Бүгін Жезқазған қаласында 13 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық негізде расталды, деп хабарлады Жезқазған аймағы бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова.
Сондай-ақ ол COVID-19 індетінің таралуына кімнің себепкер болғанын мәлім етті.
– Теміртау қаласының тұрғыны Жезқазғанға қыдырып келіп, туыстарының ауызашар рәсіміне қатысқан. Кейін сол жерде болған 13 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың арасында үш бала бар, – деді Ләззат Ранова.
Қазіргі уақытта пациенттер Сәтбаев қаласындағы инфекциялық бөлімшеге оқшауландырылған. Олардың тұрғылықты жері бойынша төрт подъезд карантинге жабылды.