларусьпен тығыз интеграцияға бет бұрды. Арты қалай болар екен, деген сұрақ қазір көпшіліктің көкейінде жүргені анық. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?
– Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік о баста Елбасының бастамасымен жүзеге асқаны баршаға мәлім. Елбасының «Біздер өз-өзімізді толық қамтамасыз ету үшін халқымыздың саны 25 миллиондай болуы керек», дегені бар-ды. Халықтың саны неғұрлым көп болса, өндірілген өнім соғұрлым өтімді. Бәсекеге қабілетті болуымыз үшін ішкі сұранысты арттыру да халық санымен тығыз байланысты. Олай болса, Қазақстан, Ресей және Беларусь болып бірігіп, әлемдік бәсекеде өз орнымызды табуға талпынуымыз өте орынды.
Екіншіден, көпшіліктің көңіліндегі түйткілдің негізсіз екеніне Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басымдықтардан көз жеткізесіз. Кеден одағының артықшылықтары жаңа ұзақ мерзімді бағдарламалық құжатта тайға таңба басқандай етіліп, жан-жақты айтылған.
– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде Астана қаласының таңдап алынуы еліміз үшін аса маңызды оқиға болды. Елбасының сөзімен айтқанда, ЕҚЫҰ Саммитін өткізуден де салмақты жеңісіміз болып шықты. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
– Мұндай шешімнің қабылдануын, әрине, әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанды танып, мойындағаны деп түсінгеніміз жөн. Елімізге шамамен 5 миллион адамның келуімен қоса, солардың ақшалары, мәдениеті мен жаңа технологиялары да ере келеді деп қабылдағанымыз абзал. Біз оған жан-жақты әрі тиянақты дайындаламыз деп ойлаймын. Индустриялық-инновациялық бағдарламалар аясында да көптеген шаруалар атқарылуы тиіс. Өйткені, Астана төрінде көптеген павильондар, қонақ үйлер салынып, жолдар жөнделеді және де жаңа инфрақұрылымдар іске қосылады. Міне, мұның барлығы еліміздің ертеңін еңселендіре түсуге үлес болып қосылатын дүниелер. Және бұл әлеуетімізді арттыруға септігін тигізетін болады. Өйткені, әлеуетті арттыру басты бағытымыз болғанда ғана еліміз діттеген мақсатына жете алады.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».