Көкшетаудағы «Енки» кірпіш зауыты қуаттылығын 50 процентке арттырмақ. Осыған дейін қаптырмалы қыш кірпіш өндірісін мықтап жолға қойған кәсіпорын бүгінде қарапайым кірпіш шығаратын жаңа зауыттың құрылысын бастап кетті.
Жаңа зауыт жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Алайда, бұл жоспардың іске асуына қаржылай кедергілер де жоқ емес. «Енки» кірпіш зауыты Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы іргелі зауыттардың бірінен саналады. Кәсіпорын жылына 60 миллион кірпіш өндіреді. Әрі жыл өткен сайын сатылым аумағын кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін көбейтіп келеді. Нарықтағы сұранысқа орай кәсіпорын биыл қарапайым кірпіш шығаратын жаңа зауыттың құрылысын бастап кетті.
–Былтыр қуаттылығы жылына 30 миллион кірпіш болатын жаңа зауыттың құрылысын жоспарлаған болатынбыз. Бүгінде бұл жұмыс басталып кетті. Жоспар бойынша жылдың аяғында іске қосылуы тиіс. Бірақ, қаржылай қиындықтарға тап болып отырмыз. Сондықтан, құрылыстың нақты қашан аяқталатынын дөп басып айта алмаймыз,- дейді зауыттың бас инженері Марат Кесекпаев.
Қазірде зауыттың сыртқы қаңқасы дайын. Қаржылай қиындыққа байланысты құрылыс қарқыны сәл бәсеңдеген. Жалпы, Көкшетаудың қамтама кірпіші Қазақстанның барлық өңірлерінде үлкен сұранысқа ие. Енді қарапайым кірпіш өндірісі іске қосылса, зауыттың қуаттылығы 50 процентке арта түседі. Қазірде жаңа зауытқа қажет қондырғыларға тапсырыс берілген. Олардың біразы жеткізілді.
–Жаңа зауытта кірпіштің бірнеше түрі шығарылады. Шамамен, 75-80 жаңа жұмыс орны ашылады,–дейді өндіріс цехының бастығы Ерлан Шәкенов.
Отандық өндіріс өсіп-өркендесе, еліміз импортқа деген тәуелділіктен арылады. Сондықтан өңірдегі зауыт нарықтағы сұранысты толық қанағаттандыруды ойлайды. Қарапайым кірпіш өндірісін жолға қою сол мақсаттан туындап отыр.