• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Мамыр, 2020

Бір көшеде екі жердегі жаяуларды екі машина соқты

233 рет
көрсетілді

Кеше Петропавлдың Чайковский көшесінен Астана даңғылына қарай бұрылған кезде «Daimler» көлігі жаяу жүргіншіге бағдаршам талабына сәйкес жол бермей, соғып кеткен. Алғашқыда талып қалған қаланың 23 жастағы тұрғыны ауруханаға жеткізілген соң есін жинап, медициналық тексерістен өткен соң үйіне жіберілді.

Жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушіге қатысты ЖКО фактісі бойынша ӘҚтК 600-бабы бойынша хаттама толтырылды. Жол тәртібін бұзғандығы дәлелденсе оны кем дегенде жүргізушілік куәлігінен айрылу жазасы күтіп тұр.

Дәл осы күні, сол Чайковский көшесінен Жамбыл даңғылына бұрылған «Тойота» автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның рұқсат берілген жарығында өтіп бара жатқан екі әйел мен үш жастағы қызды соққан. Зардап шегушілер медициналық мекемелерге жеткізіліп, көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша әкімшілік полиция ЖКО фактісі туралы жинақталған материалдарды сотқа жолдайды. 30 жастағы жүргізуші  сәуір айында ғана жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін алты айға көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Соған қарамай рөлге отырған.

Осы оқиғаларды кездейсоқтық деп айта алмайсың. Петропавл шағын қала, оны сағатына 50 шақырымдық жылдамдықпен-ақ бір сағатта екі айналып шығуға болады. Көлік кептелісі де жоқ. Бірақ соған қарамай көліктерін барынша жылдам жүргізуге, тіпті жарыса кетуге дайын жүретін жүргізушілер өте көп. Алдында жүз метрдей ғана ашық алаң пайда болса сол қашықтықтықты 100 шақырымдық жылдамдықпен алғысы келуге тырысатындар бар. Осының өзінен көптеген жүргізушілердің мәдениеті төмендігі, қала тәртібін мойындағысы келмейтіндігі көрініп тұр. Жазалау қатты болған сайын құтыратындар да бар сияқты. Жоғарыдағы жүргізуші тіпті куәлігі болмаса да рөлге отыра берген. Мұндайлардың куәлігін ғана емес, көлігін де алып қою керек шығар.