• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2020

Қостанайлық кәсіпкер 83 млн теңге қазына қаржысын жымқырмақ болған

205 рет
көрсетілді

2019 жылы Рудный қаласындағы жаңа шағын ауданға құны 106,2 млн теңге тұратын жылу қазандығын салу үшін мемлекеттік тапсырыс ұтып алған «ТеплоЭнергоСтрой» серіктестігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің қырағы назарына ілікті.

Серіктестік қазынадан бөлінген қомақты қаржыға «Боран Бойлер» компаниясынан блокты-модульді жылу құрылғысын сатып алып, оны жаңа салынып жатқан шағын ауданға әкеліп, орнатуы тиіс  екен. Алайда     «ТеплоЭнергоСтрой» басшысы Б. Шектібаев жобалық-сметалық құжатты айналып өтіп, «Боран Бойлерді» монтаж жұмыстары аяқталған соң, нысанды өткізетін кезде орнатамыз деген желеумен, қымбат тұратын блокты-модульді жылу құрылғысының орнына қарапайым стационарлық жылу құрылғысын қоюды ұйғарады.

2019 жылдың қараша айынан бастап бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі араласа бастаған. Нәтижесінде, жылу қазандығының құрылысына қажет құрылғының жеткізілмегені және мердігердің мойнына жүктелген жұмыс ауқымының толық орындалмағаны әшкереленіп, мемлекетке 83 млн 698 400 теңге зиян келгені анықталады.  Кәсіпкер алғашқыда қазына қаржысын жымқыру туралы ой үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтып ақталған. Бірақ кейінірек өз әрекетінің заңға қайшы екенін түсінген ол  мемлекеттік сатып алу келісімшартының талаптарын толық орындап, қымбат құрылғыны сатып әкеліп орнатқан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің араласуымен мердігер мемлекетке келтірген зиянның орнын толтырды. Осылайша, облыстық бюджеттен жымқырылмақ болған 83 млн теңгеден астам қаржы өз орнына қайтып келді. Біздің басты міндетіміз – құқық бұзғандардың бәрін темір тордың ар жағына тоғыта беру емес. Басты мақсат - азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғай отырып, қылмыстың алдын алу. Бұл жолы мемлекет пен азаматтың, атап айтқанда кәсіпкердің арасында сапалы әрі түсінікті әңгіме өрбіп, мемлекет қаржысының қымқырылуына жол берілген жоқ, - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.

 

 

Қостанай облысы