• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2020

Алдымен ақсақалдарға сәлем берді

653 рет
көрсетілді

Ғани Нығыметовтың Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Қазір ол халықпен, елмен, жермен танысу үстінде. Алдымен облыстың ең шалғай аудандары - Ақжар мен Уәлиханов аудандарына барып қайтты. Алғашқы сапарын Алаштың арда перзенттерінің бірі Смағұл Сәдуақасовтың туған жерінен бастағанына солтүстікқазақстандықтардың іші жылып қалды.

Ал бүгін ол облыстың ардагерлер ұйының өкілдерімен кездесті. Алдымен ақсақалдарға сәлем бергені де жас басшының көргенділігін көрсетті. Облыстық ардагерлер алқасының төрағасы Ескендір Елеусізов ақсақал Ғ.Нығыметовке өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы әңгімелеп берді.  Соның ішінде кейбір мәселелердің де бар екендігі айтылды. Ал жергілікті өлкетанушы, ғалым Зарқын Тайшыбай Рухани жаңғыру бағдарламасының орындалу барысын, осы тарапта атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен толғады. Облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің басшысы, белгілі қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов аномастикалық мәселелер бойынша өзінің ойын ортаға салды. Соның ішінде Петропавлдың қазақша атауының қайтарылуы туралы да әңгіме қозғады.

Облыстағы белгілі ақсақалдар, бұрын басшылық қызметтерде болған Құдайберген Қалиев пен Амангелді Балмұқанов және басқалар елдің тарихына тереңірек бойлап, осы өңірден шыққан атақты тұлғалар туралы айтты. Соның ішінде Махтай Сағдиевке, Кәкімбек Салықовқа және т.б басқаларына көше атының берілмегендігіне өкініш айтылды. Отырыста облыстық ономастика, мәслихат жаппай қолдаса да әйгілі жерлесіміз Сәбит Мұқановтың атына аудан атының әлі күнге берілмей тұрғандығына қынжылыс білдірілді.

Ғани Нығыметов аталған мәселелердің бәрін ыждаһатпен тыңдап, шешуге болатындарын дереу қолға алатындығына уәде берді.