Біз штаб жетекшісі әрі Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Амалбек Өміртаймен сұхбаттасып, өңірдегі волонтерлер жұмысы туралы сұраған едік.
– Төтенше жағдайға байланысты волонтерлік штаб құрылыпты. Оның бүгінгі нәтижесімен бөліссеңіз.
– Мамырдың басында Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Жамбыл ауылдық округі №36 жалпы орта мектебі базасында Түркістан облысы әкімдігі және Nur Otan партиясының қолдауымен жастар мен волонтерлердің бастамасымен «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы құрылған. Басым көпшілігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының жастарынан құралған волонтерлер «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», зардап шеккендерге жан-жақты жәрдем беруде.
Еріктілер штабының негізгі мақсаты – техногендік апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру, қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі жүзеге асыру мен волонтерліктің жоғары мәдениетін сақтай отырып, көмекке мұқтаждардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Штаб жұмысын нақты көрсеткіштер арқылы сипаттап берсеңіз.
– Республикамыздың барлық өңірінен, сондай-ақ Түркістан облысының аудан, қалаларынан және «Шымкент волонтерлер қауымдастығы», басқа да жастардың бастамаларымен ұйымдастырылған гуманитарлық-материалдық көмек керуендері әлі де Мақтаарал ауданына толассыз келіп жатыр.
Осы күнге дейін «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлер штабы 170-ке жуық отбасына және 1500-ге жуық тұрғынға әлеуметтік көмек пен жекелеген сұраныстар бойынша көмек көрсетті.
Штаб алдағы уақытта Мақтаарал ауданындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына жазғы оқу-жаттығу лагерін ұйымдастыру жұмыстарын қолға алмақ. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар, жасөспірімдер мен балалардың қорқынышын сейілтетін арнайы тренингтер мен ойындар өткізуде.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»