• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2020

Жолдыбайдағы жол жөнделмей тұр

161 рет
көрсетілді

Биыл облыстағы жолдарды жөндеу жұмыстарына 39 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Өңірде 700 шақырым жол жөнделуде. Жалпы көлемі 7 мың шақырымнан асады. Жол құрылысына қыруар қаржы бөлінгенімен,  шағын ауылдардың қатынасы қиындап келеді. Бөлінген қаржының дені облыстық маңыздағы жолдарға жұмсалуда. 

Ірі өндірістік нысаны жоқ немесе халық саны 15 мыңға жетпейтін елді мекендердің кезегі келер емес. Ал, жыл озған сайын мұндай ауылдардың құты қашып, халқы қоныс аударып жатыр. Көкшетаудан 60 шақырым жердегі Жолдыбай ауылының жолы мың шұңқыр. 

Жол жайсыз болған соң тіршіліктің де қыбы келіспейтіні белгілі. Осы маңайдағы Баратай, Ақан, Бұлақ тұрғындары грейдерден гөрі қыр аралаған қара жолмен жүргенді жөн көреді. Жүріс жылдам, көліктің де сынуы аз. Алайда, көктемгі ағын су екі жолды да шайып, Жолдыбайды байланыссыз қалдырыпты.

–«Нұрлы көш-Симферополь-Жолдыбай» бағытындағы жол облыстық маңызы бар бағыттың бірі. Биыл жолды жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжатқа тапсырыс берілмек. 2021 жылы Жолдыбайға жаңа жол салынады деп жоспарлап отырмыз,–дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жетекшісінің орынбасары Владимир Кулаков.

Жолдыбай жолы болған ауылдар қатарынан табылды. Бүгінде облыстық маңызы бар жолдың 78 проценті жөнделген. Ал, өңірдегі ауыл жолдары 2187 шақырым. Оның тең жарымы қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жол санатында.

 

Ақмола облысы.